Адам жанына арашашы болуы тиіс дәрігерлердің өзі қауіпті инфекциялар таратуда - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат // - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 3-і, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, қазіргі кезде Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен балалардың тек қана 38,7 пайызы ғана қамтылған. Бала-бақшаларға орта есеппен 100 орынға 111 баладан келеді. (қалалық жерде 120). Қалалық жерлерде әрбір үшінші бала, ауылдық жерлерде 100 баланың ішінен 5-уі ғана бала-бақшаға барады. «Сондықтан бала-бақша тапшылығын азайту -

күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та биылғы жылғы Жолдауында осы мәселені қадап айтып, «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру негізінде біз 2020 жылға қарай ауылдық және қалалық жерлерде бала-бақша тапшылығы толығымен шешіледі деп отырмыз», дейді Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев «Егемен Қазақстан» басалымындағы жарияланымында. Мәселенің жалғасын басылымның бүгінгі санындағы «Маңызды бетбұрыс» атты мақаладан оқисыздар.

Сондай-ақ басылымның бүгінгі санында Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы арнайы мақала жариялап, жақында ғана үкіметте қаралған тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы өзінің көзқарасын білдіріпті. Басқарма бастығының сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта 85 пайыз қазақ азаматтарының есімі қате жазылған. Соны жөнге келтіретін құжатты жасауға 10 жыл аздық етті. Тағы 3 жылға созбақ ойымыз бар. «Оны осы бағдарламаға дейін қабылдау қажет. Мұны айтып отырған себебім, бүгінгі күні азаматтардың есімі, ертеңгі күні не дүкеннің не шаштараздың немесе қандай да бір фирманың атауы болады да көшеге жарнама болып ілінеді. Ең өкініштісі, қате аты енді немерелерінің тегі болып қате жазылуда», дейді О.Асанғазы.

***

«Айқын» басылымының хабарлауынша, Еуропадағы қауіпсіздік

және ынтымақтастық ұымының өкілдері «қырғыз елінде ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу үшін» деген мақсатта осы елге 4 ай мерзімге ЕҚЫҰ-ның кеңестік тобын аттандыру жөнінде шешім қабылдаған. 4 ай ішінде орыс тілін жақсы білетін халықаралық ұйымның 52 офицері елдің оңтүстігінде болып, өздеріне тиесілі міндетті атқарып қайтпақ. Алайда бұған қырғыз елі, соның ішінде кейбір саяси партиялар мен жастар қозғалысы наразылық танытып отыр. Оның бірінші себебі «сыртқы күштер Ош және Жалал-Абад облыстарында тұрғылықты тұрғындардың көпшілігін құрайтын өзбектерді билікке тартады. Мұның арты өзбектердің Косоводағыдай автономия сұрауына әкеліп соқтырады. Ал екінші себеп, қырғыздар «елдегі жағдайды өзіміз-ақ реттейміз» деген ниетте. Бұл туралы «Айқынның» бүгінгі санындағы «Қырғыз билігі қақтығысты тексеруге кірісті» атты мақалада.

Сондай-ақ «Айқын» бүгінгі санында Ресей үкіметінің бірінші

вице-премьері Игорь Шуваловпен болған сұхбатты жариялаған. И.Шуваловтың пікірінше, Қазақстан үшін Орталық Азия одағынан

көрі Кедендік Одақ әлдеқайда тиімді. Себебі Ресей өзінің экономикалық потенциалы бойынша Қазақстан үшін өзге

Орталық Азия мемлекеттерінен маңыздырақ. Орталық Азия елдері экономикалық дамудың әр сатысында, оның үстіне экономиканы басқарудың әртүрлі тәсілін қолдануда. Яғни ол құрылған жағдайда кезекті формальды ұйым ғана болып қалар еді.

***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, құрғақшылықтан зардап шегіп, егіс алқабының 70 пайыздан астамы күйіп кеткен батыс облыстар келер жылы тұқым жетіспеушілігін көруі мүмкін. Мысалы Ақтөбе облысында - 78 мың, ал Батыс Қазақстан облысында 24 мың тонна бидай тұқымы жетпей қалу мүмкіндігі болжануда. Бірақ бұл тұста бәріне кінәлі құрғақшылық қана емес. Оған жүйелі тұқым саясатының болмауы мен сұрыптарды пайдаланудың ғылыми негізделген нормаларының сақталмауы да себеп. Мұның барлығы алдағы уақытта ескерілуі тиіс. Ал келер жылдың тұқым қорын жинау бүгіннен басталуы тиіс. Сенбі күні өткен Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде осы тектес өзге де бірқатар мәселелер көтерілді.

Ол туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Қуаңшылыққа қарамастан, биылғы астық жеткілікті болады» атты мақалада.

Сонымен қатар аталмыш басылым «Адам жанына арашашы болуы тиіс дәрігердің өзі аса қауіпті инфекция таратушы болып шықса, не дерсіз ?. Еліміздегі дәрігерлерді медициналық тексеруден өткізу шарасы осындай қауіпті дабыл қақтырарлық болып тұр. Тексеруден өткізілген 35 мыңнан астам дәрігердің 626-на гепатит және туберкулез диагнозы қойылған. Олардың басым бөлігі операция жасайтын хирургтер», деп жазады. Бұл мәселе жөніне «Алаш айнасы» басылымның бүгінгі санындағы «Есің болса, емханаға барма» атты мақаладан оқуға болады.

***

«Астана ақшамы» басылымының хабарлауынша, «Денсаулық» медициналық поезының жолға шыққанына бір айға жуықтапты. Осы уақыт аралығында 4 мың 568 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінді.

Ал жалпы қаралған азаматтардың саны - 18 мың 883. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Медициналық көмек көрсетілуде» атты мақаладан оқисыздар.

***

«Литер» басылымының жазуынша, француз актері Жерер Департье тағы да қазақстандық фильмге түсетін болды. Бүгінгі таңда отандық киноиндустрияның болашағы сценарий мен тәжірибелі режиссерден ғана емес, актерлерға да байланысты. Сондай-ақ қазір түсірілген туынды елімізде де шет елде де сұранысқа ие болуы үшін оған ең құрығанда 1 танымал жұлдыз қатысуы керек. Әзірге біз бұл бағытта көбіне ресейлік актерларға иек артып отырмыз. Ал француздық актермен жасалған мұндай келісімді нағыз жетістік деп бағалауға болады. Бұл туралы «Литер» бүгінгі санындағы «Он обещал вернуться» атты мақалада.