ӘЧ-2018: Египет-Уругвай матчы тағдырын жалғыз доп шешті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем біріншілігіндегі екінші ойын Египет және Уругвай құрамалары арасында өтті. Бұл ойында Уругвай Египеттен 1:0 есебімен басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі құрама да дүбірлі додаға бостан бос келген жоқ. Уругвай әлем біріншілігі финалдық кезеңінің тұрақты қатысушы екені белгілі. Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері 1930 және 1950 жылдарда әлем чемпионы атағын жеңіп алған. 1974-2006 жылдар аралығында өткен 9 әлем біріншілігінің бесеуінде Уругвай финалдық кезеңнен тыс қалды. 1986, 1990 жылдарда финалдық кезеңнің топтық сайысынан өткен еді. Дегенмен олар жарыстың 1/8 сатысынан аса алған жоқ. 2010 жылы аталмыш құрама өздерін жақсы қырынан көрсетіп, сол уақытта топтық кезеңде француз, мексикалық және оңтүстікафрикалық құрамалармен шеберлік байқасты. Жарыстың келесі сатыларында Оңтүстік Корея және Гана құрамаларын артта қалдырды. Бұл жылы құрама төртінші орыннан көрінді. 2014 жылы ол жетістігін қайталай алған жоқ. Уругвай құрама сапында бүгінде есімі елге мәлім Луис Суарес, Эдинсон Кавани сынды жұлдыздар бар.

Қазір Египет те осал құрама емес. Олардың сапында Мохамед Салах есімді жұлдыз өнер көрсетеді. Бұл құрама әлем біріншілігіне қатысу жөнінен мақтана алмайды. Африка құрлығының өкілдері мундиальда биылғы көрсеткішімен қоса есептегенде бар-жоғы үшінші мәрте бақ сынап отыр.

Қос құрама бұған дейін 2006 жылдың 16 тамызында кездескен. Ол ойында Уругвай 2:0 есебімен басым түскен еді. Ресейдің Екатеринбург қаласындағы «Екатеринбург Арена» стадионында өткен кездесуде алғашқы минуттан урувайлық Луис Суарес пен Эдисон Кавани жасыл алаңға шықты. Ал Египет жұлдызы Мохамед Салах ойынға қатысатын футболшылар тізіміне енгізілген жоқ. Кездесу барысында Уругвай құрамасы бірнеше мәрте қарсыластар қақпасына қауіп төндірді. Дегенмен оларға сәттілік жетіспей жатқаны байқалды. Ойынның бірінші кезеңінде тең нәтиже тіркелді.  

Екінші кезеңде де қос құрама алма-кезек шабуылға шықты. Уругвай сапынан Луис Суарес пен Эдинсон Кавани бірнеше сәтте мүлт кетті. Ойынның 80-минуттарында Египет те Оңтүстік Америкадан келген қарсыласының қақпа маңында гол соғатын мүмкіндіктерін пайдалана алған жоқ.

Кездесу тағдырын шешкен жалғыз доп 89-минутта соғылды. Оң қанаттан әуелете соғылған допты Хосе Мария Хименес баспен Египет қақпасына бағыттап, өз құрамасын алға шығарды.

А тобында кеше, 13 маусымда Ресей мен Сауд Арабиясы кездесіп, алаң иелері 5:0 есебімен басым түскен еді. Бұл топта 19 маусымда Ресей мен Египет, 20 маусымда Уругвай мен Сауд Арабиясы ойнайды. Бүгін, В тобында қос ойын өткізіледі. Астана уақытымен Иран-Марокко 21.00-де жасыл алаңға шықса, 00.00-де Испания-Португадия құрамалары мықтыны анықтайды.