Түрксіб ауданының тұрғыны Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевпен кездесу барысында көмір қоймасына қатысты мәселені көтерді.
«70-ші разъездегі адамдар көмір шахтасында тұрады. Олардың үйінен 20 метр қашықтықта екі көмір базасы орналасқан. Көмір қоймасын қала сыртына көшіру керек. Мұндағы үйдің барлығына газ тартылған, бізге бұл шахталардың қажеті жоқ. Аудан әкімдігі деңгейінде бұл мәселе шешілмейді, өйткені жерді олар берген жоқ. Бастапқыда олар мүлде басқа мақсатты көздеген. Біз бұл мәселені 33 жылдан бері шеше алмай келеміз», – дейді аудан тұрғыны.
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, бұл жер жекеменшік.
«Бұл жер жекеменшік. Сіз үйге газ тартылды, енді көмір базалары керек емес дейсіз. Бірақ, өкінішке орай, қаладағы барлық үйлер газдандырылған жоқ. Бір жылдың ішінде қаланы толығымен газдандыруға тырысамыз. Меншік иелерімен келіссөздер жүргізуге болады, бірақ олар менен жер сұрайды, одан да басқа мәселелер бар. Келіссөздер процесін бастайық, бірақ мен тез шешуге уәде бермеймін. Олармен болашақта не қалайтындарын талқылауға тырысайық. Көмір Алматы облысына тиесілі болса, облыс әкімімен сөйлесіп көмір қоймаларын басқа жаққа көшіртуге тырысамыз», - деді Алматы әкімі.
Бұған дейін «Номад» тұрғын үй кешенінде тұратын алматылықтар әкімнен ауыр машина жасау зауытының жұмысы тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізіп жатқандықтан оны қала сыртына көшіруді сұраған болатын.
Сондай-ақ Жетісу ауданының тұрғындары цемент зауытының жұмыс істегеніне наразылық білдірген еді.