Тамыз айының алғашқы жартысында шыққан саны «Алтын астықтан үміт мол» атты мақаламен басталады. Онда аймақ басшысының облыстағы астықты аудандардың егістік алқаптарын аралап күзгі егін орағына дайындық жұмыстарын пысықтағаны жазылған.
«ТНК Агрофирмасы» серіктестігі бас директорының орынбасары Ершат Бековтың айтуынша, биылғы жылы астықты зиянкестерден қорғау бойынша дәстүрлі кешенді шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ, серіктестіктің бірқатар іргелі шаруашылықтары бірігуде. Мол астықтан үміт бар. Облыс басшысы аграрлық саланың басшыларымен кездесуінде күтіліп отырған мол астық жөнінде атап өтіп, егін орағына дайындық туралы тапсырма берді.
Облыс әкімі Есіл қаласында Космонавтар көшесінің жолына жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда өңір басшысы аталмыш көшені абаттандыру қажеттігі жөнінде атап өтті. Сондай-ақ, облыс басшысы 40 пәтерлі тұрғын үй құрылысының және орталық аудандық бу қазандығының күрделі жөнделуінің барысымен танысты. Тұрғын үй биылғы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл үй негізінен бюджеттік саланың еңбеккерлерін, жетім балалар мен Калачи селосының тұрғындарын орналастыруға арналған. Облыс әкімі «Қаракөл» серіктестігінің егіс алқабында Есіл ауданының диқандарымен кездесті. Бұдан кейін ол егіс алқаптары мен тынымға қалдырылған алқаптар жағдайымен және мал азығын дайындаудың барысымен танысты...».
Сонымен қатар газеттің осы күнгі санында бүгінгі қоғамды толғандырып отырған адам саудасы туралы мәселе көтерілген. Оны «Адам саудасына тосқауыл қойылсын» мақаладан оқи аласыздар.
«...Бүгінгі күні «адам саудасы» деген ұғымға етіміз үйреніп кетпесе де жиі еститін болдық. Алайда, аты айтып тұрғандай қоғамға келтіретін залалы жағынан аса ауыр қылмыстың соңы адам тағдырын аяққа таптап, тіпті тірі өлікке айналдырып отырғаны жасырын емес. Бұдан зардап шеккендердің бірі психологиялық депрессияға ұшырап өз-өзіне қол салса, енді бір отбасы қайғыдан қара жамылып отырған жайы бар. Сондықтан, бүкіл әлем адам саудасына қарсы күресті барынша қолға алуда.
Шараға қатысқан «Феминистік лига» қоғамдық бірлестігінің президенті Галина Морозова, облыстық ішкі саясат басқармасының қоғамдық-саяси жұмыс және қоғамдық байланыс бөлімінің басшысы Еркін Сейітов, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осы мәселені талқыға салды. Осы орайда, бұл бағытта ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп келе жатқан «Феминистік лига» қоғамдық бірлестігінің президенті адам саудасының алдын алуда мемлекеттік емес ұйымдар мен құзырлы органдардың бірлесе жұмыс істеу арқылы ғана бір нәтижеге қол жеткізе алатынын атап өтті.
- Адам саудасы өте ауыр әрі осы күні кең тараған қылмыстың бірінен саналады. Аталған қылмыс есірткі, қару сатудан кейін үшінші орында тұр. Бұл қылмысты алдын алу үшін кең көлемде жұмыс жүргізу қажет, - деді Галина Морозова.
Сонымен қатар, ол «Феминистік лига» қоғамдық бірлестігінің Нидерланд Корольдігінің қаржыландырумен қолға алған жоба аясында ауқымды жұмыстар қолға алынғанына тоқталды.
Мәселен, 2008 жылы адам саудасының құрбандары үшін ашылған баспанада барлығы 162 адамға көмек көрсетілген. Олардың 93-і әйелдер, 69-ы ерлер және 40-қа жуығы жасөсіпірімдер болса, оның 10-ны балалар. Осыдан-ақ, бұл қылмыстан кәмелеттік жасқа толмағандардың да зардап шегіп отырғанын байқауға болады. Әсіресе, еліміз тұрмысы төмен Орталық Азия елдерінің тұрғындарын мәжбүрлі еңбекке салу жөнінен алда келеді. Оның ішінде көпшілігі көрші елдерден әкелінсе, өз қандастарымыз да шетелдерде құлдықта жүр. Ал, бүгін сарапшылар елдің сыртында емес, ішінде бұрын-соңды болмаған адам саудасы өршіп тұрғанын тілге тиек етіп, дабыл қағуда. Оның ішінде жезөкшелік бизнес көш бастап тұр.
Алайда, соңғы жылдары Нидерланд Корольдігінің қаржыландыруы тоқтап қалған соң бұл бағыттағы жұмыстар да сәл баяулаған. десекте, маманның сөзіне қарағанда, адам саудасын болдырмау қоғамның өзіне байланысты. Арман елесін малданып, шетел асуға құмарлардың көбілданып, шетел асуға құмарлардың көбі құлдыққа жегілетінін ескерген абзал...».
«Қаржыландырудың барлық көзі - табысты жұмыс үшін» атты мақалада облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесі туралы жазылған.
«...Кезекті аппарат кеңесін ашып, жүргізген облыс әкімі Сергей Кулагин алғашқы сөзін осылай бастады. Сонан соң «даму» қоры» акционерлік қоғамының таяуда ғана тағайындалған директоры Сәуле Әбішеваға сөз берді. Баяндамашы өз сөзінде шағын және орта бизнес өкілдері үшін өте қажетті кеңесін кеңінен толғап, қаржыландыруға қатысты соны жаңалықтарды айтып берді. Әр сөзін нақты, дәлелмен көмкерген, дерекпен бекіткен хабарлама барысында соңғы уақытта шағын және орта бизнес саласын дамыту үшін мемлекет тарапынан қаншалықты қамқорлық жасалып отырғандығын қолмен қойғандай етіп баяндады. Шынында да, «Даму» қоры тарапынан айтылатын, кәсіпкерлердің қаперінде жүретін қаржыға қатысты жаңалық көп екен.
Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүргендерге де, туризм және демалыс саласында шаруасын дөңгелетіп жүргендерге де жеңілдікпен берілетін несие бар. Қор тарапынан ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге кепілдендірілген несие беріледі.
Баяндамашы өз сөзінде қор мамандары алдын ала бекітілген кесте бойынша аймақты аралап, қаржының қалай игеріліп жатқандығын қатаң қадағалайтын болады. Тіпті осы мақсатқа арнайы автобус бөлінген. Жұмыс барысындағы іс-қимыл барынша ашық, несие жөніндегі өтінім түскеннен кейін онлайн жүйесінде бақылауға болады. Бұл орайдағы басты назар мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін нығайтып, шағын көлемдегі несиелердің тиімді салаларға салынуына аударылып отыр. Мұнан соң сөз сөйлеген облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркебұлан Баяхметов өз сөзінде әрбір бесінші кәсіпкерге бизнесін дамыту үшін қаржысының жетіспейтіндігін тілге тиек етті. Мұндай мәлімет өткен жылы кәсіпкерлер арасында сұрау салған кезде белгілі болған. Осы орайдағы ең негізгі қолбайлау болып отырған мәселенің бірі - білікті кадрлардың жетіспеушілігі, қаржының кемдігі. Екінші деңгейдегі банк жүйесінің үстеме ақысының көптігі және кепілдікке қоятын мүлік.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы басшысының сөзінен соң облыс әкімі қаржыландыру мәселесімен барлық тиісті сала басшыларының әр күн сайын айналысуы керектігін қатаң ескертті. Кәсіпкерлер ісін ілкімді жүргізу үшін айналымдағы қаржысы жетімсіз болса, қажетті қаржы алатын көздерін білулері керек. Бұл арада ақпараттың аздығы айқын байқалып тұр. Облыс әкімі кәсіпкерлерге жасалып жатқан қамқорлықты жете түсіндіру үшін шағын және орта бизнес саласының өкілдерін қатыстыра отырып, облыстық семинар-кеңес өткізу жөнінде тапсырма берді. Өңірді толық қамту үшін 4-5 ауданды топтап өткізуге де болар деді ол.
Өңір басшысы Сергей Кулагин кәсіпкерлікті дамыту туралы айта келіп, «СКК Есіл» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының рөлін ерекше атап өтті. Әкімнің айтуынша, бұл ұйым кәсіпкерлікті дамытуға ықпал қолдауы мол құрылым. Аталмыш ұжымның басшысы Амантай Сейфуллин корпорацияның қызметі туралы айта келе, негізгі күш мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмылдырылып отырғандығын тілге тиек етті. Оның ішінде жаңа жұмыс орындарын ашуға айрықша көңіл бөлінуде. Аппарат кеңесінде шағын қалаларды дамыту, жүк тасымалдауды жетілдіру мәселелеріне назар аударылды. Сондай-ақ, ағымдағы шаруалар пысықталып, жылу беру маусымына дайындық жайы сөз болды. Биылғы жылы медициналық оқу орнына түсетін 100 түлектің мәселесі де ұмыт қалған жоқ...».
«Шетелдік қызмет нарығына жол ашады» - «Жобалаудың еуропалық стандарттары негізінде құрылыс нормаларын енгізу жөнінде семинар-кеңес болып өтті. Облыстық құрылыс басқармасы, облыстық кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп басқармасы мен «Қазақ құрылыс жəне сəулет ғылыми-зерттеу жəне жобалау институты» акционерлік қоғамының басшылары, Солтүстік өңір бойынша «Мемлекеттік сараптама» кəсіпорны, өнеркəсіптік сала, құрылыс жəне жобалық ұйымдардың өкілдері қатысқан шарада «ҚазҚСҒЗИ» акционерлік қоғамы құрылыста баға құру орталығының директоры Бауыржан Жанұзақов баяндама жасап, мемлекеттік қаржы есебінен жүргізілетін құрылыс нысандарында ресурстық əдісті қолданудың негізгі жағдайы жөнінде атап өтті.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 48 қадамы аясында министрліктің бұйрығымен Қазақстан Республикасында Еурокодтар жүйесіне негізделген жаңа нормативтік база қолданысқа енгізілді. 452 нормативтік-техникалық құжат жасалып, бекітіліп, қолданысқа енгізілді. Оның ішінде Қазақстан Республикасының 58 құрылыстық нормалары бар. Еурокодтар - бұл ғимараттар мен азаматтық нысандарды жобалайтын еуропалық техникалық стандарттар. Стандарттар құрамында болат, темірбетон, ағаш, қаланған кірпіш пен алюминий тəрізді барлық құрылым түрлері құрылыс нысандарының талабына кіреді.
Құрылыста Еурокодтарды жасаудың негізгі мақсаты - сапасы мен қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі құрылыс тауарлары мен қызметтің еркін айналымындағы ішкі нарықты құру. Еурокодтар құрылыс фирмалары, мердігерлер, жобалаушылар мен құрылыс өнімдерін өндірушілердің бəсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 49 қадамын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Еурокодтарға негізделген жаңа құрылыс нормаларына көшу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жұмыстар құрылыс саласындағы нормативтік базаларды реформалау концепциясына сəйкес жүргізіледі.
Бұл концепция үш кезеңді қарастырады. Бірінші кезеңде еліміздің табиғи климаттық жəне геологиялық жағдайын есепке алып, ұлттық қосымшаларымен Еурокодтарға сəйкес Қазақстан Республикасының 58 құрылыс нормалары əзірленді. Аталмыш құрылыс нормалары Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен 2015 жылдың 1 шілдесінен қолданысқа енгізілді. Екінші кезеңде (2015-2019 жылдар) қолданыстағы нормативтік базадан техникалық реттеудің жаңа жүйесіне ауысады. Үшінші кезеңде (2020 жылдан бастап) жаңа нормативтік базаларды қолдану бағаланып, қорытындысы бойынша Еурокодтарға толық көшу жөнінде шешім қабылданады. Отандық тəжірибеге əлемдік стандарттарды енгізу қазіргі заманғы жобалық шешімді тиімді қолдануға, жаңа материалдар мен технологияны пайдалануға, салынатын нысандардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Семинарда «Қазақ құрылыс жəне сəулет ғылыми-зерттеу жəне жобалау институты» акционерлік қоғамының бөлім басшысы Айгүл Тілеуберлина сөз сөйлеп, өңірлік деңгейдегі ресурстарға ағымдағы баға мониторингісін жəне құрылысқа ресурстық əдіс енгізу жағдайында құрылыс өнімінің рыногында жылжу мүмкіндігін ұйымдастыру жөнінде түсінік берді. Құрылысқа Еурокодтар енгізіп, нормативтерді еуропалық жүйемен үйлестіру құрылыс саласын техникалық реттеудің еуропалық жəне əлемдік жүйесіне біріктіреді. Құрылыс саласына шетелдік инвестиция тарту үшін техникалық тосқауылды алып тастайды. Құрылыс қызметі нарығында қазақстандық мамандардың бəсекеге қабілеттілік деңгейін арттырады. Сондай-ақ, жобалау жəне құрылыс саласындағы шетелдік қызмет нарығына қазақстандық компаниялардың шығуына мүмкіндік береді. Еуропалық стандарттар бойынша құрылыс өнімдерін шығаруды қамтамасыз етіп, құрылыс индустриясында отандық кəсіпорындардың экспорттық бағыт-бағдарын арттырады...».
Ауданда табысты əрі тұрақты жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы құрылымдары жетерлік. Солардың бірі бұдан жиырма жыл бұрын құрылған «Қарлығаш» шаруа қожалығы. Шаруашылық жұмысы туралы ««Қарлығаш» шаруашылығы қанат жаюда» мақаладан оқи аласыздар.
Əр табысты кəсіпкер жетістігінің өз тарихы бар. Бұл біреулер үшін қателікке толы қиын əрі ұзақ жол болса, екінші біреулер үшін таңдап алған ісіне қызмет ету. Өмір бойы қажырлы еңбек етіп, алға қойған мақсатына жету. Талғат Өмірбеков сонау қайта құру жылдары шаруа қожалығын құруды қолға алды. Ол мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ агроном мамандығын таңдады. Сол кезде оның əкесі ұжымшардың төрағасы еді. Ұлының таңдауын бірден қолдады.
