ӘЧ-2014: Неймардың қос голы пентакампеондарды плей-оффқа шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгiн футболдан әлем чемпионатының үшiншi турында Бразилия Камерун құрамасын 4:1 есебiмен ойсырата жеңдi.

Алғашқы голды бразилиялық шабуылшы Неймар ойынның 17-минутында салды. Дегенмен камерундықтар да қарап қалған жоқ, 26-минутта Джоэль Матип есептi теңестiрдi.

Матчтың 34-минутында пентакампеондардың жұлдызы Неймар дубль авторы атанып, бұндай есепке келiспейтiндiгiн танытты. Екiншi таймда Фред бұл есептi еселей түстi. Ал ойынның соңғы минуттарында Фернандиньо 4-голдың авторы атанды.

Осы жеңiсiнен кейiн бразилиялықтар А тобында 7 ұпай еншiлеп, бiрiншi орынмен плей-оффқа шықты. Хорваттарды тiзе бүктiрген Мексика құрамасы да 7 ұпаймен финалдық бәсекелерге жолдама алды. Ұпайдан кемшiн түскен Хорватия мен Камерун үйлерiне қайтатын болды.