ӘЧ-2018: Бразилия құрамасы енген топта Сербия көш бастады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионатында Е тобының алғашқы тур ойындарын Коста Рика және Сербия құрамалары бастап берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күштері шамалас болғандықтан, тең күрес болатыны о бастан белгілі еді. Сәйкесінше, гол соғу да оңай болған жоқ. Жанкүйерлер осы ойында гол көруі үшін 56-минутқа дейін күтуге мәжбүр болды. Коста Рика сапында Давид Гусман айып алаңының сыртында ереже бұзды. Александр Коларов айып добынан керемет гол соғып, Сербияны алға бастады.

Жіберілген голдан соң Оскар Рамирес шәкірттері шабуылға бар күшін салды. Ойын сапасын арттыру үшін Рамирес ойыншыларды алмастыра бастады. Алдымен Йохан Венегастың орнына Кристиан Боланьосты, артынша Маркос Уреньяның орнына Хоэль Кемпбеллді шығарды. Бұл өзгерістер нәтиже бере қоймады. Давид Гусманның орнына Даниэль Колиндресті шығарды. Бірақ есептегі өзгерістің ауылы алыс еді.

Сербиялықтар ойынды бақылауда ұстап, шабуылға ара-тұра ұмтылып отырды. 87-минутта Александр Митрович өте қолайлы сәтке ие болды. Бірақ қақпаға пәрменді соққы бағыттауына қорғаушылар кедергі жасап үлгерді.

Төреші ойынның негізгі уақытына 5 минут қосып берді. Бірақ енді гол соғылуына бұл жеткіліксіз болды. Сербия 1:0 есебімен жеңіске жетіп, Е тобында үш ұпаймен көш бастады.

Еске сала кетейік, топтағы екінші ойында Бразилия мен Швейцария өзара мықтыны анықтайды.