Талғат ауыл шаруашылығы техникумын бітірген соң «Приозерный» кеңшарына оралды. Басшылар жас маманды Социалистік Еңбек Ері Нұрғабыл Мəлғаждаровтың бригадасына жұмысқа жіберді. Жас агроном тəжірибелі бригадирден өз мамандығының қыры мен сырын үйренді. Кейін осы тəжірибесі мен білімі өз шаруашылығын ашуға көп көмегін тигізді. Талғат Кенжеғалиұлы алдымен, бауырлары жəне ұлдары Сайран, Дəурендермен бірге 270 гектар жер алды. Ескі техникаларды қалпына келтірді. Сөйтіп, «Қарлығаш» шаруа қожалығы пайда болды. Бүгінгі таңда шаруашылықтың 1500 гектар жері бар. Мал шаруашылығы дамуда. Ауылдың өрісі үйір-үйір жылқы, табын-табын ірі қара мал мен қойға толы. Қожалықтың өз дəмханасы жұмыс істейді. Алқаптардың бір бөлігі азықтық дақылдарға бөлінген. Мал басы үшін қысқа қажетті шөп қоры, сабан, сұлы мен арпа дайындалады. Сондықтан, қыс айларында малдың тəуліктік салмағы жоғары, яғни, мал өнімділігі азаймайды. «Қарлығаш» шаруа қожалығында егіншілік саласы үшін қажетті өнімділігі жоғары техника жиі жаңартылып отырады. Соның арқасында көктемгі егіс жұмыстары қысқа мерзімде өткізілді. Пар жыртылып, алқаптар химиялық жолмен өңделді. Бүгінгі таңда шөп науқаны қызу қарқын алған. Биылғы жылы орақты уақытылы əрі сапалы өткізу үшін тағы бір «Акрос» комбайнын сатып алу жоспарланған. Талғат Өмірбеков өмірден ерте озды. Қазір шаруашылықты оның ұлы Сайран басқарады. Əрине, ауданға белгілі кəсіпкер өз шаруашылығын қалай жүргізетінін сырттан бақылау оңай. Бұның бəрі оған үлкен еңбекпен келеді.
-Алдымызға шаруашылықты дамытамыз деген мақсат қойдық. Əкем бізді бала кезімізден еңбекті сүюге тəрбиеледі. Оған айтар алғысымыз мол,- дейді Сайран Өмірбеков.
Атақты диқан Талғат Өмірбековтың ұлдары өздерінің қажырлы еңбегімен мол өнімге қол жеткізуде. Əрине, бұл нəтиже ішінде «Қарлығаш» шаруа қожалығындағы шағын ұжымның үлесі де мол. Өмірбековтер отбасы үшін ең бастысы туған жерге жəне еңбекке деген сүйіспеншілік. Осының арқасында ауданның əлеуметтік-экономикалық жағдайы нығая бермекші. Сөйтіп, мықты əулет болашаққа сеніммен қарап, өмір сүруде...».
«Бітімгершілік береке бастауы» - Бүгінгі таңда баспасөз беттерінде медиация сөзі жиі кездеседі. Дегенмен, сөздің мағынасын халық түсіне бермейді. Медиация сөзі латын тілінен аударғанда делдал, екі тарапты мəмілеге келтіруші үшінші тұлға деген ұғымды білдіреді. Медиацияны қарапайым тілмен айтқанда, бітімгершілік деп айтуға болады. Яғни, қандай да бір мəселе бойынша тараптар арасында келіспеушілік туған жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар оны соттан тыс, өзара келісім жағдайында шеше алады. Екі арадағы келісім медиаторлар арқылы жүзеге асырылады. Медиацияның мақсаты - дауды бітімгершілікпен шешудің екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу. Медиацияны жүргізу кезінде еріктілік, құпиялық, медиатордың тəуелсіздігі мен бейтараптығы жəне медиация тараптарының тең құқылығы мен оның рəсіміне араласуға жол бермеушілік қағидаттары сақталуы тиіс. Медиация тəсілі сот ісіндегі тазалықты, əділ төрелікті қамтамасыз етудің негізгі тəсілдерінің бірі. Біздің ата-бабаларымыз бұрын бұл тəсілді тиімді қолданып, түрлі дауды билер соты арқылы бітімгершілікпен шешіп келгендіктен, бұл заң қазаққа жат емес. Жеке жəне заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық жəне өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін. Қылмыстық сот ісін жүргізу барысындағы медиация қылмыстық процессуалдық заңында белгіленген сотқа дейінгі жəне сотта іс жүргізу мерзімдерінде жүзеге асырылуға тиіс. Медиацияның кең таралуы мен адамдардың олардың қызметіне көбірек жүгінуінің себептері неде деген заңды сұрақ туындайды. Себебі, медиацияның сот жүйесімен салыстырғанда бірнеше артықшылықтары бар. Олар медиация процедурасы сотпен салыстырғанда аз уақыт алады əрі медиатордың қызметі сот қызметіне қарағанда арзанға түседі.
Сонымен қатар, cот үдерісінен оның тағы бір айырмашылығы - медиацияның нəтижесінде «кінəлі» мен «кінəсіз» деген тараптар болмайды. Айта кетерлігі, медиацияның арқасында соттарда қаралатын істердің саны да айтарлықтай азаймақ. Дауларды сотқа жеткізбестен, өзара бітімгершілікпен аяқтау судьяларға жүктемені төмендетіп қана қоймайды. Оған қоса, қоғамда орын алып отырған даулардың шешімін табуға септігін тигізіп, мемлекеттік мекеме атына айтылатын сынды да азайтады.
Қазіргі уақытта медиаторлардың қатысуымен істердің тиімді шешіліп келе жатқанын айту қажет. Сот тəртібінде қарастыруға тиіс даулардың санын қысқартып, оларды шешудің баламалы тəсілін қолдану, оның ішінде бітімгершілік рəсімдер - медиация əдісін қолдану адам құқықтарының сақталуының кепілі. Сот жүйесінде медиация институтының дамуына қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындылары бойынша кеңейтілген кеңесте сот ісін жүргізуде татуластыру рəсімдерін қолдануға, олардың жергілікті жəне басқа да соттардың жұмыс сапасын бағалаудағы маңыздылығына ерекше назар аударылуда. Дауларды сотқа дейінгі жəне соттан тыс реттеу институтының қолдануын кеңейту аясында облыстық жəне оған теңестірілген соттарға облыстық соттар мен əкімдіктер, қоғамдық ұйымдар арасында татуластыру рəсімдері институтын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасау, оның ішінде аймақтық əкімдіктер жанынан медиация кабинеттерін ашу туралы тапсырма жолданған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында, аудан орталығындағы «Нұр Отан» партиясының ғимаратында медиация кабинеті ашылды. Кабинет қажетті техникамен, анықтамалық материалдармен толыққанды жабдықталған. Медиация институтының дамуына кəсіби медиатор Валерий Белецкий атсалысуда.
Заңның тиімді жүзеге асуы жөнінде, оның қолданылу аясы, медиация үрдісін жүргізудің қағидалары мен принциптері, даулардың жіктелуі, олардың алдын алу тəсілдері, болдырмаудың əдістері, медиация жолымен дауды конструктивті түрде шешудің фактілері мен шарттары жайында аудандық сотта семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып тұрады жəне де баспасөз беттеріне халықты ақпараттандыру үшін аталған заң туралы мақалалар жарияланып отырады. Қорыта келе, медиация азаматтар арасындағы қарым-қатынаста талас-тартыс деңгейін төмендетуге, тараптардың қарым-қатынас мəдениетінің, этикасының жоғарылауына, ерікті түрде орында...».
«Насихат» орталығының ауқымды жұмыстары» - Көкшетау қаласында «Насихат» кеңес беру-оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігі бір жылдан бері белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Орталықтың мақсаты ислам дінінің атын жамылып, адамдарды адастырып жүрген радикалдық ағымдарды əшкерелеу, əсіресе жастарды сақ болуға шақыру. Өткен жылы қоғамдық бірлестік Ақмола облыстық дін істері басқармасы жариялаған конкурсқа қатысып, екі лотты жеңіп алған еді. Жастарды жат діндердің ықпалына түсуден қорғау мақсатында жүргізілетін жұмыстар үшін бюджеттен 3 миллион теңге бөлінген. Қоғамдық бірлестік төрағасы Қанат Алшынбаевтың айтуынша, 2015 жылы төрт жоба бойынша жалпы есеппен алғанда 170-ке жуық лекциялар оқылып, 120-дай кездесулер өткізіліпті. Осы жүргізілген жұмыстардың нəтижесінде 10 мыңға жуық адам қамтылып, 20-ға жуық азамат радикалды райларынан қайтса, 9 азамат дəстүрлі ислам жолын қабылдаған. Орталық реабилитациялық жұмыстарын екі бағытта атқарады. Оның бірі экстремизм мен терроризмге қарсы алдын алу жұмыстарын жүргізу болса, екіншісі дəстүрлі дін, Ханафи мəзхабын насихаттау. Бірінші бағытта мекемелер мен мектептерде лекциялар ұйымдастырылып, онда əлемде орын алып жатқан лаңкестіктердің ислам дініне еш қатысы жоқ екені жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Əкімшілік жəне түзеу мекемелерінің қызметкерлеріне семинарлар өткізіліп, тыңдаушыларға ағым өкілдерінің, оның ішінде сəлафи ағымы өкілдерінің сипаттамасы беріледі. Сондай-ақ, облыс аумағындағы мешіттердің имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар ұйымдастырылып отырылған. Осы мақсатқа республикалық ақпараттық- түсіндіру топтарының мүшелері, белгілі теолог-ғалымдар тартылған. Имамдарға сертификаттар тапсырылып, жұмыстары барысында керекті материалдармен қамтамасыз етіледі.Экстремизм жəне терроризм баптары бойынша сотталғандарға дəрістер өткізу барысында жиһад, такфир ұғымдарына түсініктеме берілген. Олардың отбасыларына қаржылай көмек көрсету де реабилитациялық жұмысқа өз септігін тигізген. Жазасын өтеп болған азаматтармен байланыс олар бостандыққа шыққаннан кейін де үзілмей келеді. Жамағатпен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында қала жəне аудандардың мешіттерінде өткен жылы рамазан айында ауызашарлар ұйымдастырылды. Оған жалпы көлемі 300-ге жуық адам шақырылған. Орталықтың атқарған жұмыстарының бастысы ретінде қатерлі ағымдар, олардың адамдарға тигізетін зардабы жайында нақты айтылған шағын кітапшалар мен буклеттер дайындап, халық арасында тегін тарату болғандығын атап өтуге болады. Осындай кітапшалардың қатарында «Жиһад ұғымының мəні мен мазмұны», орыс тіліндегі аудармасы «Правильно ли мы понимаем термин джихад?», «Жиһад емес, теракт» еңбектері мен Орта Азиялық ғалым Мухаммад Содық Мухаммад Юсуфтың «Разногласия: причины и решения» жəне «Васатыя - путь жизни» атты кітаптары бар. Орталықтың жүргізген ауқымды жұмысының тағы бір бағыты еліміздің мұсылман жамағаты ұстанып келген Əбу Ханифа мəзхабын кеңінен насихаттау болып отыр. Аталған бағытта жұмыс əсіресе, мешіттерде көп жүргізіледі. Жамағатқа уағыздар айтылып, аудандық мешіттерде мəзхабымыздың дұрыстығын көрсететін дəлелдер келтіріледі. Дəл осындай жұмыстар абақтыларда да жүргізілген. Сонымен қатар, мəзхабқа қатысты, оның дұрыстығын дəлелдейтін кітаптар
«Адасқанның айыбы жоқ... егер қателігін түсініп, түзу жолға түссе»- Бауырым, жаңағы қылығың қалай, басқалар намаздарын оқып болғанша сабыр сақтамадың ба? - дедім мен. Бірақ, оған менің сауалым ұнамаса керек, кешірім де сұраған жоқ, «менікі дұрыс» деген кейіпте кете барды. Дау іздеп мен де артынан жүгіргенім жоқ. Əркімнің өз ақылы өзінде деген оймен қала бердім.
Осы оқиғадан кейін біраз жыл өтті. Сол бейтаныс жігітті жуырда бір таныстарымның жанында кездестіріп, жақын танысудың сəті түсті. Ол өзін «Дулатпын» деп таныстырды. Осылай екеуара əңгімеміз жарасып жүре берді. Бір байқағаным, алғаш көрген кезде шолақ шалбар киіп, сақалын өсіріп, басқалардан ерекшеленіп тұратын-ды. Енді сақал-мұртын күзеп, шалбарының балағын да түзеп, басқа адамның кейпіне түсіпті.
Шыны керек, Дулатқа мен таңдана да қарадым. Ол осынша неге өзгерді, кім əсер етті екен деп ойладым. Емен-жарқын əңгіме барысында да осы ішіме бүгілген ойды ортаға салуға тырыстым.
-Дулат, бауырым, екеуіміздің алғаш кездескеніміз есіңде болар, егер айып болмаса, сол кездегі сенімің жайлы айтып бересің бе? -дедім оны əңгімеге тартып.
Сонда ол өзінің басынан өткен оқиғаларды былайша тізбелеген еді: «-Менің намаз оқып, сəждеге жығылуым кездейсоқ жағдайда өтті. Анда-санда мешітке келіп, құран оқытып жүретін едім. Бірде мешіттің сыртқы алаңында екі жас жігіт мені тоқтатып, танысқылары келетінін айтты. Осылай тез шүйіркелесіп кеттік.
Таныса келе өздерінің мешітке келіп, намаз оқуға үйреніп жүргендерін айтты. Бір Аллаға құлшылық жасау парыз екенін де жеткізді. Алғашында намаз жайлы менде ой болмаған еді. Өзім қатарлы замандастарымның бұл істеріне қызықтым. Менің де намаз оқығым келді.
