Адал азамат: Ақмола облысында жас экологтар бас қосты

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысында «Адал азаматты» тәрбиелеу бағытында өткен «Эко-саналы ұрпақ — елдің өркендеуінің кепілі» атты дөңгелек үстел барысында жастар экологиялық мәселелерді талқылап, өз бастамаларын ұсынды.

Фото: Жастар ресурстық орталығы

«Адал азамат» дегеніміз — өз елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын, адамгершілік, әділеттілік, еңбекқорлық және патриоттық сезімдерге негізделген адам. Жастарды «адал азамат» ретінде тәрбиелеу қоғамның дамуы үшін маңызды, себебі олар келешекте елді басқарушы, еңбеккерлер, отбасы мүшелері ретінде үлкен рөл атқарады.

Осындай ұранмен Целиноград ауданының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған іс-шараға оқушылар, студенттер, ауыл округтерінің мамандары және сарапшылар қатысты. Олар өзекті экологиялық мәселелерді талқылап, өз бастамаларын ұсынды.

Фото: Жастар ресурстық орталығы

Іс-шараны Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали ашып, «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығын және жастардың таза әрі жайлы орта құрудағы рөлін атап өтті. 

«Бүгінгі біздің бас қосуымыз жастар арасында экологиялық мәдениетті дамыту, оларды қоршаған ортаны қорғауға белсенді тарту және жаңашыл идеяларды қолдау арқылы еліміздің «Адал азаматын» тәрбиелеу болып табылады. Мемлекет басшысы атап өткендей, еңбекқорлық — адал азамат тәрбиесінің негізі. Жастарды еңбектің құндылығын түсінуге, өз күшіне сенуге, мақсатқа жету үшін табандылықпен жұмыс істеуге үйрету қажет. Бұл үшін жастарға әртүрлі кәсіби дағдыларды үйрету, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға бағыттау қажет. Сіздердің күш-жігерлеріңіз, білімдеріңіз және жанашырлықтарыңыз — өңіріміз бен еліміздің экологиялық болашағының негізі. Осындай бастамалардың арқасында біз өркендеген Қазақстанға сенімді қадам басып келеміз», — деді аудан басшысы.

Фото: Жастар ресурстық орталығы

Шарада экологиялық жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Оның ішінде бірінші орынды және 50 000 теңге көлемінде сертификатты Жанболатқызы Жұлдызай (№ 2 мектеп, Қоянды ауылы) жеңіп алды. Оның «Қалдықтарға екінші өмір» жобасы қалдықтарды қайта өңдеудің инновациялық тәсілін ұсынады.

Фото: Жастар ресурстық орталығы

Ал екінші орынды және 30 000 теңгенің сертификатына Аманкелдіқызы Нұрлыайым ие болды. Ол ұсынған «Эко автотұрақ» жобасы зиянды шығарындыларды азайтуға бағытталған.

Фото: Жастар ресурстық орталығы

Сондай-ақ, жүлделі үшінші орынға және 20 000 теңгенің сертификатына Қайратбек Еламан, Ардақұлы Мирас және Қабдұл Ақбота лайық деп танылды. Олар халықтың экологиялық сауаттылығын арттыруға арналған бастамаларын ұсынды.

Фото: Жастар ресурстық орталығы

Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ең белсенділік танытқан ауыл округтері алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар қоршаған ортаның ластануы, жергілікті экологиялық жобаларды іске асыру және жастарды табиғатты қорғау іс-шараларына тарту сияқты маңызды мәселелерді талқылады.

Іс-шара соңында барлық қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен бірлескен күш-жігердің таза және өркендеген елдің кепілі екенін атап өтті.

Ұйымдастырушылар осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп, жастарды жаңа жетістіктерге шабыттандыратынын жеткізді.

«Отанға деген сүйіспеншілік және оны қорғау сезімін қалыптастыру — жастарды тәрбиелеудің маңызды аспектісі. Жастар өз елінің тарихы, мәдениеті мен дәстүрлерін білуі, туған жеріне деген құрмет көрсетуі қажет. Отан алдындағы жауапкершілікті түсіну және еліміздің тәуелсіздігі мен болашағына үлес қосу үшін білім алу мен еңбек етуге ынталандыру өте маңызды», — деді ұйымдастырушылар.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақмола облысында агроөнеркәсіп кешенінің үздік өкілдері марапатталды.