Адамдарға шапқан аш қасқырды атып өлтірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Беларусьтегі Брагинск ауданында адамдарға шапқан ұрғашы қасқыр атып өлтірілді. Бұл туралы БЕЛТА тілшісіне жергілікті аңшылық ұйымның мүшесі Роман Гелезник айтқан.

«5-6 қаңтар күндері аңшылар тобы түнде көру құрылғысымен қасқырдың ізіне түсті. Түз тағысынан зардап шеккендер оның өте ірі екендігін айтқан болатын. Біз жалғыз жортқан ұрғашы қасқырды атып өлтірдік»,-деді ол.

Комарин кентінде аталған қасқыр 2 қаңтар күні ер адамға шабуыл жасап, оның қолын жаралап кеткен.

Екінші оқиға да осы маңайда жанармай құю станциясының жанында болған. Сауда дүкеніне велосипедпен келген адамға тосыннан қасқыр шапқан. Әлгі азамат жанталаса қарсыласқанымен жыртқыш оның да қолын жаралап кеткен.  

Түз тағысынан зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп, құтырмаға қарсы арнайы екпе егілді.