Мәжіліс депутатының айтуынша, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі жанданған 8 айдың ішінде бір де бір өңірде өкілдіктері ашылмаған.
Ал бұған қаржыландыру мәселесінің заңнамада нақты пысықталмауы кедергі келтіріп отыр.
«Жаңа Конституциялық заңда адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін және оның өңірлердегі өкілдіктерін қаржыландырудың айрықша тәртібі болғанына қалай қарайсыз? Бұл оның мемлекеттік құрылымдардан қаржылай тәуелсіздігін қамтамасыз етер еді», - деп сұрады депутат Қаржы министрлігінің өкілінен.
ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің сөзіне қарағанда, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін қаржыландыру мәселесі Бюджет туралыз заң арқылы реттеледі.
«Өңірлік өкілдіктерді қаржыландыру мәселесі биылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде пысықталған. Қаржыландыру 1 шілдеден бастап ашылатыны қарастырылған. Ал 2023-25 жылдардағы шығынның бәрі аталған жылдарға арналған бюджет жобасында түгел мақұлданған», -деді Дәурен Темірбеков.
Айтуынша, дәл қазір аталған омбудсменнің қызметін дербес қаржыландыру қолданыстағы бюджет саясатына қайшы.
«Ал айрықша қаржыландыру тәртібі туралы айтсақ, ондай айрықша тәртіп бюджет саясатының қағидаттарына қайшы. Бірақ Президенттің кейінгі Жолдауын іске асыру аясында Үкімет бюджетті басқарудан нәтижені басқару тәсіліне көшуді қолға алды. Салалық бюджет элементтері енгізіледі. Жауапкершілік артады. Жалпы бүкіл мемлекеттік органдардың бюджетін жоспарлау, бөлу тәртібі қайта қаралады», - деді вице министр.