Адамдар айналадағы толған агрессиядан, теке-тірестен шаршады – Мемлекет басшысы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде адамдар айналадағы толған агрессиядан, теке-тірестен шаршады. Бұл туралы бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Билік мемлекетіміздің дамуына, болашағына пайдасы тиетін кез келген оң өзгерістерге дайын. Ұлттық кеңес осындай жұмыста маңызды рөл атқаруы керек. Өздеріңіз көріп отырсыздар, бұл жерде ел мен жер тағдырына қатысты аса маңызды, күрделі мәселелер ашық талқыланады. Кеңесте көтерілген түйткілді мәселелер қоғамда да қызу пікірталасқа түсіп жатыр», - деді Қасым-Жомат Тоқаев.

ҚР Президентінің пайымынша, мұның бәрі халқымыздың саяси әрі құқықтық мәдениетінің артқанын айқын көрсетеді.

«Бірақ, мәселе тек саясатта ғана емес. Көп нәрсе адамдар арасында, отбасында, яғни күнделікті өмірде ұстанатын қарапайым құндылықтарға байланысты. Шындығын айтқанда, бүгінде адамдар айналадағы толған агрессиядан, теке-тірестен шаршады. Сондықтан жақсылықты молайтуымыз керек. Ізгі ниетті болуды үйренуіміз керек. Мейірімді, ақылды, бекзат болу орнықты даму мен рухани өрлеудің қозғаушы күші болуы тиіс. Осы арқылы біз әділ қоғам мен өркениетті мемлекет құра аламыз. Мақсаттарымызға бір халық болып, ынтымақ пен келісімнің арқасында жетеміз деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.