Адам құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық іс-қимылдар жоспарының жүзеге асу барысы талқыланбақ

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - 2011 жылдың 18 ақпаны - 30 наурызы аралығында ҚР Әділет министрлігі Голландия Елшілігінің және БҰҰ Жоғарғы комиссары басқарамасының қодауымен

Адам құқықтарын қорғау саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған ұлттық іс-қимылдар жоспары мен Әмбебап мерзімдік шолу ұсыныстарының орындалу барысын талқылау бойынша дөңгелек үстелдер өткізбек.

Әмбебап мерзімдік шолу - БҰҰ-ға қатысушы-мемлекеттердің адам құқықтарын қорғау саласындағы жағдайын 4 жылда бір рет қарастыруды көздейтін адам құқықтары жөніндегі БҰҰ Кеңесінің реттеуші механизмі. Қазақстан Әмбебап мерзімдік шолудан 2010 жылы тұңғыш рет өткен болатын. Шолу құжаттарына қатысты толық мәліметті адам құқықтары жөніндегі БҰҰ Жоғарғы комиссары басқарамасының сайтынан http://www.ohchr.org/EN/HRBodies/UPR/PAGES/KZSession7.aspx алуға болады.

Адам құқықтарын қорғау саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған ұлттық іс-қимылдар жоспары заңнаманы, заңды қолдану тәжірибесін, адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдірудің нақты қадамдарын айқындайтын бағдарлама болып табылады.

Өткізілетін дөңгелек үстелдердің негізгі мақсаты - азаматтарды адам құқықтары саласында жүргізіліп жатқан саясат бағыттарымен таныстыру. Қатысушылар назарына Әмбебап мерзімдік шолуды жүзеге асыру бойынша әзірленген Үкіметтің іс-қимылдар жоспары ұсынылмақ. Азаматтық қоғам ұсыныстарын ескере отырып толыққанды дайындалған іс-қимылдар жоспарының соңғы нұсқасы 2011 жылдың сәуір айына жоспарланған қорытынды кездесуде жария етілмек.

Дөңгелек үстел жұмысына өкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті билік органдарының, саяси партиялардың, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысады деп күтілуде.