Абзал Құспан: 1,2 млн жас жігіттің 3 пайызы ғана армияға шақыртылып жүр

АСТАНА. KAZINFORM – Депутат Абзал Құспан Мәжіліс отырысынан кейін Қорғаныс министрлігінің жеке оқу орындары жанынан әскери кафедралар ашу ұсынысын қабылдамай отырғаны туралы пікір білдірді.

Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

Әскери-патриоттық тәрбиені күшейтуге арналған заң жобасын талқылау кезінде министрдің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев ЖОО жанындағы әскери кафедралардың санын кеңейтуге қажеттілік жоқ екенін айтқан

Депутат Абзал Құспан бұл бастаманы заңға енгізу үшін әлі де әрекет ететінін айтады. Өйткені аталған құжат Мәжіліс депутаттарының бастамасы бойынша әзірленіп жатыр.

«Бәріміз геосаяси жағдайды көріп отырмыз. Біз қаласақ та, қаламасақ та соғыс іргемізге келіп тұр. Ал енді сандарға назар аударыңыз. Армияға жыл сайын шақырылатын орын — 40 мың адам. 2024 жылы біздегі әскерге жарамды 18 бен 27 жас арасындағы ер азаматтардың саны — 1 млн 221 мың адам. Келесі жылы одан да көбейеді. Әр жыл сайын адам саны толығып келе жатқанын білесіздер. Сонда әскерге жарамды ер азаматтардың 3 пайызына жетпейтін бөлігі ғана армияға шақырылады екен. 97 проценті армияның тәртібінен де хабары жоқ, қару ұстауды да білмейді. Әрбірден соң психологиялық тұрғыда да дайын емес. Күндердің күнінде елдің басына күн туа қалған жағдайда олар „оққа жем болады“, — дейді Абзал Құспан.

Депутат Қорғаныс министрлігі қарсы болды екен деп норманы енгізуден бас тартпайтынын айтады.

«Жарайды, 40 мыңнан астам адамды әскер қатарында ұстаса бюджетке салмақ түседі екен дейік, онда неге жеке оқу орындарына әскери кафедралар ашуға кедергі келтіріп отырмыз? Ол жерде әрбір оқу орны кафедраны өзінің есебінен ашады. Қорғаныс министрлігі методикасын бекіттіріп, оқудың қалай жүріп жатқанын қадағалап отырса болды. Емтиханды да Қорғаныс министрлігіндегілер алады», — дейді депутат.

«Министрдің орынбасары қажет емес деді. Мен қажет деп отырмын. Заң бастамасы біздің қолымызда ғой. Сондықтан өз басым мұны әлі көтерем», — деді ол.