Адам қайтыс болған жағдайда оның зейнетақы жинағы кімге қалады

АСТАНА. KAZINFORM – Адам қайтыс болғаннан кейін оның зейнетақы жинағы жоғалмайды. Отбасы мүшелері жерлеуге арналған төлемді ала алады, ал қалған ақша мұрагерлеріне беріледі. 2026 жылы қанша төлем беріледі және оны қалай алуға болады? Kazinform тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Жерлеуге қанша ақша беріледі?

Қайтыс болған адамның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жинағы болса, оның отбасы мүшелері жерлеуге арналған біржолғы төлем ала алады.

2026 жылы бұл төлемнің ең жоғары мөлшері – 406 550 теңге немесе 94 айлық есептік көрсеткіш (АЕК). Биыл бір АЕК 4 325 теңгені құрайды.

Бірақ бұл ақша қайтыс болған адамның өз жинағынан төленеді. Сондықтан төлем оның шотындағы қаражаттан аспайды.

Мысалы, шотта 300 мың теңге болса, отбасы жерлеуге осы сомадан артық ала алмайды. Ал жинағы 406 550 теңгеден көп болса, алдымен белгіленген мөлшерде төлем беріледі.

Заң бойынша шотта қалған ақшаны да алуға болады. Егер жерлеу төлемінен кейінгі қалдық ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспаса, ол да отбасы мүшелеріне беріледі. 2026 жылы ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге.

Мәселен, қайтыс болған адамның шотында 450 мың теңге бар делік. Оның 406 550 теңгесі жерлеуге төленеді. Қалған 43 450 теңгені де отбасы ала алады. Өйткені бұл сома ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз.

Жерлеуге арналған төлемді қалай алуға болады?

Төлем алу үшін БЖЗҚ бөлімшесіне баруға немесе қордың сайты арқылы онлайн өтініш беруге болады.

Бөлімшеге барған кезде жеке куәлік пен банк шотының деректемелері қажет.

Егер мемлекеттік деректер базасында адамның қайтыс болғаны немесе туыстық байланысы туралы мәлімет болмаса, қайтыс болу туралы куәлік пен туыстықты растайтын құжат қосымша сұралады.

Онлайн өтініш беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Сондай-ақ адамның қайтыс болғаны мен туыстық байланысы туралы мәліметтер мемлекеттік деректер базасында болуы тиіс.

Егер төлем 14 жасқа толмаған балаға тиесілі болса, оның атынан заңды өкілі өтініш береді. Ал 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер ата-анасының немесе басқа заңды өкілінің жазбаша келісімімен өздері өтініш бере алады.

Бұл жағдайда баланың құжаттары мен өз атына ашылған банк шотының деректемелері қажет.

Қалған зейнетақы жинағы кімге беріледі?

Жерлеуге арналған төлемнен кейін шотта ақша қалса, ол заң бойынша мұрагерлеріне беріледі.

Мұрагерлер міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражатты ала алады.

Ол үшін БЖЗҚ-ға жеке куәлік, мұраға құқық туралы куәлік немесе қаражатқа құқығын растайтын заңда көзделген басқа құжат және банк шотының деректемелері қажет.

Егер мемлекеттік деректер базасында адамның қайтыс болғаны туралы мәлімет болмаса, қайтыс болу туралы куәлік те сұралады.

Мұрагер құжаттарды қор бөлімшесіне өзі тапсыра алады. Сондай-ақ сенімхат арқылы өкілін жіберуге немесе пошта арқылы жолдауға болады. Соңғы екі жағдайда қосымша, оның ішінде нотариус куәландырған құжаттар қажет болуы мүмкін.

Маңыздысы – мұраға қалған ақша тек мұрагердің өз банк шотына аударылады. Оны туысының, қамқоршысының немесе сенім білдірілген адамның шотына аударуға болмайды.

Қажетті құжаттар мен төлемді рәсімдеу тәртібі туралы толық ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтында берілген.

Балалар зейнетақы жинағын мұраға ала ала ма?

Иә, кәмелетке толмаған балалар да зейнетақы жинағын мұраға ала алады.

14 жасқа толмаған баланың атынан құжаттарды ата-анасы, асырап алушысы немесе қамқоршысы тапсырады.

Ал 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер заңды өкілінің келісімімен өздері өтініш бере алады.

Мұраны рәсімдеу үшін баланың туу туралы куәлігі, мұраға құқықты растайтын құжат және банк шотының деректемелері қажет.

Жасына және жағдайына қарай баланың жеке куәлігі, ата-анасының жазбаша келісімі немесе қамқоршылықты растайтын құжаттар да сұралуы мүмкін.

Мұраға қалған ақша ата-анасының емес, баланың өз атына ашылған банк шотына түседі.

Мұраға қалған ақшадан салық ұстала ма?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан резиденттеріне БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінен жеке табыс салығы ұсталмайды.

Ал Қазақстанның резиденті емес адамдарға төленетін қаражатқа Салық кодексіне сәйкес салық салынады.

Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдер 81,5 млрд теңгеге жеткені туралы жаздық.