«Адалдық алаңының» арқасында 317 әкімдік сервистік форматқа көшті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Адалдық алаңы» жалпыұлттық қозғалысының арқасында 317 әкімдік сервистік форматқа көшті. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осындай қиын кезеңге қарамастан, біз басты міндетімізден айныған жоқпыз. Ашықтық, айқындық, есептілік, қолжетімділік және клиентке бағдарлану қағидаттарын барлық жерде енгізуді көздейтін агенттіктің жобалық қызметін жаңа деңгейге көтердік. Жұмысы жандана түскен «Адалдық алаңы» жалпыұлттық қозғалысының арқасында 317 әкімдік сервистік форматқа көшті. Бұған аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар 100 пайыз қамтылды. 2300-ден астам кедергісіз фронт-офис пен оупэнспейстің ашылуы мемлекеттік мекемелерде қызмет алу процесін неғұрлым ыңғайлы етті. Жоба мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға айтарлықтай серпін берді», - деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында.

Оның айтуынша, халықаралық стандарт бойынша ол кемінде 90 пайыз болуы қажет болса, Қазақстанда цифрландыру 93 пайызға жетіп, осы саладағы тұрмыстық жемқорлық деңгейін төмендетті.

«Біздің барлық өңірде ашылған «Антикор орталықтарымыз» халықтың игілігіне арналған. Осы орайда, аумақтық департамент басшылары бізге жүгінген әрбір азаматқа сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз етуі қажет. Антикор орталықтары жемқорлықпен күресу үшін креативті және белсенді, іс жүзінде қабілетті азаматтарды біріктіруі тиіс», - деді агенттік төрағасы.