Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Еңбек министрлігінің жауабына қанағаттанбады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл бұдан бұрын ҚР Премьер-Министріне мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері жөніндегі үндеу жолдаған болатын. Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына жинақталған жауап келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, үндеу хатта мүмкіндігі шектеулі адамдарға байланысты проблемалардың кең ауқымды спектрі қозғалып, сондай-ақ оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар баяндалған еді. Осыған байланысты Ұлттық құқық қорғау мекемесі ұсынылған жауап бойынша Омбудсменнің мүгедектігі бар адамдарды біріктіретін қоғамдық ұйымдардымен бірлесіп әзірленген нақты ұсыныстарына Үкіметтің ұстанымы туралы толыққанды ақпараты қамтылмағанын атап өтеді.

«Мәселен, аталмыш құжатта жеке авиакомпанияларға қатысты ішкі ережелері туралы, осыған сәйкес 1-ші топтағы мүгедектігі бар адамдар ұшу кезінде ілесіп жүретін адамсыз билеттер сатылмайтындығы, сондай-ақ мүгедектігі бар адамға ұшу кезінде туындайтын оның денсаулығына зиян келтірілгені үшін және қайтыс болған жағдайда жауапкершілікті өз мойнына алу туралы декларацияға қол қою қажеттілігі туралы мәселелер нақтыланбаған. Мүгедектігі бар адамдар бұл проблемаларға әлі күнге дейін де тап болып отыр, мысалы, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне барғаннан кейін Астана қаласындағы әуежайдан кетер кезде бірқатар жағдайлар орын алған», - делінген баспасөз баянында.

Бұдан бөлек, министрлік ұсынған жауапта «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» ҚР Заңының 5-бабына орынсыз сілтеме ғана берілгені айтылады. Ол бапта ҚР заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, көлiк кәсiпорындарының шаруашылық қызметiне мемлекеттiк органдардың араласпауы туралы баяндалған. Сонымен қатар, аталмыш Заңның 6-бабы көлікті мемлекеттік басқару бойынша функцияны нақты уәкілетті мемлекеттік органға жүктейді.

Бұдан бөлек, Омбудсмен жауапта инфрақұрылым объектілерінің архитектуралық-құрылыс бақылауы туралы ұсыныс бойынша Үкіметтің негізделген ұстанымы жоқ екенін алға тартады. Үндеуде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бейімделген болып саналатын, бірақ шын мәнінде қажетті параметрлерге сәйкес келмейтін объектілер құрылысына бірқатар нақты мысалдары келтірілген. Осыған байланысты құрылыс объектілерінің архитектуралық-құрылыс бақылауына, халықты әлеуметтік қорғауына уәкілетті органды тарту туралы заңнамадағы екіұшты норманы аталған органның міндетті түрде қатысуымен бекіту, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді осы үдеріске қатысуға құқық беру ұсынылды.

«Еліміздегі нақты аймақтарында тактильді жолдардың, зағип және нашар көретін жандар үшін дыбыстық бағдаршамдардың жоқтығы туралы ұлттық құқық қорғау мекемесінің келтірген шағымдары назардан тыс қалды. Бұл мәселелер ұзақ уақыт бойы көтеріліп келеді. Омбудсмен сондай-ақ мүгедектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, соқыр және саңыраулар қоғамдық бірлестіктерінің мамандандырылған кәсіпорындарына қолдау көрсету, олардың жұмыс істеу шарттары, ерекше қажеттілігі бар адамдармен жұмыс істеу ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс берушілерді осы бағыттағы шетелдік жұмыс тәжірибесі мысалдарына сәйкес оқыту және оқытуды ұйымдастыру туралы мәселелерге Үкіметтің әсері баяндалмағанына назар аударды.

Мүгедектігі бар адамдар үшін банктік қарыздарды, оның ішінде тұтынушылық несиелерді ресімдеуге қатысты мәселелер қарастырылған жоқ. Сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың жағдайына жүйелі негізде тұрақты талдауды, әртүрлі мәселелер бойынша, оның ішінде медициналық, әлеуметтік, еңбек қызметтері мен заңгерлік көмек көрсетуге қатысты мәселелер бойынша оларға кеңес беру үшін тегін телефон желісінің енгізілуі бойынша берілген ұсыныстар назардан тыс қалды», - делінген баспасөз баянында.

Бұдан бөлек, Уәкіл пенитенциарлық мекемелерде мүгедектерді ұстау талаптарына сәйкес жағдай толық ашылмағанын да атап өтеді. Атап айтқанда, медициналық мекемелерге мүгедектікті белгілеу бойынша көмек көрсету, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты тиісті құжаттарды ресімдеу мәселелеріне байланысты проблемалар талданбаған.

Аталған мәселелерді ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесінің жалпы республикалық селекторлық отырысы барысында Омбудсмен өкілі атап өтті. Бұл проблемаларды өзектендіру Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны имплементтеу мақсатында Қазақстанның қабылдаған шаралары туралы Алғашқы баяндамасын еліміздің БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінде алдағы уақытта қорғауымен байланысты.

«Мемлекет басшысының Үкімет алдында қойған бағдарламалық тапсырмаларда қамтылған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Омбудсмен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне мұқият және нысанды талдау жасау мақсатында бұдан бұрын қозғалған мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін қосымша қарауға бастамашылық жасау өтінішімен үндеу жасайды», - делінген баспасөз баянында.