Адам өлтіріп, Алматыда жасырынып жүрген Маңғыстау облысының тұрғыны ұсталды

АЛМАТЫ. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы сақшылары Маңғыстау облысында адам өлтіріп, іздеуде жүрген қылмыскерді құрықтады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтаулық полиция қашқынды екі жыл көлемінде іздестірген. 33 жастағы азамат 2008 жылы өз досын өлтірген. Анықталғандай, өлімге бұрынғы өкпе-наздары себеп болған. Ішімдік ішкен достар отырысының соңы төбелеске ұласып, 40 жасар досының жүрек тұсына пышақ салумен аяқталған. Жедел тергеу тобы келместен қылмыскер жасырынып үлгерген.

«Біраз күн бұрын ақтаулық әріптестерімізден, халықаралық іздеуде жүрген қылмыскердің Алматыда жасырынып жүргендігі жайлы ақпарат алдық. Қашқынның тұрғылықты жерін анықтауға екі күн кетті. Ол Бостандық ауданында бірнеше айдан бері пәтер жалдап тұрып келген. Сондай-ақ ол осы уақытқа дейін жұмыс табуға тырысқан», дейді Алматы ІІБ криминалды полиция бөлімшесінің бастығы Вадим Стрельцов.

Белгілі болғандай, қылмыскер өзінің іздеуде жүргенін білген. Қылмыс жасаған соң ол бірден оңтүстік аймаққа қашып келеді. Әрдайым тұрғылықты жерін ауыстырып, мекен-жайын жақын туыстарына да айтпаған. «Қазіргі уақытта ол уақытша қамау орнында. Жуықта қылмыскер Ақтауға жөнелтіліп, сот алдында жауап беретін болады», дейді В.Стрельцов