ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теректі аудандық соты адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасына кінәлі К.Хамидуллинді екі жыл жарым мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған жүргізуші «УАЗ-390945» көлігімен Шымкент-Самара жолының 236-шақырымында жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, «ГАЗ А64r45-50» автокөлігімен соқтығысуға жол берген. Соның салдарынан «УАЗ» автокөлігінде отырған жолаушы С.Қалиев сол күні облыстық клиникалық ауруханада көз жұмды. Отбасы асыраушысы мен отағасыдан айырылды. Оған қоса «ГАЗ» көлігіндегі тағы бір жолаушы ауыр жарақат алды.
Сот алдында К.Хамидуллин өз кінәсін мойындады. Дегенмен зардап шегушілер тарапынан кешірім болмағандықтан, екі жыл жарымға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).