«Адамның санасы әлемді өзгертеді, қиындықтан теңдік пен әділет құтқарады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 21 желтоқсан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілігімен кеше палатаның кезекті жалпы отырысы өтті. Жалпы отырыстың күн тәртібіне сәйкес депутаттар Мемлекеттік шекара және Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлеріне қатысты заң жобаларын қарады. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Жеделдікті қамтамасыз ету - ел қауіпсіздігінің басты кепілі» деген тақырыппен жарияланды. Басылымның атап өтуінше, жаңа заң жобасында Мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету жөніндегі міндеттерді орындау кезінде еліміздің уәкілетті органдарының қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолдану шарттары мен шектері айқындалған. Бұдан басқа, заң жобасымен Үкімет жанынан елдің шекаралық саясатын қалыптастыру бойынша ұсыныстарды тұжырымдайтын Мемлекеттік шекаралық комиссия да жұмыс істейтін болып шешілген.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметовпен арада өрбіген сұхбат «Адамның санасы әлемді өзгертеді, қиындықтан теңдік пен әділет құтқарады» деген тақырыппен берілген. Дүйім жұртты дүрліктірген 21 желтоқсанда болады-мыс деген   ақырзаман қауесетіне орай алынған сұхбат барысында ғалым бұл жайында бұған дейін де талай айтылғанын тілге тиек ете келе: «Ал ке­йінгі кездері бұл әңгіменің тілге тиек бо­лып жүргені, америкалық үндістердің ішін­дегі жазу-сызуы бар Майя өркениетінен қал­ған жазуларда, қазіргі біз өмір сүріп жат­қан Григорий күнтізбесі бойынша 2012 жылдың 21 желтоқсанында түнгі мезгіл ке­зінде күн мен түн теңеліп, сол кезде «Пла­неталар шеруі» басталатыны айтылған. Пла­неталар шеруі дегеніміз - Күн жүйесіне кіретін бір­неше планетаның, оның ішінде Жер де бар, өз орбиталарында айнала жүріп, бір сы­зықтың бойына тізілуі. Сол бір сы­зыққа тізілген планеталар астрономия ғы­лымында қолданылып жүрген қара қуысқа (черная дыра) қарай бағытталады екен. Әрине, мұн­дай жағдайда күтпеген құбы­лыстардың орын алу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмас»,-  деді.

  

Осы басылымның жазуынша, Техас штаты Хьюстон қаласында АҚШ-тағы алғашқы қазақ мектебінің ресми ашылуы өтті. Мектеп Хьюстонда тұрып жатқан отандастарымыздың күшімен, Елшіліктің қолдауымен ашылды. Мектеп ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істей бастады. Бірақ оның ресми ашылуы еліміздің басты мерекесіне орайластырылды. Бүгінгі күні мектепте шамамен 20 оқушы білім алады, олар жас ерекшелігіне қарай екі топқа бөлінген. 3-6 жас аралығындағы балалар «Ба­лапан» тобында, ал 7-12 жас ара­лығындағылар «Тұлпар» тобында. Сабақтар жексенбі күні арнайы сыныптарда өтеді, онда оқушылар «Әліппе» мен қазақ тіліндегі өлеңдерді, мақал-мәтелдерді оқиды, халық әндерін және билерін үйренеді. «Бірақ мұхиттың арғы жағындағы мұнайлы қала Хьюстенде қазақ мектебі ашыл­са, көршіміз Ресейде жабылып жатыр. Қазір көрші елде тек қана Алтай өлкесінде жалғыз қазақ мектебі қалған. Қазақтар көп тұратын кейбір облыстарда - Астрахань, Орынбор, Омбыда, Алтай республикасының Қосағаш секілді жерлерінде қазақ тілі тек пән ретінде оқытылады», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Хьюстонда қазақ мектебі ашылды» деген тақырыптағы мақаласында.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Дәрінің зәру дүниеге айналғаны қалай?» атты мақалада елімізде кейбір ауру түрлеріне қарай мемлекет тарапынан тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қарастырылғандығы, 42 аурудың түрі бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі тиістігі, дегенмен осыған қарамастан жыл сайын әр жылдың аяғында тегін дәрі-дәрмек таусылып қалып, халықтың әбігерге түсуі толастамай тұрғандығы кеңінен баяндалады. «Айта кетер жайт - тегін дәрі-дәрмекпен сырқаттың ауыр түріне шалдыққан науқастар қамтылуы тиіс. Мұндай науқастарға шипа болар дәрінің де бағасы айтарлықтай қымбат. Ал еліміздегі кейбір науқастар дәріні 50 пайыздық жеңілдікпен қол жеткізуге құқылы еді. Осыған қарамастан жыл аяғында туындайтын дәрі-дәрмек тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр», - деп жазады басылым.