Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Астанадағы Еуроодақ Елшісі бірлескен жобаларды әзірлеу туралы келісімге келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен) Асқар Шәкіров Астанадағы Еуропалық Одақтың Елшісі Аурелия Бушезбен және Орталық Азиядағы Халықаралық түрме реформасының (PRI) Өңірлік директоры Сәуле Мектепбаевамен кездесті.

Жүздесу барысында әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарын имплементтеу, әлеуметтік құқықтарды және мемлекеттік қызмет алу саласында да халықтың осал топтарының құқықтарын қорғау бөлігінде «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру кезінде екіжақты өзара әрекеттесудің перспективалары талқыланды.

Тараптар адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру, Қазақстанда Омбудсмен мекемесін әрі қарай институционалды дамыту, Елбасының тапсырмасы бойынша өткізіліп жатқан қылмыстық-құқықтық реформа, сондай-ақ қайта құрылған Азаптауды алдын алудың ұлттық алдын алу тетігін (ҰАТ) тәжірибе жүзінде іске асыру мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

Қазақстандық Омбудсмен атап өткендей, азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігіне деген құқықтарын қамтамасыз ету, халықтың осал топтарын қорғау және жалпы әлеуметтік мәселелер ұлттық құқық қорғау мекемесі үшін басты мәселелер болып табылады, бұл ретте басымдылық алдын алу шараларына беріледі.

«Сондай-ақ жабық мекемелердегі азаптаудың алдын алуға зор маңыз берілуде. Мониторингтік қызмет шеңберінде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықтың, оның ішінде Азаптау фактілерін қарау жөніндегі уәкіл жанындағы Жұмыс тобының айтарлықтай тәжірибесі жинақталған», - деп атап өтті А. Шәкіров.

Өз кезегінде, А. Бушез Қазақстанда адам құқықтарын қорғаудың құқықтық құралдарын дамытуға көмек көрсетуге қызығушылығын танытты.

Кездесу қорытындылары бойынша тараптар құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты жолға қою мен бірлескен жобаларды әзірлеу туралы келісімге келді.