Ақыры оларды мешітте жиі кездестіретін болдым. Мені намаз оқуға үйреткендер де солар. Оған ризашылығымды əлі күнге дейін айтамын. Бірақ, уақыт өте келе олар менің сенімімді түбегейлі өзгертуге тырысты. Мешіттегі имамдардың оқып жүрген намаздары дұрыс емес дегенді де санама құйды. Намаздан шығысымен бір пəтерге барып, уағыз тыңдауды ұсынды. Бардым, ұстаздың уағызы ерекше əсер етті. Ұнады. Осыдан кейін өзімнің дінді дұрыс ұстап жүргеніме күдік туындады.
Намаз оқымайтын ата-анама деген көзқарасым күн санап өзгеріп бара жатты. Маңайымдағыларға да басқаша қарайтын болдым. Олардың барлығы адасып жүрген пенделердей көрінді. Сондай күндердің бірінде үйдегі барлық фотосуреттердің көзін құрттым. Ата-анам маған қатты ренжіді. Мен өз ұстаздарым құлағыма құйған «кəпір» сөзін өзімді дүниеге əкелген анама айтып қалдым.
Енді олармен бір үстелдің басында тамақ ішпейтін болдым. Олар ұйқыға жатқасын барып, өзіме тамақ істеп алып, жеке отырып ішу əдетіме айналды. Ақыры ұстазым айтқан əдебиеттерді таратуға кірістім. Ондағы ойым адамдар шынайы исламды ұстаса екен деген тілек еді.
Көп ұзамай ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері мені осындай заңсыздық үстінде ұстап, қылмыстық іс қозғады. Одан əрі темір торға жабылдым.
Дулат тар қапастағы күндері жайлы да сыр шертті. Қамыққан шақтарда жанынан жақсы адамдардың табылғанына тəубе етеді.
...Абақтыдағы торыққан күндері көп еді. Осы жолға түсемін деп оқып жүрген оқуынан да қол үзді. Таза діни нанымға құлшына кірісті. Бірақ, оның діни білімі сондай көп емес еді. Тек өз тəлімгерлерінің айтуымен діни сенім жайлы əдебиеттерді оқып, аудио таспаларды тыңдады.
Өзінің қателескен жерлерін де еске түсіруге тырысты. Баяғы алғаш кездескен екі бейтаныс жігіттің өз «қармақтарына» түсіріп, мешіттегі имамдарға жолатпаған ақыл-кеңесі де ойына оралды. Адам адасайын десе, оп-оңай екен-ау. Неге имамға барып, ақыл сұрамадым деп те налиды ол. Бір кездері Сирияға баруға да үгіттегендер табылып еді. Бəлкім, теріс əдебиеттермен ұстамаса, сол Сирияда жүрер ме еді. Ол жақтағы жағдайды да естіп, біліп, өзінің абақтыға қамалып аман қалғанына да тəубе етті.
Бəсен осында алғаш танысқан адамы. Ол да өзі сияқты теріс ағымға ергені үшін сотталған екен. Бес-алты жылдан бері түрменің төсегін тоздырып келе жатқанын жасырмады ол. Басында осы Дулат сияқты қатал өмірдің тезіне шыдай алмастай күй кешіпті. Адам деген қандай қиындық болса да, төзеді ғой. Келе-келе осындағы басқа айыбын өтеуші намазхандармен діннің дұрыс жолын таңдап, беттерін бері бұрған екен.
Дулат Бəсеннің əңгімесіне онша ден қоймаса да, өзінің осында не үшін түскенін ой елегінен өткізуге тырысты. Бəсеннің айтып отырғаны дұрыс шығар деген ойға да келді. Жергілікті мешіттен келіп, кездесу өткізіп, уағыз айтатын имамның да ықпалы болмай қалмады. Енді Бəсен оның ақылшысына айналды. Əбу Ханифа мəзхабы мен Матуриди ақидасы жайлы тереңірек білуге жанын салды.
Осылайша Дулат маған өткен өміріндегі орын алған жайларды əңгімелеп берді. Қазір ол өзін қарапайым мұсылман санайды. «Дінді ұстансам өзім үшін ұстанамын. Алланың алдындағы бес парызымды орындап, теріс ағымдардың ықпалына енді түспеймін», - дейді ол.
Алғаш кездескен сəтте сəждеге жығылған мені аттап кеткен ағат ісі үшін кешірім сұрауды да ұмытпады. Мен оған қатты риза болдым. Ең бастысы, оның өз ортасына оралғанына қуандым.
Газеттің осы күнгі санында Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 25 жылдығына, Астрахан ауданының 80 жылдығы мен Астрахан ауылының 120 жылдығына арналған «Ақбидай-2016» облыстық жазғы спартакиадасы туралы жазылған «Атбасарлықтар - жарыс жеңімпазы» мақаласын оқуға болады.
«...Екі күнге созылған бəсекелі додаға облысымыздың он жеті ауданы мен Көкшетау, Степногорск қалаларынан сайдың тасындай іріктеліп алынған мыңға жуық спортшы қатысып, спорттың он түрінен бақ сынасты. Аудан басшылығы да аталмыш шараға жақсылап дайындалған екен. Орталық стадион мереке қарсаңында күрделі жөндеуден өткізіліп, өзгеше бір жарқын келбетке ие болған. Жарыстың əр түрі бойынша өткізілетін орындар талапқа сай жабдықталған.
Қай деңгейдегі жарыс болмасын, əзірлігі мықты командалардың əрдайым тасы өрге домалап, жеңістің биігінен көрінері даусыз. Жеңіс оңайлықпен келмейді, ол үшін жақсылап дайындалып, аянбастан маңдай теріңді төгу қажет.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген халық даналығы да тектен-текке айтылмаса керек. «Көппен көрген ұлы той, жарысқа қатыссақ болды» деп, өткізілгелі отырған шараға немқұрайлы қарап, еш əзірліксіз келген командалардың жеңілістің ащы дəмін татары да бүкпесіз шындық. Бұл жолғы спартакиадаға да спортшылардың зор дайындықпен келгені байқалады. Ойын алдында əртүрлі қимылдар жасап, денелерін қыздырып жүрген жас жігіттер мен қыздардың жүздерінен жеңіске деген сенімділік айқын сезіледі.
Сонымен ойын басталып та кетті. Жеңісті қолынан бергісі келмеген командалар сайыс басталысымен-ақ біріне-бірі еселерін жібермей, жанталасып бағуда. Бір командалар жақсы ойын өрнегін көрсетіп, бірден суырылып алға шықса, енді кейбіреулері «əттеген-айлап» есе жіберіп алғандарына сандарын соғып жатты. Алайда, жарыстың да өз заңы, өз ережесі бар.
«Жүзден жүйрік озады» дегендейін, жіті қимылдап, шеберліктерін таныта білген командалар жеңіс тұғырына көтерілді. Əйелдер арасында волейболдан өткізілген сайыста Жақсы ауданының қыздары жеңімпаз атанса, ерлер арасында алаң иелері - астрахандықтардың мерейі үстем болды. Баскетболдан əйелдер арасында ақкөлдіктер бірінші орынды иеленсе, ерлер арасында Степногорск қаласының командасы суырылып алға шықты. Спорттық туризм саласы бойынша Бурабай ауданының командасы үздік деп танылды. Ол заңды да. Басқа аудандарға қарағанда аталмыш өңірде туризм жақсы дамыған. Жанкүйерлердің делебесін қоздырған футбол ойындары да көпшіліктің жадында ұзақ уақытқа сақталары анық. Бір-бірінің қақпаларын үздіксіз шабуылдаған аяқдоп шеберлері футболды тамашалауға келген көрермендерге жақсы ойын өрнегін сыйлап, олардың ыстық ықыласына бөленді.
Алайда, жарыстың аты жарыс. Ақтық сайыста алаң иелерімен кездескен Көкшетау қаласының футболшылары 2:1 есебімен ұтып, жеңіс тұғырына көтерілді. Үстел теннисінен де көкшетаулықтардың мерейі үстем болса, Президент көпсайысында Степногорск қаласының командасы жеңімпаз атанды. Отбасылық сайыста астрахандықтар шеберліктерін таныта білді. Аудан командасының қоржынына отыз ұпай салған Баймағанбетовтар отбасы жерлестеріне жеңістің тəтті лəззатын сыйға тартты. Көкшетау қаласының командасы жеңіл атлетика, шахмат, дойбы сайыстарынан да шашасына шаң жұқтырмай, ешкімге дес бермеді. Екі күнге созылған жарыс та өз мəресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды.
Жалпыкомандалық есепте қалалар арасында 291 ұпай жинаған Көкшетау командасы жеңістің биік сатысына көтерілсе, аудандар арасында 236 ұпай жинаған Атбасар ауданының командасы бірінші орынды иеленді. Олардан үш ұпай кем жинаған бурабайлықтар екінші орынды еншілесе, астрахандықтар 229 ұпаймен үшінші орынға табан тіреді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтармен марапатталса, жақсы өнер көрсеткен командаларға арнаулы дипломдар табыс етілді.
Осы күні аудан орталығының шетінде орналасқан ипподромда аудан əкімшілігінің ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрінің бірі - ат бəйгесі өткізілді. Оның мақсаты - ұлттық спорт түрлерін бұқара арасында кеңінен насихаттау, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мəдениетке тəрбиелеу. Ат жарысқа аудан кəсіпкерлері мен жекелеген азаматтар демеушілік көрсетті.
Бəйге ежелден ата-бабамыздың қанына сіңген, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық спорт түрі. 16 шақырымдық аламан бəйге, 10 жəне 6 шақырымдық бəйгеге 55 ат қатысты. Дала төсін күңіренте шапқан сəйгүліктердің тұяғының дүбірінен, қиқу сала айғайлап ата аруағын шақырған дауыстар құлақ тұндырады.
Аламан бəйгеде 1-орынды Атбасар ауданынан келген «Сармат» есімді ат (иесі Т. Бултанов, шабандозы Вадим) 2-орынды Астрахан ауданының Ұзынкөл ауылынан келген «Дидар» (иесі «Ізбасаров» ЖШС, шабандозы Əсет), 3-орынды Шортанды ауданының «Үркер» (иесі Қайырбек Есілбаев, шабандозы Жангелді) жеңіп алды. 10 шақырымдық бəйгеде 1-орынға «Смағұл» жеке кəсіпкерлігі (Астрахан ауданы Ковыленка ауылы), 2-орынға Т.Əбдірахманов (Астрахан ауданы, Жамбыл ауылы), 3-орынға «Сағадатов» ЖК (Астрахан ауданы, Новочеркасск ауылы) орналасты. Ал, 6 шақырымдық бəйгеде «Темірлан» шаруа қожалығының (Астрахан ауылы), Қуаныш Жаңабаевтың (Колутон станциясы), «Ізбасаров» ЖШС-нің (Ұзынкөл ауылы) «Спринт», «Жезкиік», «Көкбөрі» есімді сəйгүліктері топ жарды. Бұдан соң жорға жарыс өткізілді. Онда 1-орын Болат Əбдірахмановқа (Астана қаласы), 2-орын «Ізбасаров» ЖШС-не (Ұзынкөл ауылы), 3-орын Бақыт Арыстановқа (Бұланды ауданы) бұйырды.
Шара соңында көкпар, теңге ілу, қыз қуу секілді ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер көрермендер назарына ұсынылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен, Астрахан ауданында өткен жиырма тоғызыншы облыстық жазғы спартакиада өз мəресіне жетті. Сөз соңында аталмыш шараның жоғары дəрежеде ұйымдастырылып, өткізілгенін атап өткен абзал...»
Газеттің 4 тамызында шыққан саны «Өндірісте оң серпін бар» атты мақаламен басталды.
«...- СТЕПНОГОРСК. Облыс әкімі алдымен «Степногорск тау-кен химия комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, іргелі кәсіпорынның жұмысымен танысты. Жарты ғасырдан астам тарихы бар кәсіпорын осы күні облыстың индустрияландыру картасына енген жобаны қолға алып отыр. Бір кездері жылына 4 миллион тоннаға дейін кен өңдеп, еліміздің жетекші өндірістік ошағына айналған зауыт қазір уақыт талабына сай жұмысын әртараптандыруда. Зауытта жылына 4 мың табиғи уран қоспасының минералды шикізаты, 1 миллион тонна мыс-молибден кені байытылып, өңделеді.
Кәсіпорын басшысының міндетін атқарушы Антон Макаровтың айтуына қарағанда, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 2,5 мың тонна уран қоспасы өңделіп, 6,2 мың тонна мыс концентраты өндірілген. 2012 жылдан бастап, «Қызылту кен орнының мыс молибден кенін байыту фабрикасын қалпына келтіру» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның құны 970 миллион теңгеге бағаланып, биыл іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Бүгінгі күні «Еуропалық «Степногорск» подшипник зауыты» акционерлік қоғамының да жұмысы дұрыс жолға қойылып, өндіріс көлемі арта түсуде. Аталмыш кәсіпорын осыған дейін жолаушылар және жүк вагондарына, тепловоздар мен электровоздарға қажетті подшипниктер шығарып келген еді. Дайын өнім Қазақстан мен Ресей нарықтарына саудаға шығарылатын. Өткен жылдың қорытындысы бойынша зауытта 10,3 мың тонна подшипник өндірілді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 5,8 мың тоннаға жетті. 2012 жылы кәсіпорында «ЕПК-Мәскеу» ашық акционерлік қоғамының подшипник өндірісі номенклатурасын ауыстыру» инвестициялық жобасы іске қосылды. Мәскеуден қажетті бөлшектер тасымалданды. Ол жақтан мұнда 370 қондырғы жеткізілді. Осының арқасында биылғы жылдың басынан бері жаңа үлгідегі 71 мың дана подшипник шығарылды. Зауыт қолға алған жаңа өнімге деген сұраныс артуда. Келешекте зауыт бұл көрсеткішті 200 мыңнан асыруды межелеп отыр.Осы күні аймақ басшысы «Қазақстанның жылыжай кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен қалпына келтіріліп жатқан көпқабатты тұрғын үйді көріп, атқарылған шаруаларға оң бағасын берді. Сонымен бірге, қаладағы No2 индустриялдық-техникалық колледжінде болып, кәсіптік білім беретін оқу ордасының жайымен танысты.
