ӘЧ-2026: Футболдағы рекордтық әлем чемпионаты туралы басты деректер

АСТАНА. KAZINFORM – 11 маусымда футболдан әлем чемпионаты басталады. Бұл – FIFA-ның ұйымдастыруымен өтетін тарихтағы ең ауқымды турнир. Биыл алғаш рет әлем чемпионы атағы үшін 48 ұлттық құрама таласады, ал матчтар бірден үш елде – АҚШ, Канада және Мексикада өтеді, деп хабарлайды BBC агенттігі .

Фото: kff.kz

Әлем чемпионатының финалдық кезеңі бір айдан астам уақытқа созылады. Турнир жеңімпазы 19 шілде күні Истер-Ратерфорд қаласындағы MetLife стадионында анықталады.

Биылғы дода бірнеше көрсеткіш бойынша рекорд жаңартпақ. Егер 1930 жылы өткен алғашқы әлем чемпионатына 13 құрама қатысқан болса, қазір олардың саны 48-ге жетті. Матчтар саны да тарихи максимумға жетіп, жанкүйерлерді жалпы 104 ойын күтіп тұр.

Турнирдің басты жаңалықтарының бірі – жарыс форматының өзгеруі. Топтық кезеңде 48 құрама төрт командадан құралған 12 топқа бөлінеді. Плей-офф кезеңіне әр топтан бірінші және екінші орын алған командалар, сондай-ақ үшінші орын иеленген құрамалардың ішіндегі үздік сегізі жолдама алады.

Осылайша, жарыстың шешуші кезеңі 1/16 финалдан басталады.

Мамандардың пікірінше, жаңа жүйе турнирдің алғашқы кезеңдерінде ірі сенсациялардың болу ықтималдығын айтарлықтай төмендетеді. Енді фавориттердің топтан шығуы жеңілдей түседі, ал олардың сәтсіздігі үлкен күтпеген жағдай ретінде бағаланбақ.

Әлем чемпионатының матчтары үш елдегі 16 стадионда өтеді. АҚШ турнир ойындарының басым бөлігін қабылдап, кездесулер Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Майами, Даллас және Атланта қалаларындағы 11 аренада ұйымдастырылады.

Мексикада матчтар Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында, сондай-ақ Гвадалахара мен Монтеррей қалаларында өтеді. Канада өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатын қабылдап, ойындарды Торонто мен Ванкувердегі стадиондарда өткізеді.

Букмекерлердің бағалауынша, әлем чемпионы атануға басты үміткерлер қатарында қазіргі чемпион Аргентина құрамасы, сондай-ақ Франция, Испания, Англия және Бразилия бар.

Ал мамандар тосын сый жасауы мүмкін командалардың қатарына Эрлинг Холанд ойнайтын Норвегияны, Марокконы, Сенегалды және әлем чемпионатына алғаш рет қатысатын Өзбекстан құрамасын қосып отыр.

Биылғы әлем чемпионаты футбол жұлдыздарының тұтас бір буыны үшін соңғы мундиаль болуы мүмкін. Турнирде Лионель Месси, Криштиану Роналду, Лука Модрич, Мануэль Нойер және Кевин де Брёйне өнер көрсетеді. Бұл дода олардың мансабындағы соңғы әлем чемпионаты болуы ықтимал.

Бұған дейін FIFA-ның осы жылғы әлем чемпионаты қарсаңында Қазақстан құрамасына қатысты қандай шешім қабылдағаны белгілі болған еді.

Айта кетейік, АҚШ-тағы футболдан әлем чемпионатында қонақүйлер мен билеттер қанша тұратынын мына жерден оқи аласыз.

Сондай-ақ FIFA стадионға су ішетін бөтелкелерді алып кіруге тыйым салды.