«Аманат» комиссиясы 2022 жылдың 22 қаңтардан бастап, жыл соңына дейін өз қызметін атқарып келді. Комиссия құрамы негізінен адвокаттар мен құқық қорғаушылардан тұрды. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдардан өкілдер кірді. Тергеу изоляторларына кіруді, қылмыстық іс құжаттарымен танысуды жергілікті прокуратура органдары қамтамасыз етті. Біз қаңтар оқиғасына қатысушыларды шартты түрде 3 топқа бөліп қарастырдық. Біріншісі – ұйымдастырушылар. Екіншісі – арандатушылар. Үшіншісі – арандап қалғандар. Яғни, әу баста бейбіт митингі деп шығып, ұйымдастырушылар мен арандатушылардың айтағына еріп, әртүрлі сипаттағы құқық бұзушылық жасағандар. Негізгі адамдар санын осы үшінші топ құрады және біздің комиссия осы топпен мақсатты түрде жұмыс жасадық. Осы бір жылдың ішінде өз басым және комиссия мүшелері басқа шаруаларға мойын бұрмастан тек қана қаңтар мәселесімен айналыстық», - деді танымал адвокат.
Оның атап өтуінше, комиссия алғашқы жұмысын 24 қаңтар күні Алматы қаласында тергеу изоляторына кіріп, қамалғандардың жағдайымен жеке танысудан, іске қатысты мәліметтерді өз ауыздарынан естіп, олардың туыстарымен, адвокаттарымен, сонымен қатар елге белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесіп, қалалық прокуратура арқылы қылмыстық іспен танысудан бастаған.
«Нәтижесінде комиссия бірінші күні-ақ ондаған адамды қамаудан босатуға ықпал етті. Олар негізінен Қаңтар оқиғасы кезінде алаңда жарақат алған азаматтар болатын. Ол жұмыс кейін Тараз, Талдықорған, Шымкент, Семей қалаларында жалғасын тауып, қылмыстық істер бойынша қамауға алынған 1600-дей адамның 600-ге жуығының бас шарасын өзгертуге тікелей ықпал еттік. Ол жағдай қоғам тарапынан оң бағасын алып, әділдікке, әділ тергеуге деген елдің сенімін оятты деуге толық негіз бар», - деді Абзал Құспан.
Фото: AP Photo/Vladimir Tretyakov