Целиноград ауданы. Осы күні ауданның Талапкер ауылдық округіне қарасты 96 разъезде және Тайтөбе ауылында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Аталған білім ордаларының екеуі де жоспар бойынша 2013 жылы пайдалануға берілуі керек еді.
Алайда, мердігерлердің салғырттығынан құрылыс жұмыстары созылып, биылғы жылы аяқталатын түрі бар. Мәселен, 96 разъездегі орта мектептің құрылысына барлығы 547 миллион теңге қаржы бөлініпті. Құрылыс жұмыстарын 2011 жылы мердігер «Алмат Көкшетау» серіктестігі қолға алып, кейін қаражат уақытылы бөлінбеді деген түрлі сылтаумен аяқсыз қалдырған. Осы күні сот арқылы аталған нысанның құрылысы мердігер компания «Қазбайлық Астана» серіктестігіне беріліп отыр. Серіктестік басшысы Нұртай Хабдулиннің сөзіне қарағанда білім ордасын биылғы жылдың қыркүйек айында тапсыру жоспарланған.
- Құрылыс жұмыстарын ширатып жатырмыз. Қыркүйек айының ортасына қарай нысанды пайдалануға беретін боламыз, - деп мәлімдеді Нұртай Хабдулин.
Сол сияқты Тайтөбе ауылындағы мектептің құрылысы да алғашқы мердігерлерден сот арқылы қайтарылып алынып, «Электросетьстрой» серіктестігіне тапсырылған. Бұл нысанды алдағы жиырма күннің ішінде аяқтау көзделген. Қазіргі кезде негізгі жұмыстар аяқталған. Ішкі әрлеу жұмыстары қолға алынып, ғимарат маңы абаттандырылу үстінде. Аталған білім ордаларының құрылысымен танысқан аймақ басшысы мердігерлерге барлық жұмысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Облыс әкімі Астананың іргесіндегі елді мекендерде заңсыз жер телімдерін иелену мәселесі бойынша жергілікті тұрғындармен кездесті. Целиноград ауданының Тайтөбе ауылында өткен кездесуде өңір басшысы заңсыз жер иеленушілердің арасында алданып, біреуден жер телімін ақшаға сатып алған тұрғындардың кінәсі жоқтығын және бұл бағытта құрылған жұмыс тобы мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатында тексеріс жүргізіп жатқанын атап өтті.
- Мен әу бастан-ақ адал жолмен қаржысын төлеп жер сатып алған тұрғындардың ешқандай кінәсі жоқ екенін айтқан болатынмын. Бүгінгі күні менің өтінішіммен құқық қорғау органдары тарапынан барлық тексерулер уақытша тоқтатылды. Алдағы уақытта біз мұны егжей-тегжейлі талдап, әрбір өтінішті жеке қарайтын боламыз.
Соған сай нақты шешім шығарылатын болады. Кейбір жер телімдеріне қатысты істер тек сот арқылы ғана шешіледі. Бұған әрине біраз уақыт керек. Сондықтан, сіздерді сабыр етуге шақырамын. Қазіргі кезде жұмыс алгоритмі жасалынып, жер пайдаланушылардың мәліметтер базасы бір жүйеге келтірілуде. Естеріңізде болса, осыған ұқсас жағдай Қоянды ауылында да болды. Бүгінгі күні біз ондағы жағдайды да біртіндеп шешудеміз, - деді облыс әкімі өз сөзінде.
Айталық, жалпы Целиноград ауданы бойынша заңсыз жер телімдерін иеленген барлығы 570 оқиға тіркелген. Оның 270-і Қосшы және Талапкер ауылдарына тиесілі болып отыр. Ал, осыған дейін Қоянды ауылында анықталған 195 заңсыз жер телімін иелену оқиғасының бүгінгі таңда 15-і қаралып жатыр. Қалғандары толық шешімін тапқан.
Сапар барысында облыс әкімі Ақмол ауылында алдағы жылы іске қосылатын жаңа жылу қазандығы мен жаңадан салынып жатқан 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына көңіл бөлді. Осы орайда, аймақ басшысы мердігер «Асгард құрылыс компаниясы» серіктестігіне тұрғын үйдің құрылысын кестеге сай сапалы жүргізуді тапсырса, коммуналдық нысанды толық қуатымен жұмыс істету қажеттігін атап өтті.
«ЖЕР ИЕСІ немесе үш ұрпаққа жалғасқан диханшылық»-
«...Ат ауыздығымен су ішкен қиын-қыстау ашаршылық жылдары 4 жасар Хамидолла əкесінен айырылып қалады. Анасы Бəкеш Бүркітқызы аса ісмер адам еді. Он саусағынан өнері тамған іскерлігінің арқасында Хамидолла мен ағасы Бұрқанды небір зұлмат жылдардан аман сақтайды. 1934 жылы мектепке барған Хамидолла соғыс басталғанда 7 сыныптық білімімен еңбек майданына аттанады. 1941-1944 жылдары колхоз даласында өзі құралпы балалармен бірге көктемде өгіз жегіп егін егеді, жазда пішен шабады. Күзде қол орақпен арпа-бидай орып, қыстың көзі қырауда мал бағады.
1944 жылы ол Көкшетаудағы педагогикалық училищеге түсіп оны 1946 жылы тəмамдайды. Екі жыл мектепте мұғалім болады. Оқушыларға сабақ бере жүріп жас буынды еңбекке баулиды, елге-жерге деген құрмет дəнін жүректеріне себеді.
1948 жылы Хамидолла Сылқымбеков Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға қабылданады. Көп оқып, білім жолында тапжылмай тер төгудің арқасында аталған институтты «ғалым-агроном» мамандығы бойынша үздік бітіреді.
Сөйтіп, 1954 жылдың ақпанына дейін Алматы маңындағы Талғар ауыл шаруашылығы техникумында оқытушылық қызмет атқарып, тəжірибе жинақтайды. 1954 жылы Кеңес Үкіметінің тың жəне тыңайған жерлерді игеру туралы қаулысы шыққанда тың жерлерді игерушілердің алғашқы тобында Х.Сылқымбеков комсомолдың арнайы жолдамасымен Ақмола облысының Атбасар ауданы, Шуйский совхозына бас агроном болып барады. Өрімдей жас маманның тың өлкесіндегі алғашқы еңбек жолы осылайша басталады.
Хамидолла Жүзбайұлы бұл туралы: «1954 жылдың 7 сəуірі. Атбасарға келген күні ауа райы бұзылып, боран борап тұр екен, үскірік аяз, айнала аппақ, омбы қар. Бір інішек бізді жалғыз трактормен қарсы алды. Жаяулап трактордың соңынан ерген 12 адам 45 шақырым жол бойынан өлең айтып келе жатырмыз. Бір кезде трактор тоқтады. Айдалада бірде-бір жан көрінбейді, елді мекеннің белгісі де жоқ. Бір қазық қана тұр. Қазық басындағы тақтада: «Макеев совхозы» деген жазуы бар.
- Інішек, совхоз қайда? - деп сұрадық.
- Міне, осы қазық совхоздың бірінші бастауы! - деп
жауап берді ол.
Аң-таңбыз. Ал, енді не істейміз?! Жігіттер жағы дереу қолымыздағы он адамдық екі палатканы құрастырып, от жағып, өлең айтып, жастық жалын, жігермен түнді өткіздік. Таң атқанда бір-бірімізге қарасақ тек қана тісімізбен көзіміз көрінеді, бетіміз қап-қара күйе. Мінеки, осылайша тың жерлерді көтерудің бірінші күндерін бастадық...» деп еске алады.
Өз ісіне шынайы берілген Хамидолланың бар арманы ауылдың экономикасы мен мəдениетін көтеру еді. Совхозға келген бетте Хамидолла бастаған жастар тынымсыз еңбектің арқасында аз ғана уақыттың ішінде дегендеріне жетті, іргедегі шаруашылықтардың байырғы мамандары тəжірибе алмасуға келе бастады.
«Ел бастар ұлың болса, ұрпағың өсер» деп, халық даналығында айтылғандай түзде елдің қамымен жүрген ер азаматтың отбасы-ошақ қасындағы бақыты аяулы жары мен кіндігінен тараған ұрпағы екені даусыз. Тың игеруге бірге аттанып, жұптарын бір елі жазбаған, үлгілі отбасы иелері Хамидолла мен Зұлқия екі баланы дүниеге əкеледі. Сол замандарда қазақы тəрбиенің жазылмаған заңы бойынша Шəріп пен Гүлнəрді мектеп жасына дейін үлкен нағашы əжесі бауырына алып өсіреді. Балғындардың балдəурен балалық шағы Қорғалжында, Шалқар көлінің жағасында өтеді.
«Келелі іске қолбайлау болмағаны жөн» - «...Акцияны облыстық кəсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Валентина Геращенко ашып жүргізіп отырды. Жеке кəсіпкер Т.Артемьева «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында автокөлікпен тегін жүруге ықпал етуді өтінді. Мемлекеттік электрондық саудаға қатысқан кəсіпкер Бурабай кенті аумағында орналасқан мекемелер мен кəсіпорындарға сүт өнімдерін тасымалдау үшін келісім-шартқа отырған.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы арқылы өткенде қосымша шығын шегеді. Олардың аумаққа кіру төлемі 636 теңгені құрайды. Бұрын арнайы құжатпен тегін жүретін. Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 508-511 бабтарына сəйкес, төлемақы алына бастапты. Бұл сауалға жауап берген облыстық прокуратураның аға прокуроры Ақылбек Смағұлов өз сөзінде ерекше қорғалатын табиғи парктер аумағында көлікпен жүру үшін өтемақы төленетінін, кəсіпкердің мəселесін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жəне шипажайдың басшыларымен шешуге болатынын атап өтті.
Зеренді ауданының кəсіпкері Павел Кельм өз сөзінде аудандық мемлекеттік кіріс басқармасы «Лагуна» демалыс базасында жұмыс істейтін еңбеккерлерден де аумаққа кіру ақысын алатынын айтты. Бұл мəселе жөнінде облыстық мемлекеттік кіріс департаментінен жазбаша түсінік алынып, облыстық прокуратураға жолданатын болды.
«Ақмола өңірлік электр компаниясы» акционерлік қоғамының өкілі ескі электр қуатын тарату желілері бойына жер бөлу жөнінде мəселе көтерді. Кəсіпорын бұрынғы желілерді қалпына келтіруде. Құқықтық құжаттары бар. Бірақ, бұл желілер кейбір елді мекендердің бас жоспарына енгізілмеген. Осы орайда, жұмыс барысында мəселе туындайды. Бұл сауалға жауап берген облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Азамат Серғазин электр компаниясы өкілінің басқармаға келуі қажеттігін айтты.
Келесі «Агросервис компаниясы» мен «ЮрСлужба» серіктестіктерінің сауалдары мемлекеттік кіріс департаментіне қатысты болды. Серіктестік өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері салық жəне бюджеттің өзге де төлемдерін дұрыс есептемейтін көрінеді. Мұндай қате есептелетін салықтың сомасы миллиондаған теңгеге дейін жетуі мүмкін. Кəсіпкердің əділдігін дəлелдеу оңай шаруа емес. Ол тек сот арқылы шешіледі. Төленген ақшаны кері қайтару да қиын. Бұл жағдайда салық органының қызметкері кешірім сұраудың орнына қоқан-лоққы жасайды.
Мəселен, «Агро-сервис компаниясы» серіктестігінің өкілі тексеріс кезінде мемлекеттік кіріс департаменті қызметкері Шоқан Жанəбілмен бірнеше рет кездескен. Оған серіктестіктің бухгалтерлік құжаттарының бір бөлігі берілді. Сондай-ақ, тексеру жүргізу үшін мемлекеттік кіріс департаментінің талабы бойынша кəсіпорынның бір бөлмесі бөлініпті.
- Шоқан Жанəбілмен əңгімелескенде біз тексерістен қорықпайтынымызды айттық. Бұдан кейін ол көрінбей кетті. Тіпті, тексеріс өткізу үшін белгіленген уақытта да келмеді. Үш аптадан бері хабарласқан жоқ. Мұндай қызметкердің қылығы заң бұзушылыққа жатпай ма? Мүмкін ол негізсіз салық есептеп жүрген болар. Осындай келеңсіздікке баратын қызметкерлер неге жауапкершілікке тартылмайды? - дейді серіктестік өкілі.
Бұл мəселе облыстық прокуратураның жұмыс тобына берілді. Ал, тексерістің неге тоқтатылғаны жөнінде арнайы сайттан оқу керектігі айтылды. Сараптама өткізілгеннен кейін кəсіпкерлер өз сауалдарына облыстық кəсіпкерлер палатасынан жауап алатын болды.
«Еуропласт Көкшетау» серіктестігінің өкілі Сергей Литвиненко өздерінің тасымалдаушысы «Павлодар Пласт Комплект» серіктестігі соттың шешімі бойынша мемлекеттік тіркеуден алынып тасталғанын айтты.
- Бұл қосымша құн салығына орай мемлекеттік кіріс органдарына қатысты шаруа. Соттың шешімімен келіспейміз. Мемлекеттік органдарға шағымданамыз. Соттың шешімі күшінде болғанда мемлекеттік кірістер комитеті аталмыш ескертуді орындау бойынша шара қолданды. Біз қосымша есеп беруге мəжбүр болып, ескерту мезгілінде көрсетілген есептен қосымша құн салығын алып тастадық. Қосымша құн салығына 3 миллион 317 мың 123 теңге өсім есептеліпті. Оны толығымен төледік. Жуырда салық төлеушіге 2 миллион 229 мың 627 теңге өсімді төлеу жөнінде жаңа ескерту келді. Бұл қалай болды? Кім кінəлі? Мұндай жағдайда салық жинаушылар салық төлеушілерді кінəлайды. Өздерінің қателіктерін мойындамайды,- деді серіктестік өкілі.
Бұл мəселе де облыстық прокуратураның жұмыс тобына берілді.
