«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Франция жеріндегі айрықша күндер», деген тақырыппен материал басылды. Мақалада Елбасы Н. Назарбаевтың Францияға ресми сапары екі елдің саяси, экономикалық саладағы қарым-қатынастарын жаңа белеске шығарғандығы атап көрсетілген. Басылымың жазуынша, Мемлекет басшысының сапары аясында Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты жаңа белеске көтеруге бағытталған бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Солардың арасындағы ең әлеуеттісі "Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Француз Республикасының Президенті Н.Саркозидің бірлескен Декларациясы" болды. Аталған құжат 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген ҚР мен ФР арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты қуаттады. Сонымен қатар, екі елдің Үкіметі атом энергиясын бейбіт жағдайда пайдалану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге, Қазақстан Қорғаныс министрлігі мен француздың "EADS" және "EADS-Eurocopter" компаниялары арасында ЕС145 типті тікұшақтарды дайындау, жеткізу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі өзара түсіністік және бірлесе қимылдау меморандумы қарастырылды. Сондай келісімдер "Қазатомпром" ұлттық компаниясы мен француздың "Areva" компаниясы, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы мен француздың "Альстом Транспорт" компаниясы арасында да жасалды.
Елбасы Францияға сапары кезінде сол елдің «Интернешнл Геральд Трибьюн» газетіне сұхбат берді. Сұхбаттың қазақшаға аударылған нұсқасы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Адамзаттың болашағы тіл табысу шешімдеріне байланысты болады» деген тақырыппен жарияланды. Француз тілшісінің сауалдарына берген жауабында ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Қазақстанның бастамасын қолдау ЕҚЫҰ-ның барлық елдерінің қазіргі бар келіспеушіліктерді еңсеруге, Еуратлантика және Еуразия кеңістігінде қауіпсіздіктің ортақ та ажырағысыз қоғамдастығын құру мақсатында Ұйымды нығайтуға деген саяси ерік-жігерін көрсетіп берді. Қазақстан өз төрағалығының бір қағидаты ретінде ЕҚЫҰ-ның қалыптасқан дәстүрлерін жалғастыруды жария етті, өйткені, ол дәстүрлер осы Ұйым рухын іске асырады. Бұл тұрғыда ЕҚЫҰ төрағалығы лауазымын бізден қабылдап алатын мемлекетке ЕҚЫҰ-ның барлық "себеттері" бойынша жұмысты жалғастыруды тілер едім», - дейді.
***
Жуырда, қазақ диаспорасының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Тәжікстанда іс-сапарда болып қайтты. «Бармасаң, келмесең жат боласың, бермесең, алмасаң сарт боласың» дегендей, шетелдегі қазақтардың бүгінгі жағдайымен көзбе-көз танысып, олардың ұсыныс, тілектерін естіп, тыңдау, оны тиісті жерлерге жеткізіп шешісуге атсалысу аталған қауымдастығының міндеті. Осы іс-сапар жайлы мақала «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Тәжікстанда қалған жесірлеріміз атажұртқа қарап көз жасын сығып отыр» деген тақырыппен берілді. Мақалада Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Әбутәліп Ахметов: «Тәжікстанда жеті жыл азаматтық соғыс болды. Қазақтардың көбі елге кетті. Осы елде жүзге жуық ұлт өкілдері тұрады. Ең азы - қазақ. Діні бір мұсылман әрі бауыр болғандықтан, қыздарымыз осындағы тәжік пен өзбекке тұрмысқа шығып жатыр. Қазақтардың көбі биік таулы жерлерде мал өсірумен айналысады. Елдегі ішкі алауыздықтан туындаған азамат соғысы кезінде бұл жақтағы экономикалық және саяси жағдай өте төмендеп кеткен. Тәжікстанда су байлығынан басқа алтын, күмісі бар. Соңғы жылдары Тәжікстан экономикасында аздап болсын көтерілу байқалады. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон мырза Елбасымызды сыйлайды, жалпы, жергілікті қазақтарға деген көзқарасы жақсы. Ол желтоқсан айында Астана қаласында өтетін ЕҚЫҰ-ның саммитіне баруды жоспарлап отыр», - дейді.
