Филадельфияда өткен кездесу француздардың 3:0 есебімен жеңісімен аяқталды.
Есеп 14-минутта ашылды. Килиан Мбаппе айып алаңының алдында допты қабылдап, сол аяғына ыңғайлап, алыстан жасаған керемет соққысымен допты қақпаның жоғарғы бұрышына дәл бағыттады.
Екінші таймда ұзақ үзілістен кейін француздар 54-минутта есеп айырмасын еселей түсті. Ирак құрамасының қақпашысы мен қорғаушысы өз қақпасы маңында допты шығармақ болған сәтте Усман Дембеле пасты қағып алып, Мбаппені бос қақпаға қарай шығарды. Сөйтіп, Франция құрамасының капитаны дубль авторы атанды.
Кездесудің қорытынды есебі 66-минутта тіркелді. Француздар жоғары қысым ұйымдастырып, қарсылас алаңының жартысында допты тартып алды. Одан кейін Майкл Олисе айып алаңына Усман Дембелеге пас шығарды, ал шабуылшы дәл соққымен есепті 3:0-ге жеткізді.
Бұл дубль Мбаппе үшін тарихи көрсеткіш болды. Шабуылшы әлем чемпионаттарындағы голдарының санын 16-ға жеткізіп, турнир тарихындағы үздік сұрмергендер тізімінде аңызға айналған Мирослав Клоземен теңесті.
Олардың алдында тек 18 голмен Лионель Месси ғана тұр.
Екі турдан кейін Франция құрамасы алты ұпай жинап, мерзімінен бұрын плей-офф кезеңіне жолдама алды.
I топтағы соңғы матчта француздар 27 маусым күні Астана уақытымен сағат 00:00-де Норвегиямен кездеседі. Дәл осы уақытта Сенегал мен Ирак құрамалары да өзара ойнайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Месси әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік сұрмерген атанғанын жаздық.