Түркия ауыл шаруашылығын сақтандыру тәжірибесін Қазақстанмен бөлісуде - TRT
Түркияның Ауыл және орман шаруашылығы министрі Ибрахим Юмаклы ел астанасы Анкарада Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және онымен бірге келген делегациямен министрлікте кездесті.
Кездесуден кейін Түркия мен Қазақстан арасында ауыл шаруашылығы саласындағы 4 ынтымақтастық келісіміне қол қойылды.
Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Қол қою рәсімінен кейін ұйымдастырылған ортақ баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Юмаклының айтуынша, өткен жылы ауылшаруашылық саудасы 300 миллион долларды құрады, енді алдағы жоспар — ынтымақтастық әлеуетті арттыру.
Юмаклы ауыл шаруашылығын сақтандыруға қатысты түпкілікті мақсат ретінде, Түрік Мемлекеттері Ұйымының ауылшаруашылық сақтандыру қауымдастығының құрылуы керек екенін мәлімдеген.
Ал, Айдарбек Сапаров екі ел арасындағы ауылшаруашылық тауар айналымын екі есеге арттыра алатындарын айтқан.
Бейжіңде Абай оқулары өтті – «Халық газеті»
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбаевтың құрметіне ұйымдастырған «Абай оқулары» іс-шарасы 9 тамыз күні Бейжіңде өтті.
Жиналысқа Қытай мен Қазақстан үкіметінің лауазымды тұлғалары, Қытайдағы шетел елшілері, Абай шығармаларын аударып, таратушы мамандар, Қытай-Қазақ мәдениетіне қызығушылық танытушылар, екі елдің БАҚ өкілдерінен жүзден аса адам қатысты, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».
Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы елшісі Шахрат Нұрышев Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығын жиналған жұртшылыққа таныстырып, екі ел арасындағы баянды қарым-қатынасқа тоқталды. Елші сөз соңында Абайдың тәрбиелік сипаты жоғары өлеңін оқыған.
Қытай тарапының өкілі Абай Құнанбаев Қазақстанның ұлы ақыны, ойшылы және қоғам қайраткері ғана емес, ол әлемдік мәдени тұлға екенін айтып, екі ел арасындағы рухани дәнекерлік болмысын дәйектеді. Қытай мен Қазақстан тату көрші, адал дос, жақсы серіктес, жақын ағайын екенін баса айтып, екі ел көшбасшыларының басшылығында Қытай-Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың болашағы нұрлы бола беретініне сенім білдірген.
Абай шығармаларын Қытай тілінде сөйлеткен Әкбар Мәжитұлы онлайн сөз сөйлеп, іс-шараның табысты ашылуына ізгі тілегін жолдады.
Сондай-ақ, осы аптада «Халық газеті» басылымында «Алашанькоу портынан өткен Қытай-Еуропа пойыздарының саны 40 000-нан асты» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, 13 тамызда киімге, автокөлік бөлшектеріне және басқа да тауарларға толы Қытай-Еуропа пойызы Алашанькоу теміржол портынан шығып, Польшаның Малашевич қаласына қарай бет алды. 2011 жылы Алашанькоу порты арқылы алғашқы Қытай-Еуропа пойызы елден шыққаннан бері Алашанькоу кеденінің бақылауындағы Қытай-Еуропа пойыздарының жалпы саны 40 000-нан асқан.
«Алашанькоу теміржол порты арқылы өтетін алғашқы Қытай-Еуропа пойызынан 10 000-нан астам пойыздың өтуіне дейін 8 жыл қажет болды. Ал 10 000-нан 20 000-ға дейін 22 ай, 20 000-нан 30 000-ға дейін 20 ай, 30 000-нан 40 000-ға дейін небәрі 17 ай уақыт жұмсалды. Осы мәліметтер жиынтығынан Қытай-Еуропа пойызының халықаралық өнеркәсіптік тізбектің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңыздылығы артып келе жатқанын көруге болады», - деп жазды «Халық газеті».
Жыл басынан бастап порт арқылы өтетін Қытай-Еуропа пойызының саны күніне орта есеппен 21 пойызды құрады, бір күнде ең көбі 29 пойызға жеткен.
