Adaldyq alańy: 6,2 мыңнан астам мемқызметші шок-терапиядан өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Adaldyq alańy» жобасының 2020 жылғы І тоқсандағы қызметінің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттіктің мәліметінше, бүгінгі күні «Adaldyq alańy» жобасы – мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының бірегей алаңы. Бүгінге дейін агенттік 14 өңірде «Антикор» орталығын ашты.

«Open space форматы - мемлекеттік органдарды трансформациялау критерийлерінің бірі. Қазіргі уақытта елімізде жалпы 1107 мемлекеттік мекеме жаңа форматта қызмет етсе, оның 150-і осы жылдың бірінші тоқсанында ауысқан. Өткен кезеңде 97 мемлекеттік мекеме жұртшылықпен жұмыстың сервистік моделіне көшіп, 296 басшы бірінші қабаттарға көшірілген. Сонымен қатар жыл басынан бері 2933 азамат жобалық кеңселерге жүгініп, олардың 70 пайызы өз сұрақтарын шешті», - деп хабарлайды агенттіктен.

Мәселен «Ertis – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің көмегімен Павлодар облысында көпбалалы отбасына мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер беріліп, фермерлік шаруашылықты субсидиялау мәселесі шешімін тапқан. Ал «Qyzyljar – adaldyq alańy» жобалық кеңсесі денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындысы бойынша науқастарды қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін анықтаған.

Бүгінгі таңда жобалық кеңселерді жетекші сарапшылар мен қоғамдық пікір көшбасшылары басқарады. «Adaldyq alańy» кеңселері министрліктерде де ашылған. Оларды ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов, «Еуразиялық инновацияларды дамыту қоры» ҚФ негізін қалаушы және директоры Болат Қасымов, «ҚАЗМЗУ» университетінің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев және қоғам қайраткерлері А. Соловьева, А. Сүлейменов, М.Қамзолдаев, М. Дуанбеков секілді жетекші сарапшылар басқарады.

«Adaldyq alańy» ұсынған «Шок терапиясы» аясында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаудың алдын алу жұмыстары шеңберінде басшы буындағыларды қосқанда 6,2 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бас бостандығынан айыру орындарына барып, сондағы сотталғандардың өмірімен танысып қайтты», - деп хабарлайды агенттіктен.