Ол патрульдік полиция полкінің инспекторы Руслан Мұқашев есімді азамат болып шықты.
«Көмекке мұқтаж жандарға жиі көмектесіп тұрамын. Маған егде жастағы қариялар мен жолда қиын жағдайға қалған әйелдер де кездесті. Facebook-те жарияланған алғысқа қатысты айтсам, ол күні Көк базар маңынан өтіп бара жатқанмын. Сол кезде көлігінің қасында жан-жаққа қарап, алаңдап тұрған әйелді көрдім. Оған көмек қажет екені белгілі еді. Тоқтап, қасына барғанда көлігінің дөңгелегінен жел шыққанын көрдім. Мен «көмек қажет пе?» деп сұрағанда, ол баласын күтіп тұрғанын айтты. Бірақ, кейін белгілі болғандай, баласы да дөңгелек ауыстыра алмайды екен. Сосын өзім көмектесейін деп шештім», - деді Руслан Мұқашев.
Руслан Мұқашев 19 жасынан бері ішкі істер органдарында қызмет етеді. Ефрейтор шенінде қызметін бастаған ол қазір аға лейтенантқа дейін өсті. Қазір ол 27 жаста.
Адамдарға көмектесуді өзінің борышы санайды.
«Егер әлдебір кісіге көмектесу қолымнан келсе, міндетті түрде көмектесемін. Мені бала кезімнен солай тәрбиеледі. Отбасымда тұңғыш баламын. Мектеп жасынан органдарда қызмет еткім келді. Бала кезімнен болашақта форма киетін қызметте болатынымды білдім. Бірақ, қандай форма киетінімді білген жоқпын. Мен қазір полицеймін, оған өкінбеймін де. Өзімнің қызметіме өте разымын. Себебі, біз қоғамдық тәртіптің сақталуына атсалысамыз. Маған ол ұнайды», - деді ол.
Полицей сондай-ақ қала жолдарында қандай жүргізушілер жиі кездесетінін айтты.
«Өз қызметіне адал полицейлер өте көп. Дегенмен, кей жүргізушілер жол жүру ережесін біле тұра оны әдейі бұзып, шағымданып, арандатуға дейін барып жатады. Біз түсіністікпен қарауға тырысып, оларды сабырға шақырып жатамыз», - деді инспектор Руслан Мұқашев.