Украинадан Грузия арқылы қосалқы бөлшектер тасымалдайтын кəсіпкер кедендік сертификат мəселесін көтерді. Қазақстандық кеденшілер шетелде жасалған сертификаттың түп нұсқасын сұрайтын көрінеді. Кедендік кодексте көрсетілмеген жағдай жөнінде облыс прокурорына өтініш жазу жөнінде ұсыныс айтылды.
Зеренді ауданының кəсіпкері Павел Кельм «Зеренді Энерго» серіктестігінің ағаш өңдеу цехын электр қуатынан заңсыз ажыратқанын, бір жарым ай бойы еңбеккерлері жұмыссыз отырғанын айтып шағымданды. Кəсіпкер бүгінгі күнге дейін техникалық жағдай құжатын ала алмай жүрген көрінеді. Бұл мəселені облыстық кəсіпкерлер палатасы облыстық прокуратурамен бірге шешетін болды. Бұдан əрі он шақты кəсіпкердің өзекті мəселесі тыңдалып, тұшымды жауап берілді.
«Еңбекпен көгерген Еңбек» - «...Бас инженерден мəлімет аламыз. Ол аудандағы оннан астам кеңшар техникасының сақадай сай əзірлігіне жауап береді. Науқандар кезіндегі жұмысы қат-қабат та қарбалас. Ал, науқан толастамайды. Бірі аяқталып, екіншісі басталып жатады. Соған орай бас инженердің жұмысы бастан асатынын байқайтынбыз.
Содан көп ұзамай қамал бұзар қырыққа екі-үш қырқа қалғанда серілердің шырқай салған əні естілердей əудем жердегі Айыртау атырабы, Сырымбет саласында жаңадан құрылған мал бордақылау кеңшары - Қазақстан аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігіне директор болып тағайындалсын.
Еңбек ағаға ақ жол тілеп Зерендіде қала бергенбіз. Бірақ, құдайым дес бергенде, бір жыл өтер-өтпесте мен де Көкшетаудың облыстық газетінің дəл сол Володар ауданындағы меншікті тілшісі болып бара қалайын. Жаңа үйленген жас отбасыммен аудан орталығындағы СПТУ жатақханасында тұрамын. Еңбек Қабданұлымен тағы да бір аудандамын. Ол кісінің де кеңшарына барып, жағдайымен танысып, материал жинап, баспасөзге жазылуға орай біраз жұмыстар жүргізіп те қайтқанмын. Бұрыннан білетінімді салық қылғандай еркіндеумін. Десе де, азаматтың алды кеңдігіне, жан дүниесінің қазақи дарқандығына сол барыс-келіс, аралас-құраластықта көзім жеткендей еді. Əуелі газетке жұртты жаздыру жайынан үлкен қолғабыс жасады. Парторг Құнанбай Сердалин екеуіміз кеңшарға қарасты қаймағы бұзылмаған, іргесі əлі күнге дейін сөгілмеген төрт қазақ ауылы - Дəуқара, Қарақамыс, Егіндіағаш, Шолақөзекте үй-үйді аралап жүріп елмен сөйлесіп, діттегенімізге жеткен былай тұрсын, межеден асып та түскенбіз.
Сонда жаңа кеңшардағы жас директордың алымды, арымды істеріне де таңырқай көз саламын ғой. Айналасы екі-үш жылдың ішінде, əсіресе, орталық қоныс Дəуқараны ақшаңқан, ақкірпіш, əдемі үйлерге толтырып жіберіпті. Екі пəтерлі елуден астам үй салып тастаған. Құрылыс кең қанат жайған. Қажетті материалдарды жан-жақтан алдырып жатыр. Шаруашылықта қаншама мал бағылып, қысы-жазы бордақыда тұр. Халықтың да көйлегі көк, көңілі тоқ. Барлығы саңғыраған жаңа үйлерге кірген жас мамандар да жадыраңқы. Еңбек Қабданұлы сияқты кесек қимылды, кермиық кең мінезді директор келгеніне ел де разы. Соны іштей ұғып, азаматқа деген ішкі бір тілектестігімізбен біз де мерейленгенбіз сонда.
Мұнымен де қоймай, «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, осы Дəуқарада облыстық газеттің тағы бір жиынын өткізсек деген ойымызды директорға дүдəмал көңілмен айтып көріп едік, бетімізді қайтармады, бірден келісті. Газетте «Ауыл ажары азаматынан» деген əйгілі айдарымыз болатын. Содан қыстың көзі қырауда, ақырған ақпанның іші, Көкшетаудан 200 шақырым жердегі Дəуқарада ауыл мəдениетін көтеру, келбетін көркейту туралы диспут өткіздік. Облыс орталығынан белгілі ақын Төлеген Қажыбаев, ҚазТАГ-тың фототілшісі Совет Мағзұмов, радиожурналист Жанмұрат Жанайдаровтарды қолқалап алдырттым. Диспут тақырыбын, сұрақтарды, қозғалатын мəселелерді алдын ала партия жəне комсомол ұйымдарының хатшыларымен келісіп, сөйлейтін адамдарды белгілеп, дайындығымыз да жақсы болды. Кеңшар клубы ауыл тұрғындарына лық толды. Жиынымыз белсенділікпен əдемі өтіп жатыр. Еңбек Қабданұлы қарбалас жұмыстан үлгеріп жетіп, көпшілік алдында сөйлеп те берді. Ауыл өмірін жақсарту туралы біраз ойларын да айтты. Бірақ, жүзінен шаршау, əдеттегіден көңілсіз екені байқалды.
Кейін білсек, дəл сол күні Көкшетау облысына жаңадан сайланған бірінші хатшы Оразбек Қуанышев елмен танысу, мал қыстатудың жай-күйін байқап көру мақсатында ауданды аралап, одан осы шаруашылыққа соғыпты. Мал қораларында əлденеге көңілі толмай, облысты тіреп тұрған дөкей тарс ашуланып, болмашыға бұлқан-талқан болып, директорды сөккен көрінеді. Ол заманда бұл дегеніңіз іс басындағы қай-қай азаматқа болсын ауыр соққы. Еңбек аға осыған қарамастан журналистер ұйымдастырған жиынға бастан-аяқ қатысып, түннің бір уағына дейін бізбен бірге болды, сый-құрметін көрсетті.
Облыс басшысының жаңағыдай тоқпағынан кейін басқа біреу болса тұлан тұтып, қара жамылып жатып алатынына, халық алдында қарасын да көрсетпесіне сөз бар ма. Біздің ағамыз өйтпеді, пенделіктен биік тұрды, салын суға кетірмей, сабырын сақтай білді, азаматтығы мен адамшылығынан басына күн туғанда да айнымады. Жеке басының ренішін жұртқа титтей де сездірмеді. Ал, диспут материалдары сол кездегі облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің тұтас бір бетін алып шыққан болатын.
Еңбек Қабданұлының қатты түтігіп ашу шақырғанын да көрдік. Күзгі жиын-терін, егін орағының нағыз қызған шағы. Астық үшін айқас. Найқалуды көтермейтін қарбалас. Бірді-екілі механизатор жігіттер осындай уақытта арақ ішіп, комбайнды қаңтарып қойып тойлатқан.
Сөйткен жетесіздікпен зығырданды қайнатқан. Солардың бəрін, бригадирін қоса, Еңбек Қабданұлы таңғы сағат 7-ден кабинетіне жиып алды. Еттен өткізе, сүйектеріне жеткізе, миларын шағып, шаңдарын қағып қатты батыра айтты. Айқайды салды! Жігіттер сөмпиіп төмен қарады. Дұрыс ұрысқа не десін? Кінəларын мойындап, кешірім сұрады. Бұл кезде кеңшар парторгы Жақсыбай Төрегелдин деген айкөл азамат болатын. Үндемей қалмады. Еңбек Қабданұлын қолдап, ол да жондады, саңылауы бардың санасына жетердей қылып ұялтты жігіттерді. Директор мен парторгтың дертені бірге тартқан, жауапкершілік жүгін бірге арқалаған жарастығы осындай еді. Олар алдарындағы жұмысты осылай қашыратын. Сол жылғы егін орағын да Еңбек Қабданұлы бастаған шаруашылық ерте тəмамдағанына куə болғанбыз, сабантойына да қатысқанбыз.
Директор мен парторг жарастығы дегенде, еске бір ескі əңгіме түседі. Көкшетаудан көп алыс емес, Елтай ауылы дейді, «Сейфуллин» кеңшарының директоры Талап Тоқмырзин мен кеңшар партия ұйымының хатшысы Қайыржан Рысбаев деген кісілер болды. Қазірде бақилық, имандары жолдас болсын, жұмыстарын да білетін, ауыл ішіндегі қазақы жөн-жосыққа да жүйрік жақсы адамдар еді. Қыс түсіп, соғымдарын жыққан ел қандай, кезек-кезек шекеге, омыртқаға шақыра бастайды емес пе. Сонда шақырған үй иелері бас салынған табақшаны директор мен парторгтың нақты қайсысына тартылғанын білдірмей, екеуінің ортасына қоятын көрінеді. Жас жағынан Қайрекең үлкен де, қызмет жағынан алғанда директордың дүмі мықты. Қайткенде де Талап басты өзіне икемдеп алып жүріпті. Сөйтсе бірде тағы бір үйде, алдарына сыйтабақ тартыла берген кезде Қайыржан парторг бұрынырақ ұмтылып басты өзінің алдына тартып алыпты да: «Əй, Талап, бұдан былай басты бір үйде сен ұста, бір үйде мен ұстайын!» деген екен. Осы сөз Көкше өңірінде директор мен парторг сыйластығы жөніндегі əңгімелердің əдемі мəтелі болып кеткен еді.
Бұл жайды Еңбек ағамыз да, əлбетте, жақсы біледі. Ал, өзі ізетшіл сыпайылығының, кішіпейіл мəдениеттілігінің, кеңқолтық кісілігінің арқасында əріптес серіктерінің арасында, жұмыс бабында да, былайғы қарым-қатынаста да ешқашан бас жағына барыспаған басшы болды десек, қателеспейміз.Еңбек Қабданұлы бұдан соң Зеренді аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып жүргендегі бір жай əрдайым жадымда. Қарбалас науқандарда ылғи сұхбат алып жүрген ағамыз. Бірақ, бұл жолғы жағдай басқаша. Асқар деген інім үйленіп, Еңбек директор болған кеңшардың Шолақөзек ауылынан келін əкелетін болды. 250 шақырым жерге той, құдалыққа баруымыз керек. Барушылар саны əжептəуір. Бір шағын автобус болмаса болмайды. Ақыры не керек, арызымды Еңбек Қабданұлына айттым. Екі сөзге келместен мəселені шешті де тастады.
«Шөпшілерге тамақты бас агроном, бас инженер өз мəшинесімен жеткізсін. Жастарымыз үйленіп жатса өміріміздің берекесі де, мерейі де сол емес пе. Микроавтобусыңды екі күнге бере тұрсаң, кеңшарың одан құлап қалмайды, қайта сауабын аласың» деп Мəлік Ғабдуллин кеңшарының жалғыз автобусын алды да берді. Бұл жай да оның өндірісте де, өмірде де болашақты ойлап, кеңінен толғайтын басшы екенін көрсететін миятты мысал дер едім.Қайырымды басшы - халықтың ырысы. Адамдарға шарапатын тигізеді, жастардың жолын ашады. Ағаның осындай да бір жақсылығын білуші едім. Ол кезде Еңбек Қабданұлы Айыртау (бұрынғы Володар) ауданының əкімі болып тұрды. Сол кезеңде осы ауданға көп еңбек сіңіріп, халықтың алғысына бөленген нарқасқа азамат, марқұм Түзелбай Кербаевтың немересіне кеңшар атынан жоғары білім алуға жол ашқаны да мəрттігін білдірер еді.
Иə, Еңбектің өзі де көзін еңбекпен ашқан. Он сегіз жасында Көкшетаудағы механизация училищесін бітіріп, əмбебап «машинист-тракторист» мамандығын алып шығады. Іле Уəлиханов ауданының Көксеңгір атырабына 20 трактормен жер қыртысын аударып, тың көтеруге жіберіледі. Жерді соқамен жыртып өткенде улап-шулап шыңғырған суырларды көріп жас жүрегі біртүрлі мұңайып ауырғанын Еңбек Қабданұлы əлі күнге ұмытпайды. «Қандай керемет мал жайылымдары құрыды ғой» деп отырады.
Ақмолада жаңадан ашылған ауыл шаруашылығы институтына еңбек майданынан келіп алғашқылардың бірі болып түсіп оқыған да осы Еңбек. Стипендия аз. Обком хатшысын таситын əкесінің айлығы үлкен отбасын асырауға тақыл-тұқыл жетеді. Сонда Еңбек өзі сияқты студенттерді трактор, комбайн жүргізуге үйретті. Түске дейін өзі оқиды, түстен кейін мұғалім болып сабақ береді. Өмір сабағы осындай-ды.Осы сабақ диплом алғаннан кейінгі одан арғы еңбек жолында да жалғасты. Жолдамамен «Айыртау» кеңшарына МТС меңгерушісі болып барғанда екі бөлмелі үй алған. Кішкентай сəбилері бар. Келіншегі екеуінің сондағы қуанғандары-ай. Одан кейінгі еңбек жолында өзі де əсіресе қазақ ауылдарында ондаған, жүздеген үйлер салғызып, қаншама адамды қуанышқа бөледі емес пе. Одан соң адал еңбегі сатылап көтерген өмір баспалдақтарында Еркін Əуелбеков, Баян Жанғалов, Тəткен Боқанов сынды қайраткер ағалардың тəрбие тəлімімен де көрді, сынынан да өтті.
Біраз жылдар «Тыңның 25 жылдығы» кеңшарын басқарғанда, Айыртау ауданының əкімі болып тұрған кездерде сол ел ағаларына тəн байсалдылықты, парасаттылықты, азаматтылықты танытқанын ризашылықпен айтушылар əлі де аз емес.Əкім болып та, қайтадан кеңшар директоры болып та істеген жылдары тəуелсіздігіміздің тəй басқан, нарыққа енді кіре бастаған қиын жылдарымен тұспа-тұс келді.
