АСТАНА. ҚазАқпарат – Бокстан 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық Абзал Серік күміс жүлдегер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрлықтық додада Абзал Серік (67 келі) Бехзод Хамидовпен шаршы алаңға шықты. Алғашқы екі раундта қарсыластар тартысты жекпе-жек өткізді. Төрешілер өзбекстандық боксшының басымдығын көрсетті. Нәтижесінде Абзал Серік қарсыласына есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтты.
Еске салсақ, бүгін құрлықтық додада Санжар Тәшкенбай (48 келі) мен Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі) жеңімпаз тұғырына көтерілді.
Сондай-ақ, Махмуд Сабыржан (57 келі) таиландтық Саравут Суктхеттың осал тұсын тапты.
Енді ел құрамасынан Сабыржан Аққалыков (71 келі) өзбекстандық Нурислом Исмоиловпен, Диас Молжігітов (75 келі) тағы бір өзбекстандық Алохон Абдуллаевпен шеберлік байқасады.
Фото: instagram.com/abzal_asg
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.