Адамдардың мазасын алатын көше саудагерлерi мен балгерлерге айыппұл салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Адамдардың мазасын алатын көше саудагерлерi мен балгерлерге айыппұл салынады. Бұл туралы бүгiн елорда әкiмдiгiнде өткен Әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексiнiң жаңа баптарын түсiндiруге бағытталған семинарда Астана қаласы прокурорының аға көмекшiсi Шолпан Көшенова мәлiм еттi.

Қоғамдық орындарда адамдарға тиiсу сынды құқық бұзушылықтың жаңа түрi пайда болды, мәселен оған кәсiпкер болып табылмайтын тұлғалардың тауарларды сатып алу, сату немесе айырбастау мақсатында мазаны алу, бал ашу, жыныстық сипаттағы және өзге де қызметтер ұсыну жатады. Ендi оларға айыппұл қарастырылған. Егер қайталанатын болса, одан қатаң жауапкершiлiкке тартылады. Егер бұл құқық бұзушылықты шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлға жасаған болса, әкiмшiлiк қамауға алынып, ҚР аумағынан шығарылады", - деп атап өттi ол.

Осылайша, қаладағы қоғамдық орындарда көшеде адамдарға өз тауарларын тықпалап, сатып алуға үгiттейтiн тым беймаза "саудагерлерге" және балгерлерге, сондай-ақ "түнгi көбелектерге" қомақты сомада айыппұл салынады.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексiнiң жаңа редакциясы 2015 жылдың 1 қаңтарында күшiне ендi.