Қазақстанның өз ақшасы əлі шықпаған. Ресейдің рублі құнсыз, соның өзі де жоқ. Трактор, комбайнның қосалқы бөлшегі қат. Онсыз бітік шыққан егінді жинап ала алмайсың. Не керек, тəжірибесі мол Еңбек егіннің ебін де, алыс-берістің жөнін де келтірді. Тығырықтан шығу үшін етті, астықты, картоп пен көкөністі ақша орнына қолданды. Қолма-қол айырбас, бартерді іске қосты. 1 тонна соляркаға бес тонна бидай берген кездер де болды. Есесіне мол егінді шашаусыз жинап алды. Сол жылдары агротехникалық шараларды мұқият атқаратындықтан гектар берекесі де мол болып тұрды. Шығымдылық əр гектардан 20-22 центнерден төмен түспеді. Мал санын да азайтпады. Сөйтіп, кеңшарды ақырына дейін құлатпады. Ал, 1999 жылы айды аспаннан шығарып, Еңбек Қабданұлының басқаруындағы кеңшар əр гектардан 33,6 центнерден астық алды. Осының жартысы да жаман көрсеткіш емес.
Ал, мынау деген! Сол жылдың желтоқсанында Астанада «Отан» орденін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолынан алды. Салтанатты рəсімнен кейін залда бұл қуаныш аталып өтілді. Министрлер. Генералдар. Көптеген елге белгілі атақты адамдар. Сол топта кеңшар директорлары үшеу екен. Бұлар директорлық шынайы мінезбен бокалдағы ерекше аппақ шампанды тартып жіберген.
Нұрсұлтан Əбішұлы: «Директорлар əр істе осындай шешімтал болуы керек» деп күлді.
Еңбек Қабданұлы: «Нұрсұлтан Əбішұлы, осы бір сəтке шөлдеп келген екенбіз» деді. «Шөлдесеңдер тағы біреуін ішіңдер» деп Елбасы шат көңілді еселей түсті. Осы бір шуақты сəтті Еңбек Қабданұлы айтып отырады. Сол жолы орденді қазақтың бұлбұл əншісі Бибігүл Төлегеновамен қатар алғанын мақтан тұтады. Бибігүл апайдың пальтосын киюіне көмектесіп, рахметін де алып үлгеріпті.
«Апамыздың мінезі қазақы, ақжарқын кісі екен» деп еске алады сол жарқын күндерді. Қабданов кеңшарының үрдісі бүгінге де үлгі. Мысалы, онда 7 цех жұмыс істеді. Макаронның бес түрін шығарды. Өз бидайы, өз ұны, өзінің наубайханасы болды. Дəн жармасын жасады. Бұршақ пен картобы, май-қаймағы бар, балмұздаққа дейін шығарады. Барлығын базарда саудалап сатып отырады. Екі жарым мың мал ұстады. Оның жемшөбін дайындап отырады. Бұл саладан да пайда көрді. Бас дəрігермен келісіп, Зерендінің аудандық ауруханасына картоп, сəбіз, қырыққабат, сүт өнімдерін беріп отырды. Есесіне, сол қиын жылдарда кеңшар жұмысшылары тегін емделді, ота жасатқызды. Қаржыдан тарығып газетін шығара алмай жатқан аудандық газетке де көмектесті. Айлық орнына редакция қызметкерлеріне, баспахана ұжымына азық-түлік бергізді.
Журналистер болса Еңбек Қабданұлының кеңшарындағы игі істерді халыққа жарлап жазып тұрды. Бір жылы жарық болмай қалды. Содан бұршақтан 20 тонна жарма жасатты да, Екібастұз ГРЭС-іне апарып берді. Жарма қымбат. Сөйтіп, түгел кеңшарына, бірнеше ауылына бір жыл бойы электр қуатын тегін алып тұрғаны да бар. Осындай өмір тəжірибелерін Зеренді ауданының құрметті азаматы, алғашқы тың игерушілердің бірі Еңбек Қабданұлы əлі де өнеге қылып, іске асырып жүреді.
Сексенді алқымдап қалса да, шүкір, қайраты қайтқан жоқ. Еңбек аға өз балалық шағы өткен Көкшетаудың төрінде. Бақуат тірлік кешуде. Балалар орнын тапқан. Немерелердің өзі қандай! Көз қуантып, көңіл сүйсіндіреді. Кішкентайынан мейірім-қамқорлығын көп көрген жиені, қазіргі атпал азамат, баспасөз саласының белді қайраткері, қазақ күресін қайта тірілтіп, «Қазақстан барысы» жобасын тамаша іске асырған Арман Шораев та құрақ ұшып сыйлап тұрады. Абзал ағаның мерейі бұған да өседі. Жалғыз Арман емес, еңбекпен көгерген, айналасына дəйім жақсылық шашқан Еңбек Қабданұлын құрметтеушілер Көкше өңірінде де, басқа жерлерде де жетерлік. Солардың бірі мына біз...»
Газеттің осы күнгі санында ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың Ақмола облысына жұмыс сапары туралы жазылған. «Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм саласының дамуы көңіл сүйсіндіреді» атты мақалада Премьер Министрдің Степногорск және курортты Бурабай ауданына жасаған сапарын толық оқи аласыздар.
«...Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Үкімет басшылығына өнеркәсіп саласын дамыту бойынша жұмыс жасауды тапсырған болатын. Солардың бірі еліміздегі іргелі кәсіпорындар шоғырланған Степногорск қаласы деп атап өтуге әбден болады. Осы күні қаладағы ірі өнеркәсіп орындары аймақта бәсекелестікке төтеп бере алатын тиімділігі жоғары, қазіргі заманғы технологиялар бойынша жұмыс істеуде.
Осы жұмыстардың барысымен және оны дамыту жайында танысуға келген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қаланың іргесіндегі өнеркәсіп аумағында орналасқан «Степногорск-Еуропалық подшипник корпорациясы» акционерлік қоғамында болды.
Аталмыш кәсіпорын осыған дейін жолаушылар және жүк вагондарына, тепловоздар мен электровоздарға қажетті подшипниктер шығарып келген болатын. Соңғы кездері теміржол саласынан сұраныс азайған соң кәсіпорын еуропалық үлгідегі подшипниктердің жаңа түрін шығаруды қолға ала бастаған.
- 2012 жылы кәсіпорынға «ЕПК-Мәскеу» ашық акционерлік қоғамының подшипник өндірісі номенклатурасын ауыстыру» инвестициялық жобасы аяқталды. Мәскеуде жабылып қалған зауыттан қажетті бөлшектер тасымалданды. Ол жақтан мұнда 370 қондырғы жеткізілді. Осының арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша зауытта 10,3 мың тонна подшипник немесе 6 миллиард теңгенің өнімі шығарылды.
Биылғы жылдың басынан бері жаңа үлгідегі 71 мың дана подшипник немесе 12 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Дайын өнім Қазақстан мен Ресей нарықтарына саудаға шығарылуда. Жаңа өнімге сұраныс артуда. Келешекте зауыт бұл көрсеткішті одан әрі асыруды межелеп отыр, - деді кәсіпорын басшысы Александр Томилов.
Кәсіпорын жұмысына көңілі толған Үкімет басшысы одан әрі осындағы No2 индустриалдық-техникалық колледжде облыс жастарымен кездесіп, жұмыспен қамту мәселелерін талқылады. Алдымен білім мекемесінің директоры Елена Крайнева «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» бағдарламасы үшін кадрлар даярлаудың оқу үрдісімен таныстырып өтті. Бұдан соң Премьер-Министр жастардың сауалдарына құлақ түріп, айтылған мәселелерді шешу жолдарын дөңгелек үстел басында талқылады.
Кездесу барысында «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бойынша жіберілген жас мамандар үшін көтерме ақы көлемін арттыру, жоғары сынып оқушылары үшін демалыс уақытында уақытша еңбекпен қамту бағдарламасын енгізу, жастар кәсіпкерлігін ұйымдастыру, құрылыс жасақтары тәрізді жұмысқа орналастыру түрлерін қолдау тәрізді өзекті мәселелер айтылды.
Осы орайда, Кәрім Мәсімов «Жастар іс-тәжірибесі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020», «Дипломмен - ауылға!», сондай-ақ, «Жасыл ел» бағдарламалары арқылы Үкіметтің жас мамандарды еңбекке орналастыруға ықпал ететінін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар саясаты мәселелері Қазақстан Үкіметінің ерекше бақылауында. Премьер-Министр Жамбыл облысында тамыз айының соңында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізуді жоспарлауда екенін айтты.
- Қойып отырған сұрақтарыңыз орынды. Айтылған мәселелердің барлығын бірден шешіп тастау мүмкін емес. Министрліктерге көтерілген мәселелерді зерттеп, зерделеп, шешу жолдарын қарастыруды тапсыратын боламын. Оның барлығы менің бақылауымда болады, - деді Кәрім Мәсімов.
Бұдан кейін Үкімет басшысы «Қазақстанның жылыжай технологиясы» серіктестігінің жұмысымен танысты. Осы күні өңірдің индустрияландыру картасына енген кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Қазіргі кезде мұнда тамшылата суару әдісі бойынша қияр мен қызанақтың түр-түрі өсірілуде. Барлық жұмыс автоматтандырылған, экологиялық жағынан таза өнім өндірілуде.
- Кешеннің аумағы 3,5 гектар. Биыл гектар көлемін ұлғайту жоспарда бар. Алдағы 2017-2018 жылдары жылыжай көлемін 6 гектарға дейін ұлғайтып, құлпынай және қызанақ көлемін арттырамыз. Қазірдің өзінде 2,5 гектар жерге құлпынай өсіруді сынақтан өткізудеміз. Осы күні жылыжайда 100 адам жұмыс істесе, өндіріс көлемі ұлғайтылған кезде 150-160 адамға жетпек, - деп атап өтті кәсіпорын басшысы Александр Грибалев.
Одан әрі Үкімет басшысының сапары Бурабай ауданында жалғасты.
***
Үкімет басшысының бұдан кейінгі сапары Бурабай ауданында жалғасып, Щучинск қаласындағы «Мирас» көпбейінді мектеп-гимназиясында білім саласындағы кейбір өзекті мәселелерге арналған мәжіліс өткізді. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов облыстағы білім саласында атқарылып жатқан жұмыс жайында баяндады. Облыста бүгінгі күні 578 мектеп болса, олардың 401-і шағын жинақты мектептер. Онда 26582 бала немесе барлық оқушылардың 24 пайызы оқиды. Шағын жинақты мектептердің мәселелерін шешуде мектеп-интернаттардың көп көмегі тимек.
Облыста қазіргі күні 1 мектеп-интернат және 14 мектепішілік интернаттар жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың санын көбейтуге, жақын орналасқан ауылдардың балаларын тасымалдау және тамақтандыру мәселесін шешуге арналған ресурс орталықтарын ашуға көңіл бөлінбек.
Қазіргі күні 4,3 мың бала тасымалданады және осы мақсатқа 158 автобус бөлінген. Сөзінің соңында облыс әкімінің орынбасары орындардың тапшылығын жою мақсатында 12 мектеп салу жобасы ұсынылғандығын, осы ұсыныс Үкімет тарапынан қабылданса деген тілегін білдірді.
Қазақстан Республикасы Білім министрі Ерлан Сағадиев еліміздегі білім беру саласында қолға алынып жатқан жаңа істер жайында баяндап, биылғы оқу жылынан басталатын интерактивті сабақтар туралы айтты.
Мұндай сабақтар балалардың білім алу сапасын көтеруге және мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға игі ықпалын тигізбек. Сондай-ақ, электронды күнделіктер мен журналдардың енгізілуі балалардың оқу үлгерімін бақылауға және мұғалімдерді күнде сабақ жоспарларын дайындау сияқты көп уақыт алатын басы артық жұмыстан босатуға игі ықпалын тигізетін болады.
Министр ұқсас пәндерді оқытатын мамандар даярлау жайының да шешімін тапқанын, бұл да өз кезегінде білім беру саласын оңтайландыруға игі әсерін тигізетінін тілге тиек етті. Бұдан кейін облыстың білім саласының өкілдері өз ой-пікірлерімен бөлісті. Еліміздің білім ошақтары таяу болашақта жаңартылған білім беру жүйесіне көшпек. Бүгінгі күні мектеп мұғалімдері осы мәселе жөнінде ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жаңартылған білім беру мазмұнына жаппай көшуге дайындау мақсатында биылғы жылы бастауыш білім беру бағдарламасы бойынша 4514 мұғалімді, оның ішінде 1573 бастауыш сынып мұғалімдерін біліктілікті арттырудың қысқа мерзімдік курстарынан өткізу жоспарланған. Қазіргі күні мұғалімдердің көбі осындай курстардан өтіп, жаңа жағдайда жұмыс істеуге дайындалған.
«Мирас» көпбейінді мектепгимназиясының директоры Ж.Қайриденов мектептің бүгінгі жайы туралы баяндады. 812 бала оқитын мектепте жақын маңдағы ауылдардан келген 126 бала интернатта жатып білім алады. Оларға барлық жағдайлар қарастырылған. Төрт мезгілдік тегін тамақ, демалыс және оқуға дайындық бөлмелері бар. Мектеп жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесіне қосылған. Мәжіліс соңында Үкімет басшысы білім саласындағы қордаланған кейбір түйткілді мәселелерді шешуге назар аударды.
Осыдан кейін Премьер-Министр «Есіл Агро» серіктестігінің егін алқабында болып, биылғы егіннің жайымен танысты. Жаз айларындағы мол жаңбырдың әсерімен егін бітік болып тұр. Ендігі міндет сол астықты уақытында ысырапсыз жинап алу. Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен өткізген мәжілісте Астана аумағынан азық-түлік белдеуін жасау жайына назар аударды. Биыл тұрғындарының саны миллионға жеткен Елорданы азық-түлікпен қамтамасыз етуде астаналық облыстың үлесі мол болмақ. Облыстың аграрлық саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер осы бағыттағы атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндап, назар аударатын кейбір өзекті мәселелер жайында да айтты.
