Адамзат бір-біріне айтылған уәжді ести аламағаннан зардап шегіп отыр - Равиль Гайнутдин

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Барша адамзат пен дін көшбасшылары әлемдегі бейбітшілік үшін ғибадат қылуы керек. Бұл туралы РФ Мұсылмандары рухани басқармасының төрағасы, Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адамзат бір-біріне айтылған уәжге құлақ аспай, осының салдарынан зардап шегіп жатыр. Бұл кемшілік адам табиғатына тән емес. Өзара байланысты қалпына келтіріп, бейбітшілікті қорғау үшін жер бетіндегі түрлі пікірлерді тыңдауымыз керек. Біз өзара келісім жолымен жүруіміз керек», - деді Р. Гайнутдин Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде.

Оның айтуынша, қазіргі кезде адамзат өзгерістерге толы кезеңде өмір сүріп жатыр. Бейбітшілік пен адамгершілік бағытындағы уағыздардың қазіргі сансыз шиеленістердің алдын ала алмағаны өкінішті жағдай.

«Барлық ізгі ниетті адамзат, дін көшбасшылары әлемдегі бейбітшілік үшін дұға етуі керек. Осы бейбітшілік құндылығын уағызбен, өсиет арқылы жақындату маңызды», - деді Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы.

Оның пайымынша, қазіргі қақтығыстардың түпкі себебін халыққа жете түсіндіру керек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтіп жатыр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дін көшбасшыларының адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлесін атады.