Адам саудасына қарсы күресте әлем бірігуі тиіс – БҰҰ Бас хатшысы

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM –  30 шілде — Адам саудасына қарсы күрестің Дүниежүзілік күніне орай БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл құбылысты «адам құқықтарын өрескел бұзатын, жантүршігерлік қылмыс» деп атады. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ агенттігі хабарлады.

Оның айтуынша, адам саудасы — алдау, мәжбүрлеу және қанауға негізделген қатігез әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған қылмыстық әрекет. Ол жылдам қарқынмен дамып келеді. Қылмыстық топтар халықаралық деңгейде заңдағы олқылықтарды пайдалана отырып, заңды салаларға еніп, жеткізу тізбектеріне кірігіп, көші-қон ағындарын өз мүддесіне қолданып отыр. Сондай-ақ олар технологияны да белсенді пайдаланып, интернет арқылы жыныстық қанау, киберқылмысқа итермелеу сияқты тәсілдермен құрбандарды бақылауда ұстайды.

— Біз дереу бірігіп, нақты әрекет етуіміз керек, — деді Бас хатшы.

Ол адам саудасын қолдайтын бизнес-модельді жойып, жазасыздықты тоқтатып, заңсыз табысқа жол бермеу, құқық қорғау органдары мен сот жүйесін нығайту қажет екенін айтты.

— Қылмыскерлер жауапқа тартылуы тиіс, — деп баса айтты Гутерриш.

Сондай-ақ ол азаматтық қоғаммен және жеке сектормен, әсіресе технологиялық компаниялармен серіктесе отырып, ақпараттандыру, алдын алу және әлсіз топтарды қорғау бойынша жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар жәбірленушілердің құқығын қорғау, мәжбүрлі көшіп-қонушыларды қолдау және кедейлік, теңсіздік, қақтығыстар мен климаттық дағдарыстар секілді негізгі себептермен күресу қажеттігін айтты.

— Адам саудасына қарсы күрестің осы Дүниежүзілік күнінде біз бірлесе әрекет етіп, құрбандарды қорғауға, кінәлілерді жауапқа тартуға және ешкім сатылмайтын, сатып алынбайтын, қанауға түспейтін әлем құруға күш салуымыз керек, — деп қорытындылады БҰҰ Бас хатшысы. 

Айта кетелік елде жыл басынан бері адам саудасына қатысты 285 қылмыстық іс тіркелген. Оның 28-і кәмелет жасына толмаған балаларға байланысты.