Адам өліміне әкеп соққан қылмыстық іс ашылды

АСТАНА. 10 наурыз. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің шұғыл іздестіру шаралары нәтижесінде адам өліміне әкеп соққан қылмыстық іс ашылды.

Бұл туралы бүгін Көліктегі ІІД-де болып өткен баспасөз мәслихатында Криминалдық полиция басқармасы Жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы Қанат Тұрғанбеков мәлім етті.

Қылмыстық әрекет «Алматы-Нөкіс» бағытындағы жолаушылар пойызы Луговое стансасына тоқтаған сәтте орын алған.

Қанат Тұрғанбековтың айтуынша, сәлемдеме беріп жібермек болған белгісіз азамат жолсерікпен жанжалдасып, соңы төбелеске ұласқан. Еріксіз бұл оқиға куәгері болған жолаушы әрі өзі де жолсерік болып қызмет атқаратын жәбірленуші әріптесін арашаламақ болып араға түскен. Соның салдарынан жолаушы өкпе тұсынан пышақ жарақатын алып, ауыр халде аудандық ауруханаға жеткізілген. Сол жерде ес жимастан қаза тапқан.

Көлік полициясы қызметкерлерінің жедел іздестіру амалдары нәтижесінде 1979 жылғы бұрын сотталмаған азамат тұтқындалып, оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 103-бабының 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша сот сараптама ісі жүргізіліп жатыр.