Соның ішінде Елорда рыногында азық-түлік тауарларын сатуда кездесетін кейбір қиындықтар тілге тиек болды. Табиғи сүттен жасалған өнімдер ұнтақ арқылы дайындалатын өніммен бәсекелесе алмайды. Осы орайда, заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігі туындап отыр. Сонымен бірге, өнімдерді сатудың орталықтанған базалық мәліметтерін құру қажеттігі де қазір анық байқалуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден кепілді өнім сатып алуды жолға қойған жөн. Бұл тауар өндірушілердің өз жұмысына сенімін арттырып, өнім көлемін өсіруге игі ықпалын тигізбек.
Бұдан кейін Үкімет Басшысы «Бурабай даму» серіктестігінің табиғат мұражайында болып, мұрағаттармен танысты. Осы арада Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытуға арналған мәжіліс өткізді.
Облыс әкімі Сергей Кулагин осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап, шешімін күткен кейбір өзекті мәселелерге назар аударды. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытудың маңызы зор, дей келе облыс басшысы 2012-2015 жылдар аралығында жекеменшікті қосқанда 58 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынғандығын атап өтті. Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бағдарламасы аясында бюджеттен 22 миллиард теңге қаржы бөлініп, игерілген. Соңғы алты жылдың ішінде 49 демалу және сауықтыру нысандары салынып, пайдалануға берілген. Бүгінгі күні курортты аймақта бір мерзімде 9 мыңдай адамды қабылдай алатын демалыс, сауықтыру орындары бар. Жаз айларында 500 мыңдай, ал жыл ішінде 1 миллионнан астам адам демалады. Курортты аймақтың экологиялық тазалығын сақтау бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.
Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытудың бірінші кезеңіне арнап 11,5 миллиард теңге бөлінсе, соның 10,8 миллиард теңгесі игерілген. Ал, екінші кезеңге 21,1 миллиард теңге қарастырылса, бөлінгені 6,6 миллиард теңге. Қазіргі күні сол қаржының 6,1 миллиарды игерілген.
Облыс басшысы курортты аймақтың өзекті мәселесі туралы да айтып өтті. Соның бірі канализациялық тазартқыш құрылғы жүйесін салу. Қыруар қаржы бөлініп, бірінші және екінші кезеңін жүзеге асырған бұл жоба толыққанды жұмыс істеуі үшін үшінші кезеңін іске қосу қажет, яғни, бұған қажетті коллектор мен канализациялық сорғышты орнату үшін 1054 миллион теңге керек. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде шешіледі. Бурабай кентінің жолдарын қайта жөндеуге республикалық бюджеттен 618,7 миллион теңге бөлінсе, ол қаржының қомақты бөлігі жол салуға қажетті жер телімдерін алуға және ескі үйлерді бұзуға жұмсалған.
Осыған орай, жетпей қалған қаржы алдағы жылдың бюджеті есебінен қарастырылуы қажет. Ол 614 миллион теңгені құрайды. Курортты аймаққа қызмет көрсетіп отырған аудандық аурухана ғимараты ескі. Осыған орай, оны күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 800 миллион теңге керек. Облыс әкімі осы арада жекеменшік-мемлекеттік әріптестік шеңберінде алдағы жылы курортты аймақтан жаңа емхана салыну қолға алынғанын атап өтті.
Үкімет басшысы экология және білім беруге қатысты бірқатар көтерілген мәселелерді құзырлы органдар жедел шешетіндігін, ал қаржы мәселесін шешу жұмыс кеңесінің құзырында болғандықтан, ол алдағы уақытта өз кезегімен шешілетінін атап өтті. Мәжіліске қатысқан жауапты тұлғаларға Үкімет басшысы курортты аймақты дамытуға қатысты қаржыны қажет ететін мәселелердің бәрі жұмыс кеңесінің назарына ұсынылып, тамыз айының ішінде тездетіп шешілуі керектігін тапсырды...".
Газеттің бұл санына көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі де ескерусіз қалған жоқ. «Көлік - экономиканың күретамыры» - Облыстық жолаушы көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасы құрылған кезден бастап жолаушылар тасымалын жүйелендіру бойынша мақсатты жұмыс атқаруда.
Басқарманың негізгі міндеті - халықаралық, облысаралық, қалааралық жəне ауданаралық жолаушылар мен жүкті тасымалдауды ұйымдастыру, қызмет көрсету құқына конкурс өткізу, сондай-ақ, осы бағыттардағы автобустар мен шағын автобустардың жолаушылар тасымалдауына рұқсат құжатын беру. Бұл міндетті орындау аясында басқарма өткен жəне биылғы жылы 7 лицензия берді. Бес конкурс өткізіліп, қорытындысы бойынша 24 келісім-шарт жасалды, 26 куəлік берілді.
Бүгінгі таңда өңірдің 209 бағытында жолаушылар автобуспен тасымалданады. Бұл бағыттарда елуден астам тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Ақмола облысында 532 елді мекен болса, оның 76 пайызы жолаушылар көлігімен қамтылған. Көкшетау қаласынан Степногорск қаласына жəне 14 аудан орталығына автобус қатынайды.
Ақмол, Қорғалжын жəне Егіндікөл ауылдарына Астана қаласы арқылы баруға болады. Көкшетау, Щучинск жəне Степногорск қалаларында автовокзал, Атбасар мен Макинск қалаларында автостанция, Ақкөл, Степняк, Ерейментау қалалары мен Астрахан селосында жолаушыларға қызмет көрсететін пункт жұмыс істейді.
Автомобиль көлігі саласында мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттерінің бірі - автомобильмен жолаушылар тасымалдау рыногының бəсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету болып табылады. Мұнда ұсынылатын көлік қызметінің сапасы мен жолаушылар тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету, техниканы жаңарту, тəжірибелі жүргізуші мен қызмет көрсететін мамандарды тарту үлкен маңызға ие. Жолаушыларды тасымалдау кезінде автокөлікті техникалық тексеруден өткізу жəне жолға шығатын жүргізушіні медициналық қарау қамтамасыз етіледі. Халықаралық бағыттағы техниканы жаңарту жөнінде жұмыс жүргізілуде. Өткен жəне биылғы жылы тасымалдаушылар облыс ішіндегі автобус бағыттарына қызмет көрсету үшін 29 автобус пен шағын автобус сатып алды. Əлеуметтік маңызды бағыттарға қызмет көрсетуге байланысты тасымалдаушылардың шығыны субсидияланады. Əлеуметтік маңызға ие 7 автобус бағыты анықталды. Бұлардың бəрі аудандық бюджет есебінен субсидияланады.
Өткен жылы бағыттарды субсидиялауға 11,7 миллион теңге жұмсалса, биылғы жылы 14,6 миллион теңге жоспарланған. Ұлттық стандарттар талабына сəйкес, автовокзалдар мен автостанцияларды тəртіпке келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Көкшетау мен Щучинск қалаішілік автобус бағыттарында автокөліктің спутниктік мониторинг жүйесі енгізілді. Бұл қоғамдық көлік қызметінің жақсаруына жəне автобустар қозғалысы кестесін сақтауды бақылауға мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда бұл жүйе қалалық автобус бағыттарында қызмет көрсететін көлікті басқаруды жəне үнемі бақылауды қамтамасыз етеді. Кез-келген қала тұрғыны компьютер, смартфон, планшетпен жəне өзге де гаджеттермен бағыттардағы автобустарды қадағалай алады.Ішкі жəне сыртқы сауда қатынасы мен туризм саласын дамытуда əуе қатынасының маңызы зор. Əуе қозғалысын ұйымдастыру барлық қажетті авиациялық инфрақұрылымды құруды, аэродромдық жүйені, əуежайды пайдалануды талап етеді. Көкшетау əуежайы тек қана облыс шеңберінде емес еліміздің барлық аумағында саяси жəне экономикалық маңызға ие. Оның географиялық орналасқан аумағы Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытуға қолайлы.
Бүгінгі таңда əуежайдан аптасына екі рет «Алматы-Көкшетау-Алматы» жəне «Ақтау-Көкшетау-Ақтау» субсидияланған бағыттар бойынша екі рей жасалады. Қазақстан мен Ресейдің өзге қалаларына авиарейстер ұйымдастыру жоспарланған. Чартерлік авиарейстерге қызмет көрсетіледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Көкшетау əуежайынан 435 ұшақ ұшып, 8845 жолаушыға қызмет көрсетілген. 187,4 тонна жүк пен пошта өңделді. Биылғы жартыжылдықта 172 ұшақ ұшып, 2008 жолаушы тасымалданды. 39,5 тонна жүк пен пошта өңделіпті.Жаппай автокөлік сатып алу жəне теміржолды дамыту тұрғындардың жүріп тұруы деңгейін арттырды, тауар рыногындағы айналымды жеделдетті. Жолаушылар жəне жүк тасымалдау рыногындағы бəсекелестікті дамытты. Бүгінгі таңда көлік тасымалдауынсыз еліміздің жүз мыңдаған тұрғындарының күнделікті өмірі мен экономиканың тұрақты жұмыс істеуін елестету мүмкін емес. Сіздердің қол жеткізген табысты көбейтетіндеріңізге, Ақмола өңірінің одан əрі дамуы мен гүлдену жолында құрметті еңбек вахтасын алға қарай алып жүретіндеріңізге сенімдімін. Транспортшылардың алдында тұрған барлық міндеттерді шешуде өз ғұмырының жақсы жылдарын сүйікті мамандығына арнаған жолаушы жəне жүк көлігі ардагерлерінің тəжірибесіне баға жетпейді. Бүгінгі таңда сіздердің істеріңізді жалғастырып жүрген əріптестеріңіз мереке күні жылы лебіздерін айтып, бас иеді. Ерен еңбектеріңіз бен өз істеріңізге берілгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздерге жəне жақындарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын жəне мақсаттарыңызға жетуді тілеймін.
«Жүк пойыздарының қозғалысы жақсаруда» - Ақмола жүк тасымалы бөлімшесі, Солтүстік Қазақстан Ақмола жəне Қостанай облыстары сияқты еліміздің солтүстіктегі ірі аймақтарына транспорттық қызмет көрсетеді. Біздің теміржол Петропавл, Пресногорьковка жəне Қызылту бағыттарында Ресей шекарасымен шектеседі. 1560 шақырымды құрайтын барлық бағыттардың орталығындағы бөлімше географиялық жəне саяси маңызға ие.
Станциялар мен жеке пункттерден басқа теміржол бөлімшесінің шекарасында теміржол транспортына қызмет ететін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының жиырмадан астам филиалы орналасқан. Олардың ішінде үш пайдалану жəне екі локомотив жөндеу депосы, бес вагон жөндеу жəне пайдалану, белгі беруші депосы жəне байланыс дистанциясы, үш қуатпен қамтамасыз ету дистанциясы, бес жол дистанциясы бар.Жүк тасымалының 95,3 пайызы Сороковой - Ақмола - Көкшетау - Новоишимка - Пресногорьковка учаскелерінде электровозбен, 4,7 пайызы Петропавл - Көкшетау - Қызылту учаскелерінде тепловозбен тасымалданады. Өңірдің егістік алқаптарында өскен астықтың жоғары экспорттық əлеуетіне байланысты барлық артылған жүктің жалпы көлемінің 81 пайызын бидай мен ұн құрайды. Астық тасу маусымдық тасымалдың түрі болғандықтан, астықты көп тасымалдамаймыз. Бүгінгі күні биылғы жылдың астығын қабылдауға дайындалудамыз. Астықтың мол шыққан жылдары тəулігіне 500 вагон бидай артатынбыз. Теміржол арқылы көмір, жанар-жағармай тасымалданады.
Мəселен, Петропавл қаласының жылу электр орталығы қыс айларында тəулігіне бірнеше вагон көмір жағады. Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына Ақмола жүк тасымалы бөлімшесі лайықты табыстармен келді деп ауыз толтырып айтуға əбден болады. Мəселен, биыл келісім-шарт жəне коммерциялық жұмыс басқармасының жүйесі автоматтандырылды. Бұған 33 станция мен 152 пайдаланушы қосылды. Сондай-ақ, Атбасар, Ирченко, Колутон, Тастақ, ОП-80, Қазақ жəне Адыр станцияларына электрондық ГУ-46 енгізіліп, автоматтық түрде жұмыс істейтін болды. 2 миллион 199,1 мың тонна астық тасымалданса, оның 1 миллион 525,8 мың тоннасы экспортқа шығарылды. Биылғы екінші жартыжылдықта рейстік модель бойынша жүк пойыздары қозғалысын 80 пайызға жақсартуды жоспарлап отырмыз. Автоматтық жүйені басқарудың екінші кезеңін жүзеге асырамыз. Электрондық ГУ-11 жəне электрондық тасымалдау құжаттарын толтыру жұмыстары жүргізіледі.
Астана-Көкшетау учаскесінде пойыздар қозғалысының кестесін қағазсыз жүргізетін боламыз. Қызылту, Талшық, Дəуіт, Чкалов жəне Октябрь станцияларында электрондық ГУ-46 жүйесін енгізіп, автоматтандыруды жалғастырамыз.Ақмола өңірі бойынша теміржол саласында ондаған мың адам еңбек етеді. Олардың арасында өздерінің еселі еңбегімен көзге түсіп жүрген теміржолшылар аз емес.
Төл мерекемізге орай, ОП-86 станциясының кезекшісі Ораз Ізбасаров «Адал еңбегі үшін» төс белгісіне ие болса, Тайынша станциясының кезекшісі Бағдат Молдағалиев Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, 40-шы станцияның пойыз құрастырушысы Серік Жандағұлов кəсібі бойынша үздік атанды. Ақсуат станциясының басшысы Раиса Проценко Құрмет грамотасына ие болды. Теміржол көлігіндегі мінсіз, адал еңбегі үшін «Қазақстан теміржолы - Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының «Ақмола жүк тасымалы бөлімшесі» филиалының басшысы мен кəсіподақ комитеті төрағасының Құрмет грамотасымен Астана станциясындағы шұғыл басқарушылық бөлімінің I-ші топтағы пойыз диспетчері Болат Мырзаханов, Бурабай курорты станциясының кезекшісі Сергей Дрягин, Көкшетау станциясының жүк жəне багажды қабылдап, тапсырушысы Ермек Ескендіров жəне өзгелері марапатталды.
