Адам құқығының сақталуы әкімдердің рейтингіне әсер етуі мүмкін - өкіл
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері апталап дала көрмеген. Оларға тиесілі гигиеналық заттар құлыптаулы тұр. Мұның бәрін адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі анықтады. Аққалқа Байдуллина Kazinform агенттігіне сұхбат берді.
— Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, оның аймақтардағы өкілі жайлы соңғы жылдары ғана естіп, көріп жүрміз. Кімнен, қалай қорғайсыздар?
— 2002 жылы Президент жарлығымен адам құқықтары жөніндегі уәкіл тағайындалды. Оның жұмысын қамтамасыз ету үшін Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық құрылды. Қазір 23 жылдық тарихы бар. Арада ондаған жыл өтсе де біз неге тек соңғы жылдары ғана бұл туралы естіп жүрміз? Алғашқысы құрылды, өз құзыреті шегінде халықаралық ұйымдармен жұмыс істеді, басқа құзыреттерін жүзеге асырды. Бірақ заң аясында конституциялық құзыры болмады. 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілді. Сол кезде адам құқықтары жөніндегі уәкілге алғаш рет Конституциялық мәртебе берілді. Сонымен бірге арнайы Конституциялық заң қабылданды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл деген кім? Қалай тағайындалады? Осы ұғымдар Конституцияға енгізілді. Конституциялық сот, адам құқықтары жөніндегі уәкіл және прокуратура туралы жаңа конституциялық заңдар қабылданды. Бұл кездейсоқ емес. Конституциялық, құқықтық реформалардың нәтижесі деп айтуға болады. Уәкіл — адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам. Президент ұсынысымен Сенат 5 жылға сайлайды. 2022 жылы барлық өңірде уәкілдің өкілдері тағайындалды. Өкіл, көмекші, маман. Осы үш адам өңірде. Адами ресурс шектеулі. Сондықтан кез келген тетікті пайдалануға тырысамыз. Қоғамдық ұйымдармен, оқу орындарымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Алғаш кезде кімсің, қайдан келдің деп айтты. Лауазымды тұлғаларға дейін осылай қабылдады. Қазір арадағы жұмыс жүйеленді. Мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдармен арақатынасымыз айқындалды.
— Кіммен тең дәрежеде жұмыс істейсіз…
— Уәкіл — бөлек құрылым, бөлек лауазымды тұлға. Республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ешкімге бағынысты емес, ешбір мемлекеттік органға, не лауазымды тұлғаға есеп бермейді. Тек ҚР Президентіне жылына бір рет баяндамасын ұсынады. Өңірлердегі өкілдер тек уәкілге есеп береді. Әрине, алғашында оңай болмады. Себебі тағайындалған кезде өңірге өзім ғана келдім. Ғимарат та, материалық-техникалық база да болмады. Қолға құжатты алып, таныстырдым. Қазір ыңғайлы жерге орналастық. Бастысы халыққа ыңғайлы. Барлық ақпараттық жүйелерге, порталдарға қосылдық. Әлі де мамандар керек.
— Өкілдер жыл сайын уәкілге есеп бере ме?
— Біз күн сайын есеп береміз. Уәкіл өңірдегі әр істен құлағдар. Арыз алдымен орталыққа тіркеледі, уәкіл көреді, тапсырма береді. Резонансты істерді де бақылап отырамыз. Адам құқығы бұзылғанан көрсек, ұсыным жазамыз. Әлдекімнің құқығы бұзылды, реттеу керек деп жазылады бар ұсыным. Жалпы біз біріншіден шағыммен жұмыс істейміз. Екіншіден, мониторинг. Шағым жыл санап артып келеді. 2024 жылы уәкілге 6500-ге жуық шағым түсті. 2023 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Халық сенімінің артуы, адам құқықтары туралы уәкіл туралы ақпараттың жетуінен болуы мүмкін бұл. Ақтөбе облысы бойынша 2024 жылы жазбаша 191 шағым түсті, 168 адам келіп жолықты. Мәселен, кездесіп, кеңес алу керек болса, бағыттаймыз.
