Абзал Құспан: Адвокатура институты – адам құқықтарын қорғаудың тікелей тетігі
АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан Конституция жобасындағы басты жаңалықтардың бірі – адвокатура институтының Ата Заңда бекітілуі екенін атап өтті.
Депутаттың айтуынша, Конституция еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әр азаматтың өміріне әсер ететін аса маңызды саяси-құқықтық құжат.
Осы тұрғыдан алғанда адвокатура институтын Конституцияға енгізу оның преамбуласында көрсетілген Әділетті Қазақстан, Заң мен тәртіп қағидаттарымен және халықаралық деңгейде мойындалған Миранда құқығымен тікелей байланысты.
- Егер бұл қағидаттар Конституцияда бекітіліп, ал адвокатураға қатысты мәселе шешімін таппағанда, олар декларация деңгейінде қалып қояр еді.
Себебі адвокатура институты адам құқықтарын нақты өмірде іске асыратын тікелей механизм болып табылады, – деді Абзал Құспан.
Осыған дейін Конституция жобасына қатысты Абай атындағы ҚазҰПУ әлеуметтік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы Жомарт Сімтіковтің пікірін берген едік.