Адамдардың сеніміне кіру арқылы 5 миллион теңгені иемденген алаяқ тұтқындалды

АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Астана қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері адамдардың сеніміне кіру арқылы 5 миллион теңгені иемденген елордалық алаяқты қолға түсірді.

Бұл ақпаратты аталған ведомствоның тіл саясаты және ақпарат бөлімі таратып отыр.

32 жастағы елордалық азамат жас келіншекпен танысып, оның сеніміне кіру үшін мейрамханаларға қыдыртып, өзінің «дос» болғысы келетін көңілін білдіреді. Әйел сеніміне ие болған алаяқ келіншектің жақындарымен танысып, бір күні жас әйелдің әкесінен көлік сатып алуға қарыз ақша сұрайды. Қыз әкесінің қолма-қол ақшасы жоқ екендігін естіген алаяқ айсайынғы төлемді уақытылы өзі өтеп тұратындығын айтып, банктен несие алып беруін өтінеді. Қызының сеніміне кірген оның сөзіне алданған әке Ресей жинақ банкінен жалпы сомасы 3 850 000 теңгені ағасының атына рәсімдеп, алып береді. Сонымен қатар алаяқтың өтінішімен келіншек пен оның сіңлісі де 1 150 000 теңгені құрайтын несие рәсімдеп, қолына ұстады.

Жоспары орындалған жігіт қалтаға ақша түскеннен кейін танысымен, оның туыстарымен арадағы байланысты үзген. Қазіргі уақытта алаяқтың дәл осындай тәсілмен басқа да адамдардың ақшасын иемденіп кеткендігі белгілі болып отыр.

«Тұтқындалған азаматтың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Олардың арасында ҚР ҚК 177 бабы да бар. Бұл бап бойынша мүлкін тәркілеу арқылы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», делінген баспасөз хабарламасында.