Адам шығыны бар - Алматыдағы апат

АЛМАТЫ. 27 маусым. ҚазАқпарат - Алматыда апат салдарынан 9 темір тұлпар күлге айналып, 40 адам қауіпсіз жерге шығарылды, 6 адам өрт баспалдағы арқылы құтқарылды.

Жанармай таситын көліктің жүргізушісі опат болды.

Аталмыш мәліметтер бүгін Алматыда жанармай таситын көлік жарылған, кейін өртке ұласқан жерде ұйымдастырылған шұғыл баспасөз мәслихатында жарияланды.

Көлік «Гелиус» компаниясына тиесілі екені анықталды. Оның сыйымдылығы - 8 тонна. Қазір жүргізушінің тұлғасы анықталу үстінде.

Басқа жапа шеккендер анықталмады, дейді Алматы қалалық ТЖД «Өрт сөндіру қызметі және апаттық құтқару жұмыстары» ММ бастығы Александр Ли.

Орын алған оқыс жағдай туралы хабар бүгін таңғы сағат 10.00-да ТЖ -ға түсті. Оқиға орнына алғашқы өрт сөндіру көлігі 10.07-де жеткен. Жалпы тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстарына 12 арнайы техника тартылды.

Бұған дейін хабарланғандай, жанармай таситын көліктің жарылуынан жақын маңдағы тұрғын үй отқа оранды. Салдарынан екі подъезд зақымданған. Өртке үшінші дәреже беріліп отыр.

Ал жапа шеккендерге өтемақы беріледі деп күтілуде.