ӘЧ-2018: Германия құрамасына сын сағаты туып тұр
Әлемнің үздік құрамасының бірі - Германия доп додасын сәтсіз бастағаны белгілі. Алғашқы турда Мексикадан 0:1 есебімен жеңіліп, дүние жүзіндегі жанкүйер қауымның таңданысын туғызды. Одан кейін Швецияны әрең жеңді. Жеңіс голы соңғы минутта соғылды. Бұл Германия құрамасының шын әлеуеті ме? Бүгінге дейін олардың мұндай сүреңсіз ойынын көрген жоқ едік. Олар жарысты жалғастыра ала ма? Ол да әлі белгісіз. Соңғы турда Швеция Мексиканы жеңсе, Германия Оңтүстік Кореямен тең ойнап немесе жеңілсе немістер ертерек еліне қайтатын құрамалар қатарын толықтырады. Бүгінге дейінгі әлем біріншілігі барысында олардың тарапынан мұндай жағдай тіркеле қойған жоқ секілді.
Оңтүстік Корея алғашқы екі турда ешқандай ұпай алған жоқ. Швециядан 0:1, Мексикадан 1:2 есебімен жеңілді. Дегенмен олар әлі де жарысты жалғастырудан үміт үзген жоқ. Соңғы турда Германияны жеңсе, Швеция Мексикамен ойында жеңілсе, топтағы екінші орынға қол жеткізуі әбден мүмкін. Өз жанкүйерлерін соңғы турда қуантуға тырыса ма? Оны ойын барысында анықтайтын боламыз. Оңтүстік Кореяның шабуылшысы Сон Хын Мин Германиямен кездесуде жеңіске жету оңай түспейтінін айтады. Дегенмен олардың атағынан үрікпей, жасыл алаң төрінде тартысты бәсеке боларына үміт артатынын жеткізді. Сондай-ақ, оның бұл пікірін Оңтүстік Кореяның бас бапкері Син Тхэ Ен де қуаттай түсті. «Рас, Германия - бізден мықты құрама. Оны мойындаймыз. Дегенмен доп домалақ емес пе? Жанкүйерді қуантуға тырысамыз», - деді ол.
Корейлер бұған дейін Германияны бір мәрте тізе бүктірген. Бұл - 2004 жылдың 19 желтоқсанында болған оқиға. Сол күні қос құрама жолдастық кездесу өткізді. Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында болған кездесуде алаң иелері 3:1 есебімен басым түскен еді. Ал қалған екі ойын әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде өткізілді. Осыдан туп-тура 24 жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 1994 жылдың 27 маусымында АҚШ-тың Даллас қаласында әлем біріншілігінің топтық кезеңінде қос құрама кездесті. Онда Германия 3:2 есебімен жеңді. Одан кейін қос құрама 2002 жылы 25 маусымда кездесті. Бұл - әлем біріншілігі финалдық кезеңіндегі жартылай финал ойыны еді. Сол жылы өз елінде өткен додада әлем жұртшылығын таңғалдырып, жартылай финалға дейін жеткен еді. Аталмыш кездесуде немістер 1:0 есебімен жеңді.
Бұл ойын Ресейдің Қазан қаласында болады. Оған АҚШ төрешісі Марк Гейгер қазылық өтеді. Ойын 20.00-де басталады. Кездесу «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі. Осы топта Екатеринбург қаласында Мексика мен Швеция («Qazsport».20.00) құрамалары кездеседі. Сондай-ақ, E тобында Сербия мен Бразилия («Qazaqstan». 00.00), Швейцария мен Коста-Рика («Qazsport».00.00) құрамалары кездеседі.