ӘЧ-2026-ға қатыспайтын ТОП-5 жұлдыз: әлем футболының үздіктерін Қазақстанмен не байланыстырады

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына әлемдегі 200-ден астам ұлттық құраманың ішінен іріктеуден өткен 48 команда қатысады. Алайда кейбір футбол жұлдыздары өз құрамалары жолдама алғанына қарамастан алдағы додада өнер көрсетпейді. Оның себептері туралы Kazinform агенттігінің тілшісі шолу жасады.

Фото: FIFA

2026 жылғы әлем чемпионатында кем дегенде 30 танымал футболшы өнер көрсетпейді деген есеп бар. Біз олардың ішінен Қазақстанға кем дегенде бір рет келген немесе қазақстандық клубтармен не ұлттық құрамамен кездескен бес ойыншыға тоқталамыз.

Эдуардо Камавинга (Франция)

Фото: fondoruso.ru

2025 жылдың күзінде мадридтік «Реал» Чемпиондар лигасы аясында Алматыда «Қайратқа» қарсы ойнады. Камавинга клубымен бірге Қазақстанға келіп, испаниялық команда Орталық стадионда 5:0 есебімен жеңіске жетті. Сол матчта гол соққан ойыншылардың бірі дәл осы француз жартылай қорғаушысы болды.

2026 жылы Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам Камавинганы әлем чемпионатына арналған түпкілікті құрамға енгізген жоқ. Дешам бұл шешімді жартылай қорғаныстағы жоғары бәсекелестікпен және жарақаттарға байланысты Эдуардо үшін сәтсіз өткен маусыммен түсіндірді.

23 жастағы футболшы турнирге барудың орнына АҚШ-қа аттанды. Ол жуырда, 2026 жылдың маусым айының басында, Гарвард бизнес мектебіндегі (Harvard Business School) қысқамерзімді бизнес курсын сәтті аяқтап, әлеуметтік желідегі парақшасында сертификатын көрсетті.

Родриго (Бразилия)

Фото: ТАСС

Бразилиялық шабуылшы Родриго да мадридтік «Реалдың» сапында Алматыға келіп, «Қайратқа» қарсы ойнаған болатын.

Ол да әлем чемпионатына қатыспайды. Себебі биыл наурыз айында «Хетафеге» қарсы матчта ауыр жарақат алып, тізесінің алдыңғы айқас байламы мен шеміршек тінін зақымдаған. Қазір футболшы ұзақ мерзімді оңалту кезеңінен өтіп жатыр және маусымның қалған бөлігін өткізіп алады.

Дәрігерлердің болжамынша, Родриго алаңға 2027 жылдың басынан ерте оралмайды.

Роберт Левандовски (Польша)

Фото: sports.kz

37 жастағы Роберт Левандовскидің әлем чемпионатына қатыспау себебі басқаша. Оның отаны Польша құрамасы жарысқа жолдама ала алмады.

Левандовски Қазақстан құрамасына қарсы бірнеше рет ойнап, елімізге де келген. 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Польша құрамасы Қазақстанға сапарлаған болатын. 2016 жылғы 4 қыркүйекте Астанадағы «Астана Аренада» өткен матч 2:2 есебімен аяқталды.

Левандовски толық матч өткізіп, пенальтиден гол соқты және сары қағаз алды. Сол іріктеудегі қарымта кездесу Варшавадағы «Народовы» стадионында өтті. Польша 3:0 есебімен жеңіске жетіп, Левандовски тағы бір голдың авторы атанды.

Айта кетейік, осыдан үш апта бұрын, 2026 жылдың мамыр айында, ол «Барселонадан» кететінін ресми түрде жариялады. Польша шабуылшысы «Камп Ноуда» «Бетиске» қарсы матчтан кейін жанкүйерлермен қоштасып, Каталониядағы миссиясын орындағанын айтты.

Беньямин Шешко (Словения)

Фото: ТАСС

Словениялық шабуылшы Беньямин Шешко ағылшынның «Манчестер Юнайтед» клубында ойнайды. Бірақ ол да әлем чемпионатына қатыспайды, өйткені Словения құрамасы іріктеуден өте алмады.

2024 жылғы 13 қазанда Ұлттар лигасы аясында Словения құрамасы Алматыға келді. Шешко капитандық таңғышпен негізгі құрамда алаңға шығып, матчтың толық 90 минутын өткізді. Сол кездесуде словениялықтар Ян Млакардың голының арқасында 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Ал Алматыға келуден бір ай бұрын Шешко Қазақстанға қарсы ең жарқын матчтарының бірін өткізді. Ұлттар лигасының өз алаңындағы ойынында ол хет-трик жасап, 23, 28 және 63-минуттарда гол соғып, Словенияға 3:0 есебімен сенімді жеңіс сыйлады.

Форвард Қазақстанға қарсы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде де ойнады. 2023 жылғы наурызда Астанада өткен кездесуде қосалқы құрамда қалып, Словения 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал сол жылдың қарашасында Люблянада өткен қарымта матчта негізгі құрамда шығып, пенальтиден гол соқты. Кездесу 2:1 есебімен словениялықтардың пайдасына аяқталып, Қазақстанды Еуроға тікелей жолдамадан айырған болатын.

Федерико Димарко (Италия)

Фото: РИА "Новости"

28 жастағы Федерико Димарко әлемдегі ең үздік сол қаптал қорғаушыларының бірі саналады.

2025/2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша ол А сериясының ең үздік ойыншысы (MVP) атанды. Бұл – Италия чемпионаты тарихындағы ерекше оқиға, өйткені аталған марапат алғаш рет қорғаушыға берілді.

Димарко өз позициясы үшін таңғаларлық нәтиже көрсетіп, маусым ішінде қорғаушылар арасындағы голдық пас саны бойынша лига рекордын қайталады немесе кей деректер бойынша жаңартты. Оның еншісінде чемпионатта 16 нәтижелі пас және 6-7 гол бар.

2025 жылдың күзінде Димарко «Интер» сапында Миланда алматылық «Қайратқа» қарсы ойнады. Италияның әйгілі клубы қазақстандық команданы 2:1 есебімен жеңді.

Алайда Димарко да әлем чемпионатында өнер көрсетпейді. Себебі Италия құрамасы 2026 жылғы чемпионатқа жолдама ала алмады.

Айта кетейік, бұған дейін әлем чемпионаты қарсаңында қатысушы елдер құрамаларында болып жатқан өзгерістер туралы жазған едік.