Адам саудасы асқынып тұр

АЛМАТЫ. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Адам саудасы асқынып тұр. Оны Қазақстандағы дағдарыстық орталықтар одағының төрайымы Зульфия Байсакова бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ішкі істер министрлігінің деректеріне қарағанда, 2008 жылы адам саудасына қатысты фактілер бойынша 44 қылмыстық іс қозғалған болатын. Зульфия Байсақованың айтуынша, биылғы жылы  алғашқы тоқсанда мұндай 10 қылмыстық іс қозғалды.

 " Қазақстан адам саудасында транзиттік ел болып саналады. Үкімет пен ҮЕҰ     адам саудасын ауыздықтауда бірқатар жұмыстарды атқаруда. Ол нәтижесіз емес. Дегенмен ол қоғамда әлі өзекті мәселелердің бірі боп қалуда. Біздің пайымдауымызша, ақпараттық кампанияларды әлі де көбейту қажет. Халық бұл туралы толық құлағдар емес. Сондықтан ақпараттық-ресурстық орталық құру керек. Онда адам саудасының құрбанына айналған адамдарға мемлекет есебінен психологиялық, құқықтық жәрдем беріліп, бейімдеу  жұмыстары жүргізілуі керек. Қазір бұл істі үкіметтік емес ұйымдар өз күштерімен ғана жүргізуде", дейді Зульфия Байсақова.