Адам өмірін сақтап қалу үшін тәуекелге бел бууға тура келеді – маман

Қызылордалық Динара Мырзаш төтенше жағдайлар саласында он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Бүгінде ол облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының диспетчері қызметін атқарады. Тәжірибелі маман биылғы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында төтенше жағдайлар саласының қауырт жұмысы жайында Kazinform тілшісіне баяндап берді. 

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Қай кезде де төтенше жағдайлар саласының мамандары өз жұмысын мүлтіксіз атқарады. Мерекелік күнде олардың жұмыс барысы қалай өрбиді?

- Мен бұл салада он жылдан астам уақыттан бері қызмет атқарып келемін. Иә, әрбір күннің азаматтар үшін қауіпсіз, тыныш өткеніне бәріміз тілекшіміз. Десе де, өмір болғаннан кейін небір тосын оқиғалар кездесіп жатады. Бұл сәтте төтенше жағдайлар саласының мамандары қызметін жоғары деңгейде атқаруға күш салады. Олардың әрбірі өзінің ісін жақсы біледі, тәжірибесі толысқан, қиын сәтте нақты шешім қабылдай алады.

Кез келген тосын оқиға жайында хабарландыру алдымен бізге түседі. Содан кейін мамандар жедел түрде оқиға орнына аттанады. Төтенше оқиғаға тосқауыл болуға күш салады.

- Биылғы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыста төтенше оқиғалар тіркелді ме?

- Біздің жұмыс барысында мерекелік немесе жай күндер деп бөлінбейді. Әрбір күнде толық дайындық жасалады. Мамандар әрбір сәтте жедел қызмет атқаруға мән береді. Биыл мереке қарсаңында да күшейтілген режимде жұмыс атқарылды. Ешқандай тосын оқиғалар тіркеле қойған жоқ. Жұмыс барысы қалыпты режимде өтті.

Жаңа жылға шырша құрылған әр аудан, қала маңындағы елді мекендердің орталық алаңына және Қызылорда қаласындағы бас шыршаға өрт сөндіру қызметінен арнайы техника бөлінді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кезекшілік құрылды.

- Жалпы, сала мамандарына қандай талаптар қойылады?

- Мамандар әрқашан оқиға орнына жылдам жетіп, төтенше жағдайдың алдын алуға тырысуы керек. Бұл – құтқарушылардың басты міндеті. Олардың әрқайсысы өз ісін жақсы білетін маманға айналуы тиіс. Өйткені құтқарушылардың тәжірибелі болғаны, жедел қимылдағаны, тез шешім қабылдай білгені өте маңызды. Басты талап – осы.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Олардың дайындығы қалай жүргізіледі?

- Әрбір төтенше жағдай – біз үшін үлкен сынақ. Онда дайындық, жауапкершілік, шеберлік таразыға тартылады. Әр сәттің бағасы бар. Қысқа уақыттың ішінде тез шешім қабылдауға міндетті екенің есіңнен шықпайды. Кейбір уақытта адам өмірін сақтап қалу үшін тәуекелге бел бууға тура келеді. Сын сағатта дұрыс шешім қабылдай білген жөн.

Мен әрбір әріптесіммен бірлесе жұмыс істеуге көңіл бөлемін. Қызметімді атқару барысында талай мәрте азаматтарды құтқарып, олардың алғысына бөлене білдік. Біз үшін ол – үлкен мәртебе. Мерейімізді өсіреді. Халықтың алғысын алғаннан асқан марапат жоқ. Әр төтенше жағдай барысында біз тиянақты жұмыс істеуге тырысамыз. Олай етпесең болмайды. Қолыңда адам тағдыры тұрғанын ұмытпау ләзім.

- Бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды?

- Мен 1988 жылы Қызылорда гуманитарлық университетін техник бағдарламашы мамандығы бойынша бітірген едім. Еңбек жолымды Тараз қаласында Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығында 2013 жылдың ақпан айында бастадым. Ал 2014 жылы Қызылорда қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінде радиотелефоншы болдым. 2015 жылдан бері қазіргі қызметімді атқарып келемін. Отбасылымын, бір ұл тәрбиелеп отырмын.

- Әңгімеңізге рақмет!