Адам капиталын жаһандық бағалау: Қазақстан 160-тан аса елдің арасында 42-орынға табан тіреді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында елімізде әлеуметтік желілер мен заңды онлайн-қызмет түрлерінің бәрі ешқандай шектеусіз жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Фото: Freepik

– Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, былтыр табысы төмен және орташа елдерде тұратын 1,6 миллиард адам әлеуметтік қолдау шараларына қол жеткізе алмаған. Цифрлық кедергілер де әлеуметтік теңсіздікті күшейте түсті. Елімізде әлеуметтік желілер мен заңды онлайн-қызмет түрлерінің бәрі ешқандай шектеусіз жұмыс істеп тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың ашықтығын және қоғамда пікір алуандығы бар екенін аңғартады. Бұдан бөлек, Қазақстан электронды үкімет жүйесі және қаржылық технологияны дамыту бойынша ең ілгері елдердің бірі саналады. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Цифрландыруды және жасанды интеллектіні жаппай енгізуді жалғастыра береміз. Бұл міндетті стратегиялық мағынаға ие мәселе ретінде қабылдауымыз керек. Өйткені бұл – заман талабы, сондай-ақ, өсіп-өркендеуге, мемлекеттің тиімділігін арттыруға жол ашатын аса маңызды қадам. Бір сөзбен, әлемдегі күрделі геосаяси ахуал мен ел ішіндегі өзекті түйткілдерге қарамастан, Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, нық сеніммен алға қадам басып келеді, - деді Мемлекет басшысы.

Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан адам капиталын жаһандық бағалаудағы позициясын айтарлықтай нығайтып, 160-тан аса елдің арасында 42-орынға табан тіреді. Бұл кездейсоқ емес. Соңғы жылдардағы ауқымды мемлекеттік инвестициялар қазірдің өзінде жеміс беріп, стратегиялық тиімділігін көрсете бастады. Аталған беделді индексте Қазақстанның жоғары көтерілуі мемлекеттік саясаттың ұзақмерзімді қисынға әрі нақты басымдықтарға сүйенетінін көрсетеді.

Бұл дегеніміз – ұлт саулығын нығайту, білім сапасын арттыру, балалар мен жастарға арналған мүмкіндіктерді кеңейту, ғылымды, мәдениетті, спортты қолдау, озық инновацияға, цифрландыруға ден қою, жасанды интеллектіні енгізу, жайлы әлеуметтік және кәсіпкерлік орта құру.

– Мемлекет осы және басқа да салаларды дәйекті түрде дамытып келеді. Сол арқылы азаматтардың әлеуетін өркендетуге жол ашады. Бұл – біздің түпкілікті таңдауымыз. Себебі жаңа заманда халқының келешегін кемел етуге ұмтылған мемлекеттер ғана ұтады. Жиындарда, Үкімет отырыстарында, еңбек ұжымдарымен кездесулерде бос мақтаннан, тоқмейілсуден аулақ болып, түйткілді мәселелерді ашық айтып, оның шешімін бірлесіп іздеуіміз қажет екенін, алдымызға биік мақсат қою керегін үнемі айтып келемін. Сонда ғана нақты табысқа жете алатынымызға сенімдімін, - деді Президент.

Айта кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 7 млн-ға жуық баланың есепшотына 2,5 млрд доллар аударылды.