Адамның жынысы өмір бойы өзгермейді деген пікірі үшін жұмыстан қуылған әйел сотта жеңіп шықты

ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Британ соты гендер жайлы сыни твитінен кейін жұмысынан айырылған Майя Форстатерге 100 мың фунт стерлинг (шамамен 127 мың доллар) өтемақы төлеу жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC агенттігіне сілтеме жасап.

2019 жылы Майя Жаһандық даму сараптамалық орталығында (CGD) салық сарапшысы болып жұмыс істеп жүрген.

Сол жылы наурыз айында ол өзінің Twitter парақшасында адам не істесе де, биологиялық жынысын өзгерте алмайтыны туралы пост жазады.

Сол твиттен кейін жұмыс орны Майямен келісімшартты әрі қарай созбай қойған.

Еңбек дауларын реттеу трибуналы оның келісімшартын ұзартпау туралы шешім кісіні кемсітуге жатады деген қорытындыға келді.

Сот өтемақы ретінде бұрынғы жұмыс орнын әйелге 91,5 мың фунт стерлинг және оны кешіктіргені үшін тағы 15 мыңға жуық фунт стерлинг өсімпұл төлеуді міндеттеді.

Sex Matters («Жыныс маңызды») ақпарат науқанын бастаған Форстейтер кез келген адамның биологиялық жынысы өмір бойы өзгеріссіз қалады және оны гендерлік сәйкестікпен шатастырудың қажеті жоқ деп санайды.

Оның айтуынша, сот шешімі жұмыс берушілерге «мұның нағыз кемсіту» екенін анық көрсетіп отыр.

Форстейтерді жеңісімен бірінші болып құттықтағандар қатарында Гарри Поттер туралы кітаптардың авторы, жазушы Джоан Роулинг бар.

Ол да кезінде гендерлік мәселедегі ұстанымы үшін бірнеше рет әлеуметтік желіде жеккөрінішке ұшырап, мазаққа айналған болатын.

Судьялардың пікірі де екіге бөлінді.

Форстейтер 2019 жылы жүгінген бірінші сатыдағы сот оның шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Судья талапкердің көзқарасы «демократиялық қоғамда құрметке лайық емес» деп мәлімдеді.

Содан кейін Майя апелляциялық шағым түсірді және екі жылдан соң Жоғарғы соттың судьясы оны қолдады.

Ол Форстатердің бұл мәселе бойынша жеке пікірге құқығы бар екенін және ол 2010 жылы парламент қабылдаған Теңдік туралы заңмен қорғалғанын айтты.

Іс қайта қарауға жіберілді.

Сөйтіп өткен жылы шілдеде апелляция соты Майяны жеке көзқарасы үшін «тікелей дискриминацияға» ұшыраған деп шешті.

Өтемақы тағайындау туралы соңғы сот шешіміне жауап берген CGD өкілі орталықтың әрқашан өз қызметкерлеріне қауіпсіз және инклюзивті атмосфера қамтамасыз етуге тырысатынын атап өтті.