— Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының мал шаруашылығын дамыту моделі бүкіл елімізге таратылып, кеңейіп жатыр. Мені таңғалдырғаны — етті мал шаруашылығын дамытуға соншалықты ұзақ жол жүруіміз. Қазір Солтүстік Қазақстанға Аустралиядан ірі қара әкеліп жатырмыз. Демек, өңірде ертең ет комбинаттарының жұмысы қайта жанданып, тек шикізат емес қайта өңделген өнім мен басқасын да өндіретін боламыз. Бүгінде бәрі экологиялық таза өнімімізді қалайды. Ал біздің осы нарықты толтырмауға еш құқығымыз жоқ. Неге? Өйткені бүгінгі өмір өте жылдам өтеді. Бұл орынды біз иеленбесек, онда басқа біреу табылады, — деді Геннадий Зенченко.
Оның пайымынша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер елді-мекендерді дамыту, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсарту арқылы мемлекетке қолдау көрсетуі тиіс. Бұл ең алдымен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өздеріне керек.
— Өйткені бүгінде адамдарды ақшамен ауылда ұстап қала алмайсың. Олар баласының, өзінің, отбасының тыныштығын қалап, өзін қалалықтардан бір кем емес деңгейде сезінгісі келеді, — деді ол.
Ол шетелдіктер Қазақстанда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына қандай қолдау көрсетілетінін естігенде таң қалатынын айтады.
— Қазіргі уақытта жерде жұмыс істеу үшін мығым іргетас қаланды. Тек жерге «келдім, ектім» деп қарамай, сол жерде қалай жұмыс орнын ашуға болатынын ойлану керек. Өйткені бүгінде ауылдағы жалғыз тірек кәсіпорын — бұл қандай түрі болса да мал шаруашылығы, — деді Геннадий Зенченко.
Айта кетейік, елімізде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны екі еседен астам өсті.