ӘЧ-2014: Көріпкел қоян мен түйе Англия-Уругвай матчының жеңімпазын болжап берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Бразилияда футболдан өтіп жатқан әлем біріншілігінде Англия мен Уругвай құрама командалары Сан-Паулудағы 'Арене Коринтиансте' ойнайды. Ол Астана уақыты бойынша сағат 01.00-де басталады.

Көріпкел қоян Англия құрамасы мен Уругувай командасының арасындағы матчта кімнің жеңіске жететінін болжап берді. "19 маусымдағы Уругвай-Англия арасындағы ойында Англияға бәсімді тігемін", - деп хабарланған көріпкел қоянның Твиттерінде. Айта кетейік, бразилиялық мундиаль басталғаннан бері бұл қоян Бразилия - Хорватия, Голландия - Испания, Италия - Англия, Франция - Гондурас және Испания - Чили матчтарындағы жеңімпазды дәл болжап берген еді. ӘЧ-2014 матчтарының нәтижелерінің тағы бір көріпкелі Шахин атты түйе де бұл ойында Англия құрамасының жеңіске жететінін болжап отыр. Осы уақытқа дейін Шахин алты болжам жасаған болатын. Түйе соның екеуінде ғана жаңылысты, дәлірек айтқанда, Португалия Германияны және Бразилия Мексиканы жеңеді деп қателесті. Бүгінгі болжам - оның жетінші рет бағын сынап көруі, деп хабарлайды Vesti.kz.