Ал әрі қарай көмек керек болса, мемлекеттік органдарға сұрау салып, материалдары жинақталады. 2024 жылы 72 азаматтың құқығы толығымен қорғалды. Қалғанына құқықтық көмек көрсетілді, кеңес берілді. Қазақстан бойынша шағымдар негізінде 94 азамат тәртіптік жауапқа тартылса, бесеуі Ақтөбе облысында болды. Төрт қылмыстық іс қозғалды, оның біреуі Ақтөбеде. Мониторингке келер болсақ, күнделікті пабликтерді қарап отырамыз, сұраным хат, ұсыным хат жолдаймыз.
Мониторингтің екінші бөлігі — жабық мекемелермен жұмыс. Қылмыстық атқару жүйесі, медициналық-әлеуметтік мекемелер (қарттар мен мүгедектер үйі, психикалық ауытқуы бар адамдардың интернат үйі, балаларға арналған үй), балаларға арналған («Аяла», «Үміт», «Мейірім» орталықтары) мекемелер. Кез келген уақытта ескертусіз барып, кіріп, ахуалды қараймыз. Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде де күнделікті арыз-шағым қабылданады. Олар мекеме кеңсесіне арыз қалдырады. Апта сайын өзім де барамын. Былтыр жоспар бойынша 37 рет бардым. Нәтижесінде адам құқығын бұзған 25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды.
— Қандай бұзушылықтар анықталды?
— Жабық мекемеге барғанда құжаттарына шүйгіліп, тексермей-ақ бір шолып шығу да жеткілікті. 2023 жылы «Аялаға» (өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы — ред.) бардым. Ол жерден көп кемшілік табылды. Қарапайым гигиеналық заттары болмады, психологтың көмегі, тәрбиешілер жұмысы, тазалығы, тамағына қатысты олқылық көп. Әжетханаға кіріп, бір қарап шыққанда лас, қағаз жоқ, тіс пастасы табылмады. Бұл балалар құқығының бұзылғанын білдіреді. «Тәртіп бұзатын балалар суға салып жібереді, аспанға лақтырып, төбеге жапсырады, жыртып тастайды, шашады» деп айтты. Ол кезде үш балаға бір тәрбиешіден немесе тәрбиеші көмекшісінен келді. Мемлекеттік мекеме, тәрбиешілер тәрбие жұмысымен айналысуы керек. Психолог, әлеуметтік қызметкерлер бар. Демек құр сылтау. Қажет кезде бұл гигиеналық тазалық заттарын қалай алады деп сұрадым. Олар сұрап алады екен. Тәрбиешіге барады, содан сұрайды.
Бұл баланың қадір-қасиетін төмендететін жайт. Тіс пастасы медбике кабинетінде тартпада тұрады. Ал тартпа кілттеулі. Қабырғаға жағып тастайды деп уәж айтты. Медбике мұнда ауысыммен жұмыс істейді. Кейде орнында болмайды. Сонда сабаққа баратын бала таңертең медбикеге барып, тіс пастасын сұрауы тиіс. Үйде балаға ескертіп отырмасаң тісін тазаламайды, демек мұнда балалар тісін мүлде тазаламайды деген сөз. Дәл осы мекемеге былтыр да бардым. Құқықбұзушылықтар ескерілген, қалпына келтірілген. Ескертусіз баруға мүмкіндік болған соң өзге бұзушылық анықталды. Әңгімесе келе бәрін білуге болады. Балаларды жиып, сауалнама жүргіздім. Ересек топтағы балалар үш апта бойы дала көрмеген. Күн ыстық, ғимарат іші қапырық. Неге? Себебі бір топта бір бала қашса, қалғаны толық жазаланады.
Мекеме басшысы білмейді, тәрбиешілердің әрекеті бұл. 6 қызметкер тәртіптік жазаға тартылды. Тәрбиеші, диетбике, басшының орынбасары бар арасында. «Тентек балалар, өтірік айтады» деп айтады үнемі. Бейнебақылауда бір аптаны қарап, далаға шықпағанын анық көрдік. Ол мониторинг жүргізу қажет деген сөз. Қызметкерлермен кездесіп, ҚР заңнамасын түсіндіреміз. Қылмыстық кодексте азаптау ғана емес, қатыгез қарым-қатынас деген де бар. 146-бабы. Бұған дейін тек тергеушілерге қолданылса, қазір педагогтер, медицина қызметкерлері, тәрбиешілер де жауапты. Білместік жауапкершіліктен босатпайды. Шағым бойынша 5, мониторинг кезінде 25 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Мәселен, Жайсаңда арнайы білім мекемесі бар. Қарапайым ғана мысал, екі қатарлы кереуетте жоғарыға мінетін баспалдағы болмады. Онда онсыз да ерекше балалар тәрбиеленіп, оқытылады.