Таяуда елорда төрінде Бүкіләлемдік рухани мәдениеттер форумы өтті. Онда әлем елдеріне төзімділік, түсіністік, достық қарым-қатынас пен адам санасында ізгілікке деген сенімдерді қалыптастыру идеясын дамыту керектігі сөз болған еді. Соңғы уақыттарда осы төңіректегі идеяларды жүзеге асырып, өркениеттер арасындағы диалогті жандандыру үшін Еуропа елдеріне тән көпмәдениеттілік үлгісін жақтаушылар көбеюде. Десек те өзімізге ғана тән рухани құндылықтар мен салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді сақтай отырып, біз көпмәдениеттілік үлгісін оң құбылыс деп бағалай аламыз ба? Осы өзекті мәселе «Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Ой-көкпар айдарына арқау болған. Сарапшылардың «Еуропа елдерінің көпмәдениеттілік үлгісін оң құбылыс ретінде бағалау керек пе?» деген сауалға берген жуабын газеттің бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Ақбұлақ» бағдарламасының артықшылығы неде?» деген тақырыппен мақала жаияланды. Мақалаға кеше ел Үкіметі қабылдаған халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» салалық бағдарламасы арқау болған. «2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» мемлекеттік салалық бағдарламасын жүзеге асыруға мемлекет жыл сайын ең кем дегенде 60 миллиард теңге қаржы шығындауды жоспарлауда. Қаржы министрі Б.Жәмішев Парламенттегі қалаулылардың қолқалауымен, алдағы 2011 жылға бұл бағытқа бұдан көбірек, яғни 70,5 миллиард теңге жұмсау туралы шешім қабылданғандығын айтты. Жаңа бағдарламаға Ауыл шаруашылығы министрлігі желісі бойынша да қаражат арна тартады. 3 жылдық кезеңде қаржыландыру 125 млрд. теңгені құрайды деп болжануда. Оның ішінде 2011 жылға 35,2 млрд теңге көзделген. Ал С.Нокиннің агенттігі бойынша 3 жыл бойындағы қаржыландыру сомасы 40,3 млрд теңгені құрайды. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «ауылдар мен шағын қалаларды жерасты суымен қарық етем» деп, барлау жұмыстарын жүргізуде 15,1 млрд теңгені игергелі отыр», деп жазады басылым.
Сондай-ақ «Айқын» газетінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос Эфтимиуден алынған шағын сұхбат «Саммит ұйымның саяси маңызын арттырады» деген тақырыппен берілді. «ЕҚЫҰ-ның Қырғызстанда өткен сайлау жөніндегі қорытындылары жарияланды. Меніңше, бұл - жақсы әрі анық мәлімдеме. Сайлауды бақылауға қатысып, онда өзіміздің Орталық Азия бойынша өте белсенді арнайы өкіліміз Киммо Кильюненнің болуы, біздің ойымызша, қазіргідей айрықша қиын жағдайда Қырғызстанның демократиялық дамуына өз үлесімізді қоса алатындығымызды көрсетеді», дейді тілші сұрағына берген жауабында П. Эфтимиу.
***
«ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев кеше Грузия мен Оңтүстік Осетияның Эргнети/Двани оқиғаларын болдырмау және олар бойынша әрекет жасау тетігі ауқымында өткізілген кездесуде мәлімдеме жасады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, ЕҚЫҰ Эргнети/Двани оқиғаларды болдырмау және олар бойынша әрекет ету тетігі ауқымындағы келісілген күн тәртібі мәселелердің жүйелі түрде жанды талқылауын қамтамасыз ету процесіне қатысушылардың барлығының да белсенді араласуын күтуде. Бұл тетіктің толық жұмыс істеуі сенім деңгейін жоғарлатып, Женева талқылаулары шеңберінде саяси мәселелерді шешуге мүмкіндік бермек. Бұл орайда Қазақстан дипломатиясы басшысы ЕҚЫҰ ұсынып жатқан гуманитарлық жобалар бойынша аймақтағы жұмысты үдету керектігіне сенім артады. Ол тиісті тараптарды әсіресе ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті қарсаңында жауапты және сындарлы қызмет етуге шақырды.