Айта кетейік, қазірге дейін Алашанькоу теміржол порты арқылы өтетін Қытай-Еуропа пойызының желісі 120-ға жетті, олар Ұлыбритания, Қазақстан, Өзбекстан сияқты 21 елге барады.
«Ұлы жібек жолы» халықаралық раллиіне қатысушылар Иранның 10 облысынан өтеді - «Parstoday»
«Ұлы жібек жолы» халықаралық раллиі ресми түрде Түркияның Стамбұл қаласында басталып, Базарган шекаралық бақылау-өткізу пункті арқылы Иранға кіріп, Баджгиран бекеті арқылы Иран жерінен шығып кетті. Аталған халықаралық раллиіне қатысушылар бес күн бойы Иранның 10 облысын басып өтіп, Түркіменстанға кетті, деп хабарлайды Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі.
Ирандық БАҚ-тың мәліметінше, «Ұлы жібек жолы» халықаралық раллиіне қатысушылар Иранның Батыс Әзірбайжан, Шығыс Әзірбайжан, Занджан, Қазвин, Альборз, Теһран, Мазандеран, Гүлістан, Солтүстік Хорасан және Хорасан-е Разави облыстарынан өтіп, осы өңірлердің табиғи, тарихи, мәдени және туристік тартымдылықтарымен танысқан.
Айта кетейік, Раллиге Франция, Италия, Бельгия, Түркия мен Германиядан жиналған 23 адам 10 классикалық көлікпен қатысып жатыр. Ираннан шыққан раллишілер Түркіменстан, Өзбекстан пен Қырғызстанды басып өтіп, Моңғолияның Орхон қаласында өз саяхатын аяқтайды.
Өзбекстанда жаңа туристік бағыттар ашылуда - «ӨзА»
Ферғана, Әндіжан және Наманган облыстарының аудандары мен қалаларын байланыстыратын «Алтын алқаптың туристік сақинасы» және Хорезм мен Қарақалпақстан арқылы өтетін «Бекіністер сақинасы» туристік маршруттары әзірленді.
Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі ӨР Туризм комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, «Алтын алқаптың туристік сақинасы» туристік маршруты Ферғанада 22, Әндіжанда 18 және Наманганда 17 туристік нысанды қамтиды.
Мұнда келген саяхатшылар арнайы бағыт бойынша қарсы алынып, оларға қызықты бағыттар ұсынылады. Келушілер «Алтын алқап» туристік маршрутында орналасқан мәдени мұра нысандары, эко және агротуризм нысандары, ойын-сауық орындары және қолөнер орталықтарымен танысады.
Хорезм мен Қарақалпақстан арқылы өтетін «Бекіністер сақинасы» туристік маршруты шетелдік және отандық туристерге республикадағы орналасқан ежелгі бекіністер – Ичан қамалы, Улли Ховли, Калажиқ сарайы, Сүлейман қамалы, Тасқала, Аязқала, Топыраққала тарихымен танысуға мүмкіндік береді.
Адамзаттың алғашқы көмір жағуы Нылқы ауданында басталған – Harojorga
Шыңжаң мәдени жәдігерлерге бай өлке, 2024 жылдың мамыр айынан бастап Шыңжаңдағы 108 топтың 693 санақ тобы Тяньшань тауының солтүстігі мен оңтүстігіне барып, төртінші ұлттық мәдени жәдігерлерді зерттеу кезеңіне толықтай кірісті. Тамыз айында Синьхуа ақпарат агенттігінің тілшісі Нылқы ауданының «Төртінші жалпы шолу» тобының мүшелерімен бірге Шыңжаңның Іле аймағының Нылқы ауданындағы Жырынтай сайы ескі жұртында болды, деп хабарлайды Қытайлық «Harojorga» желісі.
Аталған басылымның дерегінше, 2015 жылы Шыңжаң мәдени жәдігерлер және археология институтының мамандары Қытайдағы ең ерте пайдаланған көмір қалдықтарын Жырынтай сайы ескі жұртындағы T2 қабірі аймағында тапқанын растады. Зерттеушілер бұл шамамен 3500 жыл бұрын болған деген қорытындыға келді. Ол адамзаттың көмір ресурстарын пайдалануының қазіргі белгілі уақытынан мың жыл бұрын басталған деген сөз.