Есет батыр атындағы мектеп-интернат-колледжде ішетін суды тек медбике кабинетінен көрдік. Өзгелері қол жуатын жерден алып ішеді. Талап бойынша балалар су ішетін орын болуы тиіс немесе қайнатылған су береді. Ішетін су сұрадым, асханаға апарып, қайнаған, суымаған күйі ұсынды. Демек бала құбырдан ішеді деген сөз. Бұл тек жекелеген мысалдар ғана. Мұндай мониторинг 2023 жылы 93 рет, 2024 жылы 37 рет жасалды. Бізде бару кезінде қарайтын 100-ден астам критерий бар. Сол бойынша барлығын қарап, ұсыным жасаймыз. 2024 жылы 170 ұсыным шығарылды, 157-і орындалды.
— Орындау мерзімі бар ма?
— Ұсынымның сипаны қарай орындау уақыты бар. Сұраным хатқа 10 күнде, ұсыным бойынша 15 күнде жауап береді. Егер жалғасып жатқан жұмыс болса, кезең-кезеңімен сұрастырамыз. Келесі бір бағытымыз — құқықтық-ағарту жұмысы. Облысты аралағанда, адамдармен кездескенде құқықтық сауаттың төмендігі көрінді. Мәселен қазір кәмелетке толмағандар арасында қылмыс, құқықбұзушылық жоғары. Бұл балалар арасында ауқымды жұмыс істеу керек деген сөз. Оқу орындары, білім басқармасымен жұмыс істеп, құқықтық сабақ өтеді. Онлайн және офлайын формат таңдалады. Былтыр 60 мыңнан аса бала қамтылды. Колледждерде де өтті. Тек балалар ғана емес, ересектер, мемлекеттік қызметшілер арасында да мұндай ағарту шаралары жүйелі өткізіледі. Осылайша Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында да мемлекеттік қызметшілерге арналған дәрістер жүйелі оқылады. Осылайша, ересектер мен балалар арасында ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
— Құқықтық сабақта не өтеді?
— Адам құқығы дегеніміз не? Бірінші сұрақ осы. Оны кім немесе не береді? Аудиторияда 1-2 адам ғана дұрыс айтады. Адамға құқықты ешкім бермейді. Ал адамдар Конституция, мемлекет деп тізбектейді. Адам дүниеге келді, демек құқық тумысынан тиесілі. Өмір сүру, емін-еркін жүріп-тұру, денсаулығын сақтау, білім алу… Адам құқықтарының адамға абсолютті түрде тиесілі 40-тан астам түрі бар. Бәрі үлкен жаңалық ашқандай болады. Бір қиыны — аудитория жинау. Алдын ала хабарлап, әлеуметтік желі, жергілікті БАҚ арқылы шақырғанымызбен, барғанда залдың 10-20 пайызы ғана толады. Адам жиналмайды. Кейін әкімдікке «бізге адам жинап беріңіздер» деп айтатын болдық. Құқықтық нигилизм, яғни, немқұрайлымыз. Адамдар басына іс түскен кезде ғана іздеп, сұрайды. Ал қазір уәкіл туралы, оның оң жұмыс нәтижесінен адамдар құлағдар, аудитория өздігімен жиналатын дәрежеге жеттік.
— Жиі қоятын сұрақтары…
— Сұрақтар алуан түрлі. Денсаулық сақтау, еңбек құқығы, сот шешіміне шағымдар, тіпті тұрғын үй кезегіне байланысты сұрақтар бар. Адам мен адам, қоғамдық ұйымдар арасындағы дау болса, сотқа жүгінуі тиіс. Уәкіл егер мемлекеттік орган немесе лауазымлы тұлға адамның Конституция берген құқықтарын әрекет не әрекетсіздігі арқылы бұзатын болса араласады. Сот тәртібімен шешілуі тиіс болса кеңес береміз. Сот төрелігіне қатысты жиі келеді. Ол кезде де тек түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Әрі қарай шағым айтатын сатыларын көрсетеміз, түсіндіреміз. Себебі сот төрелігіне араласуға заңмен тыйым салынған, сот және жекелеген судьялар сот төрелігін жүзеге асырған кезде тәуелсіз болуы — Конституция талабы.
