Төраға Қуаныш Сұлтановтың жекеткшілігімен өткен жиында комиссияның «Қазақстандағы мигранттар құқығының ахуалы туралы» арнайы баяндамасының жобасы талқыланды.
Көші-қон саясаты Қазақстанның мемлекеттік саясатының стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Жалпыға ортақ танылған әлемдік стандарттарға сәйкес, Қазақстанда халықтың көші-қоны мәселелерін реттейтін келісімшарттық-құқықтық база жасалған. Ал комиссияның арнайы баяндамасы Қазақстандағы еңбек мигранттары құқықтарының ахуалын талдауға арналады. Бұл ретте баяндама Адам құқықтары жөніндегі комиссияның өткен уақыт кезеңіндегі құқық қорғау қызметі мен оның арнайы зерттеулері нәтижелеріне негізделген. Баяндамада Қазақстанның мемлекеттік органдары мен үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Қазақстандағы өкілдігінің, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдардың мәліметтерін қамтиды. Бұдан бөлек, құжатта еліміздегі тәуелсіз әлеуметтанушылар қауымдастығы жүргізген «Қазақстандағы адам құықтары: қоғамдық пікір» атты әлеуметтанушылық зерттеулердің нәтижелері де кеңінен тартылып отыр.
Жиын барысында қатысушылар арнайы баяндамада қамтылған ұсынымдардың іске асырылуына назар аударды. Бұдан бөлек, еңбек мигранттарының Қазақстанға заңсыз көшіп-қону фактілерін болдырмауға, олардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама қолдану практикасын дамытудың негізгі бағыттарын анықтауға қатысты ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар, отырыста Әділет министрлігінің білікті заңгерлік көмек алуға қатысты азаматтардың конституциялық құқығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметі де талқыланды.