ӘЧ-2014: Клозенiң тарихи голы Германияны жеңiлiстен аман сақтады - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилияда футболдан әлем чемпионатында Германия құрамасы сенсациялық жағдайда Гана футболшыларынан жеңiлiс таба жаздады.

Ойын 2:2 есебiмен аяқталды. Бұның өзi күтпеген нәтиже екендiгiн айта кетейiк. Немiс машинасы бұл кездесудiң айқын фаворитi болатын.

Алайда бiрiншi таймда германиялықтардың ойынында ешқандай жүйелiлiк байқалмады. Ол кезеңде есеп ашылмады. Екiншi таймда ойынның 51-минутында Гетце гол салып, немiс командасы алға шықты. Дегенмен ганалықтар 53-минутында Айюдың арқасында есептi теңестiре алды. Ал 64-минутта Джиан африкалықтарды тiптi алға шығарды.

Қатты сасқан Германия құрамасының бас бапкерi Йоахим Лев алаңға ардагер ойыншылар - Мирослав Клозе мен Бастиан Швайнштайгердi шығарды және қателескен жоқ. Алаңға ендi шыққан Мирослав Клозе бұрыштама добы кезiнде қарсыластар қақпасына допты тоғытып кеттi. Бұл голы арқылы Клозе өзiнiң мансабында мундиальдарда соққан жалпы голдар санын 15-ке жеткiздi және рекорд иесi бразилиялық Роналдоға жетiп алды.

Ал ойындағы қорытынды есеп - 2:2.