Жүк тасымалы бөлімшесі өз еңбеккерлеріне əлеуметтік жағынан қолдау көрсетуді дəстүрге айналдырған. Теміржолшылар үшін барлық жағдайды жасауға тырысып келеміз. Əріптестеріміздің балалары жазғы лагерьлерде демалуда.
Өзіміздің əлеуметтік жауапкершілігімізді де ұмытқан емеспіз. Жүк тасымалы бөлімшесінің спортшылары бірқатар спорт түрлерінен шетелдердің теміржолшылар одағына енді. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, əріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын. Оларға зор денсаулық, мол бақыт жəне отбастарының амандығын тілеймін.
Танымал ақын Баяғали Әлімжановтың «Алаштың ақиғығы Марат Нәбиев 60 жаста» мақаласын оқи аласыздар.
«...Марат бір қызық адам! Ой өрісі де, мінезі де, сөзі мен ісі де ерекше! Ол - кəсіпкер, кəсіпкер болғанда да нағыз өндірістің басшысы. Барлық күш-қуатын, ақыл, білімін ел игілігіне аямай жұмсап келе жатқан Алаштың қайраткер, бірегей азаматы. Бір замандасына əзілдеп:
«Сендер бөлесіңдер де аласыңдар, ал біз қосамыз да көбейтеміз!» - деген сөзінде бүгінгі қазақ өмірінің біраз шындығы жатыр. Осындай тауып айтқан сөздері «Мараттың айтқандары» деген атпен бірнеше рет жеке кітап болып басылып шықты.
Оның шаруашылық саласындағы бітірген қыруар жұмыстары бөлек əңгіме! Марат бүгінгі биігіне бір күнде жеткен жоқ. Балалық шағы соғыстан кейін еліміз енді есін жия бастаған, барға қанағат деген уақытқа тура келді. Оқыды, арман қуып, алға ұмтылды. Агроном болып, астық өсірді. Кеңестік жүйемен бірге, шаруашылық та қираған кезде, жұмыссыз қалды. Ақыры, жаңа заманның айдынына батыл құлаш ұрып, қойып кетті. Кəсіпкерліктің ащы терін де, тəтті жемісін де татты. Аяқтан шалғанды да, тасадан тас лақтырғанды да көрді. Қайсар Марат қиындықтардан қайтпай, қайрала түсті. Шындық үшін шайқастарда шыңдалды. Оның қарсыластары да өте үлкен, ірі болды. Марат ауыл арасы, ағайынмен айтысып-тартыспай, атамекеннің байлығын туған жер түлектерінен тартып алып, қарпып асап үйренген жат елдік алпауыттармен қаймықпай алысты. Жеңілсе жасымады, жеңсе асып, тасымады. Адамгершілігіне көлеңке түсірмей, өмір жолында қадамын нық басып келеді. Ал, оның дос-жарандары - бүгінгі қазақ елінің ең айтулы, көрнекті тұлғалары! Жас кезінде В. Пекелистің «Адам, сенің мүмкіндігің...» деген атақты кітабын құмарта оқып, өз мүмкіндігін мейлінше дамытуға ұмтылып, жан-жақты қабілетін жетілдіруден бір жалыққан емес. Дарынды жан көрсе, сүйеу болып, қолынан келген жақсылығын жасап бақты! Шахматшы, əлем чемпионы Дəурен Сəдуақасовты құлын күнінен танып, табиғи талантын жарқыратып ашуына жасаған қамқорлығы аңызға бергісіз. Дəуренді оқытып, жаттықтыру үшін Ресейден атақты гроссмейстер Ювенковты арнайы шақырып, бүкіл қаражатын көтеріп алған ғой. Айта берсек, əдебиет, мəдениет жəне өнер саласында белсене кірісіп кетіп, еңсере көтеріп кеткен жұмыстары қаншама! «Паң Нұрмағамбет киностудиясына» құрылтайшы болғандығын да көзіқарақты қауым жақсы біледі. Тікелей Мараттың қолдауымен, Ақмола, Көкшетау аймағында төрт көркем, алты деректі фильм түсірілді.
Марат Нəбиев қолтығынан демеп, қамқорлық жасап, қаржылай көмектескен талапкерлердің біразы алға басып, азамат атанды. Олардың ішінде айтулы қайраткерге, əр салада елеулі тұлғаға айналғандары да бар. Сенімін ақтамай, алдап кеткендері де жоқ емес. Бір тойда сапқа тізіліп, сөйлеп тұрған бір топ адамға қарап отырып, жақын ағасы Айтбай маған:
- Осылардың көбін адам қылған Марат! - деді.
- Е-е, біздің Марат адам еместерді де
адам қылған ғой! - деп қалдым əзілдеп.
Айтекең күліп жіберіп, басын изеп:
- Дəл айттыңыз-ау! - деп жатыр.
Сарыарқаны қысқан сары аяз саясатты жастайынан сезініп, көріп өскен зерделі жігіт туған тіл мен тарихым деп тебіренді. Жастық арынмен дауыс көтеріп, ашық айқасып, айқайласқан кездері де болды. Партия билігінен таяқты да жеді. Бəрібір бұғып қалмай, мүмкіндігінше əрекет жасады. Ол заңды да! Өйткені, əкесі Əскен алғашқылардың бірі болып Кенесары ханның есімін ардақтау мəселесін батыл көтеріп, немерелеріне Абылай, Кенесары, Наурызбай деп ат қойған қаламгер!
Анасы Парида Паң Нұрмағамбеттің немересі! Əскен ағамыз Сталинградта соғысқан. Басына жарықшақ тиіп, төбесінің төрттен бірін жұлып əкеткен. Содан елге оралады. Жан жары Парида екеуі он төрт баланы өмірге əкеліп, оның он бірі аман-есен ер жетіп, бір-бір үй болып өседі.Əскен аға мен Парида апаны деректі фильмге түсірдік. Жанында əңгімелесіп отырғанда:
Əкел қолыңды деп, менің қолымды ұстап алып, төбесін сипатып көрсетті. Əлгі жарықшақ жұлып кеткен сол жақ төбесінде сүйек түгілі, сүйектің орнына салынған дəнеме жоқ! Құр тері ғана жауып тұр! Əуелде тіпті, шошып кеттім, басына бірдеме тиіп кетсе қайтеді деп! Əскен ағаның қаперіне кіріп-шығар емес, ақырын жымиып күліп қояды.
«Міне, осылай келе жатырмын!» - дейді. «Батырсың, аға, батырсың!» дедім, ризашылықпен. Шынында да солай! Қан майданда мұздай қаруланған əккі жаумен арпалысып, басының жартысын окопта қалдырып, қалған жарты басымен осынша ұрпақ, əулет тəрбиелеп өсірген, өлең-жыр мен қара сөзден тұратын том-том кітаптар жазған, сексен тоғыз жыл ғұмыр кешкен алаштың абыз ақсақалының өмір тарихының өзі аңызға бергісіз!
Ағасы Масғұт соғыста тұтқынға түскен. Соғыс аяқталған соң, совет өкіметі өзінің кешегі жауынгерін он жылға соттап жіберген. Оны да өтеп, аман-есен елге оралып, еңбек еткен. Батагөй ақсақал еді. Немере, шөберелерінің ортасында тоқсан жасқа толғанын тойлады. Ол кісінің бата, тілек сөздерін Марат бірнеше рет жеке кітап етіп шығарды.
«Масғұт ағам тоқсан екі жасында қайтыс болды. Ертерек кетті ғой, əлі де жасауы керек еді!» - деп, өзі де тоқсанға тіреліп тұрған Əскен аға бауырын қимай, ет жүрегі езіліп еске алғанда, не жыларымызды, не күлерімізді білмей қалған да бір қызық сəт болған. Əкесі Нəби жүз жасаған ақынға бұлай айту жарасып та тұр!
Марат бауырым маған: «Аға, біздің əкелеріміз фашистермен басымен соғысқан ғой!» - деп əзілдейді, менің əкем Тақанның да сол соғыста шекесіне жарықшақ тигенін меңзеп. Екеуміз бір күліп аламыз. Күрсінеміз жəне...
Анасы Парида Рақымжанқызы тоқсан жасқа толғанда, барлық əжелерге деген құрметімді білдіріп, өлең жазып едім.
Əже, қандай кеңпейіл,
Əдемісің,
Ежелгінің
Ескірмес сəлемісің,
Əлдилеген
Əуелден мейіріммен,
Əуелеген
Əлемнің əуенісің,
Ер атанып жүрсем де ел алдында,
Сəби болып кетемін əжем үшін!
Əр беріп
Атамыздың айбынына,
Алдырмай
Қапталдасқан қайғы-мұңға,
Қос аққудай жарасып,
Жүзіп өттің,
Мөп-мөлдір
Махаббаттың айдынында.
Байырғының
Ізімен бағалармын,
Əулиедей,
Бағын ойлар балалардың,
Босағасын бекітіп
Боз орданың,
Байрағына
Байланған бабалардың,
Ай əлемді,
Келсе де алты айналып,
Əжеден
Артық атты таба алар кім?
Ежелден
Кие қонған əжімді сөз,
Əже деген
Анасы аналардың!
Қыздар қуып, жетпеген,
Құр қиялды,
Бақыт қой,
Сəби күлген үйдің алды,
Əйел болу аяулы -
Қыз арманы,
Əже болу -
Əйелдің идеалы!
Өзің ғой,
Үзілмес жыр, үлгілі аңыз,
Əжіміңнен
Сəулелі сыр ұғамыз,
Бұлағынан
Сусындап əңгімеңнің,
Шуағынан
Жаныңның жылынамыз,
Шүйкімдей боп,
Сен неткен сүйкімдісің,
Саяңа кеп
Сайғақтай тығыламыз!
Жеп-жеңілсің,
Мамықтай үлпілдеген,
Ізгіліктен жүрегің лүпілдеген,
Тұнық көкте
Қалқыған ұлпа бұлттай,
Елдің бағын
Əжедей кім тілеген?!
Əже, қандай аппақсың,
Ай нұрындай,
Немере мен шөбере
Тай-құлындай,
Шұрқырап,
Үні қандай əжелеген,
Жүрегіңді
Жылытқан жайлы ұғымдай,
Қасиетке
Бөледің төрімізді,
Бір өзің
Бір əулеттің байлығындай,
Аялаған
Айнала дүниені,
Аппақ болып жасай бер,
Ай нұрындай!
Осындай ата-анадан тəлім алған, жан-
жағына жылу беріп тұратын жалынды от
сияқты, ел-жұртына да, туған-туыстарына
да ұйтқы, басшы бола білген Марат бауы-
рымыз, міне, асқар тау ата болып, алпыс
жасқа толып отыр!
Қайраттанса,
Қара дауыл, бұрқасын,
Балуан Шолақ
Елу бір пұт кір тасын,
Бір-ақ ырғап көтергенде,
Базарда,
Қайран қалып,
Керген екен жұрт қасын...
Сол Балуанның айдалада бейіті,
Ескерусіз,
Ұмыт қалса - ұлтқа сын,
Елу бір пұт тас көтерген Балуанға,
Қоя алмаған екі пұттық бір тасын,
Амал қанша, заман болған осындай,
Ұстағандар елде билік тұтқасын,
Басына да бара алмаған Балуанның
Ұлығынан ұлы жұрттың ыққасын,
Санасы бар,
Намысы бар,
Қаны бар,
Елден қалай
Бір азамат шықпасын,
Агрономы
Атқа мінді ауылдың,
Атасының
Ұлылығын ұққасын,
Елу бір пұт боп қалатын жобасы,
Шомбал таспен
Бейіт басын мықтасын,
Атасының
Ардақтаған аруағын,
Қыран Марат,
Даңқың көкке шырқасын!
Қан майданда өмір, өлім қас-қағым,
Отан үшін құрбан етіп жас шағын,
Əскен аға Сталинград түбінде
Төккен жаудың...
Өзінің де жас қанын,
Гранатты
Қағып тастап басымен,
Беріп қайтқан
Төбесінің қақпағын...
Он бір бала
Өсіп, өніп, өркендеп,
Жалғастырған
Ата-баба дастанын!
Толықтырып ел қазақтың санатын,
Жайсам деген дүниеге қанатын,
Өркен жайған Əсекеңнің орманы,
Ортасында өр тұлғалы Маратым!
Арғы атаңыз асып туған жан болған,
Нағашыңыз Нұрмағамбет Паң болған,
Қаршадайдан намыс үшін қарысып,
Көңіліңе Алаш деген əн қонған,
Өсірсем деп туған елдің мерейін,
Өміріңде үлкен арман, мəн болған,
Ақселеулі даламызда толқытып,
Ақ самалмен өсіргенің дəн болған!
Жастай оқып, мүмкіндігін адамның,
Ашамын деп алдында бар ғаламның,
Еркін самғап шексіз ғылым көгіне,
Қиял жетпес қызық іске бара алдың,
Менделеев айтып кеткен жобамен,
Келді, тіпті, көмірден де газ алғың!
Араладың ғаламшардың жер, көгін,
Есептесек, төбе, төбе еңбегің,
Кең даланы дүбірлеттің тұлпардай,
Хан қазына халқымызға бергенің,
Бəйтеректей тамыр жайдың тереңге,
Еге болмақ, ер болмаса, жерге кім?!
Серік еттің Баян сұлу - гүл қызды,
Баяндылық Баян саған білгізді,
От пен судан алып шығып, тайғақта,
Алақанын төсеніш қып жүргізді,
Жан жарыңды сен де ерекше қадірлеп,
Аспандағы алып бердің жұлдызды!
Биігіңе сүйінсін тек ел қарап,
Ақиықтай кең əлемге кер, қанат,
Бақ жұлдызың жоғарыда жарқырап,
Əулетіңмен мың жасай бер, ер Марат!..».