Жанкүйерлер доп додасы басталардан бұрын қос құраманы бас бәйгеге үмітті үздіктер қатарына қосқан еді. Олардың сапында әлемге танымал футболшылар саны басым. Сондықтан олар қай кезде де жүлделі орындарға қол созуды қалайды.
2010 жылғы әлем чемпионы Испания құрамасы алғашқы минуттан тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Бұл сәтте бельгиялық футболшылар негізінен қорғанысқа көңіл бөлді. Нәтижесінде 30-минутта испаниялық Фабиан Руис өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Ол Тибо Куртуа қорғаған Бельгия қақпасынан саңылау тауып, өз құрамасын алға шығарды. Дегенмен көп ұзамай қайтадан таразы басы теңесті. Бұл жолы 41-минутта бельгиялық Шарль Де Кетеларенің қанжығасы майланды.
Ойынның 88-минутында испаниялық Микель Мерино соққан гол кездесу тағдырын шешті.
Осылайша Испания қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
Енді жеңімпаз құрама 15 шілдеде жартылай финалда Франциямен жасыл алаңға шығады.
Испания H тобында екі жеңіс, бір тең ойынмен 7 ұпай жинады. Олар Уругвайды 1:0, Сауд Арабиясын 4:0 есебімен жеңіп, Кабо-Вердемен 0:0 есебімен тең түсті. Одан кейін 1/16 финалда Аустрияны 3:0, 1/8 финалда Португалияны 1:0 есебімен қапы қалдырды.
Бельгиялық футболшылар G тобында бір жеңіс, екі тең ойынмен 5 ұпай жинап, бірінші орынға табан тіреді. Олар Египетпен 0:0, Иранмен 1:1 есебімен тең түссе, Жаңа Зеландияны 5:1 есебімен басым түсті. Плей-офф сатысында Сенегалды қосымша кезеңде 3:2 есебімен жеңсе, 1/8 финалда АҚШ-ты 4:1 есебімен тізе бүктірді.
Екі құрама қазірге дейін 13 мәрте кездескен еді. Оның ішінде 7-еуі Испания, 3-еуі Бельгияның басымдығымен аяқталса, қалғанында қарсыластар тең нәтижеге қанағат білдірді.
Айта кетсек, бұдан бұрын ¼ финалда Франция Марокконы 2:0 есебімен жеңіп, жартылай финал жолдамасына ие болды.
Сондай-ақ ¼ финалда Норвегия — Англия, Аргентина — Швейцария шеберлік байқасады.