Адамзат тарихтың ең қиын кезеңін бастан кешіп жатыр – Мәскеу және Ресей патриархы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне арнайы үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» пленарлық отырысында Мәскеу Патриархатының Сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің төрағасы Митрополит Волоколамский Антоний Мәскеу және Ресей патриархы Кириллдің құттықтау сөзін оқып берді.

«Бұл форум пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамдардың рухани және қоғамдық өміріндегі діни көшбасшылардың рөліне арналған. Бүгінгі таңда адамзат заманауи тарихтың ең қиын кезеңдерінің бірін бастан кешіп жатқанына күмән жоқ. Коронавирус пандемиясынан туындаған қиындықтарға азық-түлік, энергетикалық және экономикалық проблемалар қосылды. Бұл мәселелер адамгершілік құндылықтарға сүйенбестен әлемді құру әрекеттерінен туындады және соңғы 20 жылда халықаралық қатынастардағы әділет түсінігінің жоғалуына ғана емес, қатал қақтығыстарға, соғыс шиеленістеріне, әлемнің түкпір-түкпірінде терроризм мен экстремизмнің таралуына әкеп соқты», - дейді Мәскеу және Ресей патриархы Кирилл.

Оның айтуынша, қазір адамдарға ақпарат ағынында бағдар табу, идеологиялық үгіттерге қарсы тұру, парасатты ақыл мен рухани әлемді сақтау бұрынғыдан да қиын.

«Біз тарихи фактілердің бұрмалануына және бұқаралық сананың бұрын-соңды болмаған манипуляцияларына куә болып отырмыз. Сондықтан да қоғамда сүйіспеншілік, мейірімділік пен жанашырлық азайып барады. Қоғамдық кеңістікте біз бүкіл халықтарға, мәдениеттер мен діндерге жеккөрінішке толы сөздерді жиі естиміз және оқимыз. Әлемнің кейбір әміршілері сайлаған диктатура, бәсекелестік және конфронтация жолы адамзатты ажалға жетелейді. Мұндай жағдайда діни сенім адамдардың көзін ашып оларды диалог пен ынтымақтастық жолына қайтара алады, өйткені дәстүрлі діндерде адам болмысының негізгі адамгершілік қағидаттары тұрақты болып қала береді», - дейді патриарх Кирилл.

Өз сөзінде Мәскеу мен Ресей патриархы барлық елден беделді дін көшбасшыларын бір ортаға жинағаны үшін Қазақстан билігіне алғыс айтты.

«Қазіргі қиын жағдайда диалогты көру мүмкіндігі – өте құнды ресурс. Бұл қазіргі проблемаларды шешу жолындағы маңызды қадам. Дін көшбасшыларының бітімгершілік диалогы және адамдардың санасы мен жүрегіне әсер ете алуы қазіргі сын-қатерлерді еңсеруге, халықаралық қатынастарды үйлестіруге, әділ тәртіп әлемін орнатуға ықпал ете алады және солай етуге тиіс деп сенемін. Съезге қатысушыларға мазмұнды әрі пайдалы сұхбат, өзара түсіністік пен келісім тілеймін», - деді Мәскеу мен бүкіл Ресей патриархы.