Адамның жанын тазаламай тұрып, тәнін емдеу мүмкін емес - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің халық медицинасы жөніндегі маманы

АЛМАТЫ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Медициналық білім беру жүйесінде қазір сынықшылық пен шөппен емдеу сияқты халықтық емдеу әдістері төмен деңгейде тұр.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің халық медицинасы жөніндегі бас маманы, ҚР Халық рухани емшілері мекемесі және Акредитациялау орталығының директоры Шәкен Шынтаев кеше Алматыда өз жұмысын аяқтаған 2 күндік «Еңбек нарығының жаһандану жағдайында медициналық білім беру» деп аталатын халықаралық конгресс барысында айтты.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, қазір әлем халықтарының 65 пайызы көбіне-көп дәстүрлі халық медицинасына жүгінеді. Бұл үрдіс, әсіресе, Азия елдерінде кең қанат жайған. Өкінішке орай, елімізде бүгінгі таңда елімізде медицналық білім беру жүйесінде дәстүрлі халық медицинасы өз орнын таппай отыр. Сондықтан бұл мәселе ағымдағы жылы Қазақ үздіксіз білім беру медицина университеті болып қайта құрылғалы отырған Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының алдағы уақытта айрықша назарында болуы тиіс», - дейді профессор Ш.Шынтаев.

Шәкен Мұқанұлының сөзіне қарағанда, адамның жанын тазаламай тұрып, тәнін емдеу мүмкін емес. Батыстың химиялық емдеу әдістемесінің пайдасымен қатар зиянды тұстары да жеткілікті. Сондықтан сынықшылық, шөппен емдеу сияқты халықтық емдеу әдістерін қайта жаңғыртып, білім жетілдіру институтында біліктілік пен әдістемеге көбірек көңіл бөлу қажет.