Адамдарға көмектескім келіп тұрады – түркістандық дәрігер

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Тәулік бойы алғашқы көмек көрсетуге асығатын жедел жәрдем қызметкерлері қиын да қызықты сәттерге көп кездеседі. Тіпті, өмірлеріне қауіп төнетін кездер де көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістандық Құралай Шалабаева жедел жәрдем қызметінде 22 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында ақ халатты абзал жан көптеген науқастарға алғашқы көмек көрсетіп алғысын алған. Тіпті, өлім мен өмірдің ортасында қалған жандарға да көмек беріп, қол ұшын созған кездері көп.

«Шақырту бойынша барған үйіміздің ауласы кең екен. Тіпті үй қақпадан біраз жерде орналасқан. Содан біз қолымыздағы құрылғылармен кіріп бардық. Сол сәтте науқас есін жоғалтып, клиникалық өлімге кетті. Қолымда көгеріп барады. Көмекшімді дефибрилляторға жұмсадым да, өзім көмек көрсетуге кірісіп кеттім. Өзі де кішкене ащы судан ішкен екен, арасында құсып жатыр. Оған қарайтын біз жоқ, аузынан үрлеп, ауа беріп, кеудесін ұрғылап бетін бері қараттық. Содан ауруханаға алып бардық. Есін жиған соң, ол мені неге ауруханаға алып келгенсіңдер деп ашуланып, шу шығарғаны бар»- дейді ол.


Жалпы Құралай Тынысбекқызының еңбек жолында мұндай сәттер көп. Мәселен, жаңа туған жас ананың да өмірін сақтап қалған. Көп қан кеткендіктен жолда қажетті ем-дом жасап, ауруханаға жеткізген. Ал, нашақорлардың ортасына түсіп қалуын бүгінде қызықты жайтқа балап, күліп еске алады.

«Бірде шақыртуға барғанымызда 4 нашақордың ортасына түсіп қалдық. Екі қызбыз. Қатты қорықтық. Содан қулыққа басып, бір құрылғының керек екенін айтып көлік жүргізушісін шақырдық. Ол ішке енгенде көңіліміз орнына түсіп, науқасқа көмек көрсетіп, тез тез кетіп қалдық» - дейді аға дәрігер.

Құралай бала кезінен иттен қатты қорқады. Сол сәби күнгі қорқыныш әлі де сейілмеген. Сондықтан шақыртуға шыққанда итті көрсе «үркіп» тұрады.

«Шақырту бойынша үйлерге барсақ, көпшілігінің қақпасының алдында ит тұрады. «Қаппайда, қаппайды, кіре бер» деп жатады. Бірде бір үйдің ауласына кірсек, алдымызда үлкен алабай тұр. Алғашқы да байқамай қалдық. Бізге қарай үре бастағанда қорыққанымнан айқайлап, қасымдағы әріптесімнің үстіне шығып кетіппін. Қолымдағы заттарымды басына қойып, екі аяғыммен арқасына мініп алғанмын. Оны өзімді байқамай қалдым. Біздің әрекетімізді көрген ит бізден қашып кетті»- дейді ол.

Бүгінде Құралай Шалабаева Түркістан облыстық жедел жәрдем беру станциясының оперативті бөлімінде аға дәрігер қызметін атқаруда. Бос кезінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып тұрады. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Денсаулық фестиваліне» қатысып, алғыс хаттарға ие болған. Одан бөлек 22 жылдық еңбек жолында ҚР жедел медициналық жәрдем қауымдастығының «Үздік қызметкер» төсбелгісімен марапатталған.

«Адамдарға көмектескім келіп тұрады. Әрі науқасқа алғашқы көмек көрсету менің азаматтық борышым деп білемін. Ең маңыздысы марапат емес, халықтың алғысы одан да қымбат. Жасы 90-ды алқымдаған әжемізге алғаш көмек көрсеттік. Арада бірнеше күн өткен сол әжей маған арнап өлең шығарып, беріп жіберіпті. Мен үшін үлкен мотивация болды. Ол өлеңді көзімнің қарашығындай сақтап келемін» - дейді аға дәрігер.