Адам саудасына қатысты заңнамалық база күшейтілді – Артур Ластаев
АСТАНА. KAZINFORM – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адам саудасына қарсы іс-қимыл қадамдарына қатысты түсінік берді.
«Қазақстан халықаралық қауымдастықтың бір бөлігі болғандықтан, бірқатар конвенция аясында адам саудасына қарсы күрес халықаралық міндеттемелеріміздің бірі саналады. Біріншіден, біз заңнамалық базаны нығайттық, оны халықаралық стандарттарға сәйкестендірдік. Қазіргі кезде ұлттық стандарттарды одан әрі жетілдіру тұрғысында тиісті талдау жасалып жатыр. Жалпы, Қазақстан мұндай қылмыстар саны бойынша алдыңғы қатарда емес. Адам саудасына қарсы іс-қимыл тек тергеу, қылмыстарды анықтау және сот арқылы жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету ғана емес екенін түсіну керек. Бұл тұрғыда тұтас әлеуметтік-экономикалық іс-шаралар жүзеге асырылады, яғни зардап шеккендерді тіркеуден бастап, оларды оңалтуға дейінгі ауқымды жұмыстар қамтылады», - деді А. Ластаева елордада адам саудасына қарсы іс-қимыл тақырыбына арған жиында.
Оның айтуынша, Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай ілгері қадам жасады. Қазір еліміз Орталық Азия өңірі мен посткеңестік кеңістікте, сондай-ақ басқа да елдердің алдына шығып отыр.
«Біз өз тәжірибемізді өзге мемлекеттердің өкілдеріне түсіндіруге дайынбыз. Сондықтан бүгін елордада өтіп жатқан конференцияда бірлескен қадамдарды пысықтаймыз», - деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
Оның сөзіне қарағанда, Ішкі істер министрлігі жылдың басынан бері адам саудасына қатысты 197 қылмыс тіркеген.
«Осы мерзім ішінде аталған санат бойынша (адам саудасы) біздің кеңсеге бірде-бір өтініш түскен жоқ. Атап айтқанда, адам құқықтарының бұзылуына қатысты өтініштер мен шағымдардың жалпы санының артуы байқалып отыр. Биылғы 9 айда бізге 4800-ден астам өтініш келіп түсті, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 10%-ға артық», - деді Артур Ластаев.
Еске сала кетейік, биыл шілде айында Мемлекет басшысы «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заңда адам саудасына қарсы іс-қимыл қағидаттары бекітілген, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де субъектілердің құзыреті бекітілген.