Ал нақты көмегіміз тиген жағдайларға тоқталсам… Үш адамға мүгедектік тағайындауға көмектестік. Олар Байғанин, Шалқар аудандарының тұрғындары мен бір жазасын өтеуші азамат. Мүгедектігі бар екі адам құралдарын жаңартты, бір адам жұмысқа тұрды, жұмыс беруші «қысқартып» жіберейін деп тұрған жүкті келіншек біздің араласуымызбен қызметінде қалдырылды. Жақында мүгедектерге арналған тұрғын үйде лифттің жұмыс істемей тұрғанын білдік. Мүлде іске қосылмаған екен, жұмыс реттелді. Оңтүстік-батыс шағын ауданында бір көшеге су құбыры тартылмаған. Қарап, бақылап, құжаттарын тексерген соң уақытша болса да көрші құбырға қосуға мүмкіндік болды. Өз бетімізше барып, тексеру жүргізбейміз.
Бізге тексеру құзыры берілмеген. Құжаттарын қарап, шағымын алып, ұсыным береміз. Осы ретте Конституциялық заң талаптарына сай, уәкіл не оның жергілікті өкілі сұратқан құжаттар мен материалдарды 10 жұмыс күнінде беру, уәкіл мен оның өкілін жедел қабылдау — кез келген лауазымды тұлғаға міндеттелгенін атап өтуіміз керек. Шағым берудің ыңғайлы жолы — E-otinish арқылы жіберу. Бәрі көз алдыңда тұрады. Азаматтардың 90 пайызы ол туралы біледі.
— Резонанс істерге қалай араласыз?
— Қылмыстық іс қозғалса, тікелей араласпаймыз. Бірақ прокуратура органдарына, полицияға сұраным жолдап, заң аясында әрекет ету құзыры бар. Резонанс әрі қарай ушықса, уәкілге хабар береміз.
— Қылмыстық іс туралы айтсаңыз…
— Қылмыстық кодекстің 317 бабы бойынша іс қозғалды. Яғни балаға медициналық көмек көрсетілмеген. Ата-ана баласын емханаға апарады, дұрыс жәрдем бермеді. Біздің ұсынымымыздың нәтижесінде тәртіптік жаза қолданылды, прокуратураға жіберіліп, полиция іс қозғады.
— Адам құқығы жөніндегі уәкілдің өкілдері анықтаған бұзушылық басшылардың KPI көрсеткішіне әсер ете ме?
— Бүгінгі күні адам құқықтарының қорғалуы, өкілмен өзара іс-қимыл көрсеткіші — жергілікті әкімдердің рейтінгіне әсер етуі ықтимал деген ақпарат бар. Мұндай көрсеткіштің енгізілуі — әр өңірдегі адам құқықтарының қорғалу деңгейін арттырары сөзсіз. Сонымен бірге елімізде ұлттық алдын алу тетігі бар. Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiне қарсы халықаралық Конвенцияға Қазақстан қосылғаннан кейін 2013 жылы осы бағытта арнайы механизм құрды. Бұл — қоғам өкілдерінен құралған адамдардан тұратын топ.
Уәкілдің жанында үйлестіру кеңесі, сарапшылар кеңесі бар. Екеуі де қоғам өкілдерінен құралған. Яғни уәкіл — Мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер деуге болады. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушы болу үшін әр екі жыл сайын жарияланатын конкурсқа қатысуға болады. Бұрын сотталмаған, нарко-психодиспансерде тізімде жоқ қоғам белсенділері, заңгерлер, дәрігерлер, тағы да басқа мемлекеттік қызметке, құқық қорғау органдарына қатысы жоқ ҚР азаматтары құжат тапсыра алады.
Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары жабық мекемелерге кедергісіз кіріп-шығады. Бірақ уәкілдің үйлестіруімен әрекет етеді. Біз жұмысқа араласпаймыз, бірақ жәрдем береміз. Мекемеге кіре алмаса, кедергі болса, бағыт-бағдар береміз. Куәлік беріледі, бірақ олардың жабық мекемелерге бару жоспарларын ешкім білмейді. Бұл азаптаудың алдын алу шараларын жүзеге асыру үшін қажет.